Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дүниеге келген айықұрметіне орай аймақтағы барлық мешіттерде түрлі шаралар ұйымдастырылып, кештер өткізілген болатын. Сондай шаралардың бірі – Н.Бекежанов атындағы облыстық драма театрда өткен «Адамзаттың ардақтысы – Мұхаммед» тақырыбындағы рухани кеші.
Кеште ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша бас имамы Б.Абуов, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Т.Маханов, депутат Қ.Ерназаров және де бірқатар сыйлы азаматтар мен қала тұрғындары қатысты.
Шара қасиетті Құран Кәрім аятын оқумен ашылғаннан кейін, қалалық «әл-Уәли» мешітінің бас имамы Батырбек Убаев әсерлі уағыз айтып, Хақ елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өнегелі өмірін еске түсіріп, тарихтан сыр шертті.
Одан кейін Н.Бекежанов атындағы облыстық драма театры әсерлі қойылымымен жан тебірентіп, айтыс ақындары тартысты айтысымен мерекелік күйге бөледі. Сондай-ақ «Нұр» мешітінің бас имамы М.Үркімбаев пен қари Ш.Садуовтың және мешіт шәкірттерінің орындауында Мәуліт жыры оқылып, пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауаттар жолданды.
Сонымен қатар, шарада «Тұран» триосы діни әуендерден шашу шашса, күмбірлеген домбыраның қоңыр үніне кезек беріліп, Ү.Айжігітұлы, Ж.Талғатұлы, А.Рахметов сынды термешілер терме орындады. Шара соңында бас имам Болатбек Ұласқанұлы мен облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Талғат Толыбайұлы құттықтау сөз сөйлеп, салтанатты шараларға кезек берді.
Кеш барысында ҚМДБ «Зекет» қорының «Ел үлесі пәтерге» республикалық жобасы аясындағы 160-пәтердің кілті Жалағаш ауданының тұрғынына табысталды. Сонымен қатар, 2020 жылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына 30 жыл толуына орай, бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлының «30 жылдықта 30 баспана» акциясы аясында мешіт имамдарының ішінде 30 жас отбасыны баспанамен қамтамасыз ету тапсырмасына сәйкес, қалалық «Мубарак» мешітінің бас имамы Н.Махамбетов баспаналы болды. Бұдан кейін, бірқатар азаматтар алғыс хатпен марапатталды.









ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
Қызылорда облысы өкілдігінің баспасөз қызметі
11.12.2019
3558
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру