Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ақтөбе имамдары жылды қорытындылады

Ақтөбе облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі 27.11.2019 4028 0 пікір
Ақтөбе имамдары жылды қорытындылады

Ақтөбе облысының имамдары мешіт қызметі бойынша биылғы жылы атқарған жұмыстарын саралап, қорытындылады. Жылдық есеп беру жиналысын көшпелі етіп өткізу үрдісіне сай, биылғы қортынды жиналыс Алға ауданының Бестамақ елдімекеніндегі ел қорғаған «Есет Батыр Көкіұлының» мемориалдық кешенінде өтті. Оған «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамдары мен қызметкерлері, қалалық және аудандық мешіттердің бас имамдары, дін саласының қызметкерлері қатысты.

Алқалы жиынды өңірдің Бас имамы Төлеби Дәділұлы ашып жүргізді. Алғада бас қосқан дін қызметкерлері ҚМДБ-ның тапсырмаларына сәйкес, негізгі 4 бағыт бойынша: уағыз-насихат, оқу-ағарту, теріс ағыммен жұмыс, қайырымдылық шараларына қатысты жыл бойы жүргізген жұмыстарын егжей-тегжейлі баяндады. Сондай-ақ, «Ислам және жастар» жылы аясында өткізілген шаралар, әйел-қыздар секторының жұмысы, діни оқу орындарына шәкірт даярлау, мешіт құжаттарын рәсімдеу, діни рәсімдердің орындалу барысын қадағалау, шаруашылық шаралары сынды мәселелер бойынша да есептері тыңдалды.

Ақтөбе қаласы, Шалқар, Темір, Мұғалжар аудандарындағы жүргізілген нәтижелі жұмыстарға өкілдік тарапынан оң баға берілді. Ойыл, Қобда аудандарында бұрын-соңды болмаған заман талаптарына сай жылы дәретханалар салынса, Қарғалы, Әйтеке би аудандарында мешіт кілемі жаңартылған. Алға аудандық мешітінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар Хромтау ауданында салынып жатқан асхана жұмысы біршама аяқталуға жақын қалса, Шалқар ауданы құрбан айт мерекесін тұңғыш рет алаңда ат шаптырып, аударыспақ ойнатып, мерекені халықтық деңгейде атап өтуге тырысқан. Байғанин ауданының жамағаты сырқат баланың еміне 1 миллион теңгеден астам қаражат жинап берген. «Ел үлесі пәтерге» акциясына атсалысқан мешіттер бойынша – Темір ауданы мен Қандағаш және Ембі қалалары үздік деп танылды. Діни басқарма тапсырмасының аясында Ақтөбе қаласынан 1 қайырымдылық жеке мекемесі ашылып, екеуінің құрылысы басталды. Сондай-ақ, Шалқар ауданынан да 1 қайырымдылық мекемесі салынуда.

Ақтөбе мешіттері атқарған жылдық жұмысын қорытындылап айтар болсақ, облыс бойынша 2 434 адамға 12 тонна 373 келі құрбандық еті таратылды. «Мектепке жол» акциясы аясында 3 726 520 теңгеге 532 балаға оқу құралдары мен сөмкелер сыйланды. 1752 адамға қаржылай 13 589 260 теңге көлемінде көмек көрсетілді. 1404 отбасыға 26 тонна 866 келі азық-түлігі таратылды. «Ел үлесі пәтерге» акциясы аясында 8 миллион теңгеге Темір, Шалқар, Мұғалжар аудандарынан 5 пәтер мұқтаж отбасыларға әперілді. Облыста жаңадан 2 мешіт пайдалануға беріліп, мешіт саны 69-ға толықты. Демеушілердің көмегімен 2 имамға жеке автокөлік сыйланып, шалғайдағы 4 имам қызметтік баспанамен (баспана муфтияттың балансына рәсімделді) қамтамасыз етілді.

Биылғы жаңа оқу жылында еліміздегі діни оқу орындарына 50 ақтөбелік түсті. Олардың ішінде – «Нұр Мүбәрак» университетіне 19 студент, медресе-колледждерге 27 студент және қарилар дайындау орталықтарына 4 шәкірт  қабылданды. Жиын соңында Бас имам облыста 4 бағыт бойынша белсенділік танытқан имамдар бас мүфти атына алғыс хатқа ұсынылатындығын жеткізді.

Шара соңында ақтөбелік имамдар Есет батыр бабамыздың басына арнайы барып, құран бағыштады. Сондай-ақ, имамдар Алға ауданындағы мәдениет үйінде аудан әкімі Мамырғали Аққағазовтың қатысуымен өткен «Рухани құндылықтар – қоғам бірлігінің негізі» атты аудандық семинарға қатысты.

WhatsApp Image 2019 11 26 at 11.30.112

WhatsApp Image 2019 11 26 at 11.30.1115

WhatsApp Image 2019 11 26 at 11.30.1120

WhatsApp Image 2019 11 26 at 11.30.1113

WhatsApp Image 2019 11 26 at 11.39.36

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру