Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Тараз: Қыз-келіншектер арасында Құран жарысы өтті

«Һибатулла Тарази» мешітінің баспасөз қызметі http://asyldin.kz/ 02.12.2019 5138 0 пікір
Тараз: Қыз-келіншектер арасында Құран жарысы өтті

Қасиетті Мәуліт айының құрметіне Тараз шаһарындағы көне «Әулие ата» мешітінде алғаш рет Құранның 30 аяттық «Мүлк» сүресінен қыздар арасында жарыс өтсе, араға аз уақыт салып қалалық «Әбу Бәкр ас-Сыддық» мешітінде тағы да қыз-келіншектер арасында «Тура жол мен рақым болған Құран» атты Құран жарысы өтті.

Жарыстың мақсаты – шәкірттерді және мешіт жамағатын Құранды дұрыс оқуға шақыру, білім ізденуге ынталандыру, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірі арқылы мейірімділікке, сыйластыққа, мұсылмандыққа тән қасиеттерді қалыптастыру.

Осындай тәрбиесі және сауабы мол іс шараның өтуіне ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы Қанат Жұмағұл төрағалық жасап, 4 номинация бойынша өтіп жатқан сайысқа қатысушы қыз-келіншектерге және жамағатқа Құран Кәрімді тәжуидпен оқи білудің сауабы жөнінде әсерлі уағыз айтты. «Әбу Бәкр ас-Сыддық» мешітінің бас имамы Бағзат Ақжолов жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, жарыс ережелерімен таныстырып өтті.

Әділ қазылар алқасының құрамында ҚМДБ-ның Жамбыл облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Қанат Жұмағұл, «Кеңесхан қажы» мешітінің бас имамы Ғазиз Ахметов, «Хамрақұл» мешітінің имамы Арипжан Ахметов, қарилар курсының ұстазы Әлимұхамбет Егізбаев, «Һибатулла Тарази» мешітінің ұстазы Гүлжан Алдасаева, «Кеңесхан» мешітінің ұстазы Жібек Қалақұлова әділ баға берді.

Сайыс шарттарын сақтай отырып, Алланың сөзі қасиетті Құран кәрім аяттарын жүзінен қарап оқуға 17,  мәнерлеп оқуға 38, жарты парадан 17 және 1 парадан жатқа оқудан 15 үміткер бақ сынасты. Үміткерлер әділқазылар оқыған аятты жалғастырып әкетіп, мүдірмей, қатесіз, мәнерлеп, мақаммен, тәжуидпен оқуы тиіс. Сонымен қатар, Құран оқушының дауысы да бағаға алынды.

Жарыс соңында әділ қазылар алқасының төрағасы Қанат Жұмағұл: «Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Балаларыңызды үш түрлі қасиетке баулыңдар: Пайғамбарларыңды сүюге, оның әулетін құрмет тұтуға және Құран оқуға. Шын мәнінде Құранды жаттағандар ешқандай көлеңке болмайтын Қиямет күнінде Алланың Аршысының көлеңкесінде тұрады» десе, Абай атамыз: «Алланың Өзі де рас, сөзі де рас. Рас сөз ешуақытта жалған болмас» деген еді. Қаншама ғасыр өтсе де бірде бір әрпі өзгермеген қасиетті кітап Құран Кәрім көңілдегі дертке шипа, адасқанға тура жол көрсетуші болып адамзаттың игілігі үшін қызмет етіп келеді. Алла Тағала қасиетті Құранды кітап күйінде ғана емес осындай қариларымыз арқылы сақтап отырады. Сондықтан, Құран жарысын ұйымдастыру да Алла жолындағы мәртебелі қызмет» дей келе әділқазылардың әділ шешімімен таныстырып өтті.

Жарысқа қатысып, үздік шыққандарға әділқазы мүшелері ақшалай сыйлықтар, алғыс хаттар мен сертификаттар табыс етті.

Жүзінен оқу бойынша:

1-орын – Айша Құмбай (45 000 теңге)

2-орын – Әсия Елеусінова (30000 теңге)

3-орын – Салтанат Ербаева (20 000 теңге)

Мәнерлеп оқу бойынша:

1-орын – Меруерт Асанова (75 000 теңге) 

2-орын – Рисалат Мусаева (60 000 теңге)

3-орын – Алмагүл Дәуренбекова (50 000 теңге)

Жарты пара бойынша:

1-орын – Гауһар Асанова (100 000 теңге)

2-орын – Сунейна Усырова (75 000 теңге)

3-орын – Динара Қалдыбекова (50 000 теңге)

Бір пара бойынша:

1-орын – Зайнаб Сингатулина (150 000 теңге)

2-орын – Аяжан Сейтқұл (125 000 теңге)

3-орын – Мәдина Бейсеналы (100 000 теңге)

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру