Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Атырау: Пайғамбарлар падишасы – Әз Мұхаммед

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз қызметі 11.12.2019 3372 0 пікір
Атырау: Пайғамбарлар падишасы – Әз Мұхаммед

Осындай тақырыппен Атырауда Мәуліт кеші өтті. Қаладағы Халық шығармашылығы орталығы ғимаратында өткен рухани кеште ине шаншар орын болмады.

Кеш шымылдығын ашқан Атырау облысының бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы алдымен жұртшылықты мерекемен құттықтады.

«Мәуліт – Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірге келген айы. Бұл айда мұсылман баласы  Пайғамбарымызды дәріптеп, салауат айтып, оның өмір жолынан үлгі алуға ұмтылуы керек. Отанды сүю, үлкенге құрмет, кішіге ізет сияқты мәселелердің бәрінде бізге Пайғамбарымыздың өмірі үлгі болады» деді Алтынбек Ұтысханұлы.

Ерекше атап өтерлігі, бұл күні термеші Жәкен Омаровтың орындауында қазақша Мәуліт жыры айтылды. Рухани кеш барысында «Өнер қырандары» театры мен елімізге танымал әншілер өнер көрсетті.

Сондай-ақ Мәуліт кеші аясында жастар арасындағы кітап оқу сайысында білімімен топ жарған Асланбек Құлниязовқа Умраға жолдама берілді. Ең негізгісі – мұқтаж отбасыға пәтер кілті тапсырылды. Төрт баланы бір өзі тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана Ұлпагүл Қалибековаға баспана кілтін бас имам өзі табыстады.

«Төрт баламен жалғыз қалған уақытта қатты қиналдым. Алайда ауыртпалықтарға қарамастан, балаларымды бар күшімді салып бағып келемін. Менің қиын жағдайыма тұтас елдің назарын аударған орталық «Иманғали» мешітіне, жалпы жамағатқа алғысым шексіз. Мен сияқты мұқтаж жандар осылайша баспаналы бола берсе екен» деген тілегін жеткізді Ұлпагүл Қалибекова.

Мұқтаж анаға құтты қоныс тілеген Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы қайырымдылық әр кез бірінші кезектегі іс болатынын айтты. Және ізгілік жолында біріккен жамағатқа алғыс айтты.

Айта кетсек, Рамазан айының құрметіне ҚМДБ-ның «Ел үлесі – пәтерге» жобасы іске қосылған болатын. Бұл жоба аясында еліміз бойынша 160-тан астам отбасы баспаналы болды.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру