Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ақтөбе: Ұстаздар «Жеті рухани қазықты» насихаттады

Ақтөбе облыстық орталық «Нұр-Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі 13.11.2019 2748 0 пікір
Ақтөбе: Ұстаздар «Жеті рухани қазықты» насихаттады

Ақтөбе облыстық орталық «Нұр-Ғасыр» мешітінің «Руханият» залында әйелдер діни сауат ашу курсы ұстаздарының ұйымдастыруымен «Рухани құндылықтар – қоғам бірлігінің негізі» тақырыбында тағылымды басқосу өтті.

ІІІ республикалық имамдар форумында қабылданған «Жеті рухани қазық» Қазақстан мұсылмандарының рухани тұғырнамасын түсіндіру мақсатында өткен жиынға әйелдер жамағаты, әжелер мен аналар, ару қыздар қатысты.

Жиынды ұйымдастырған ұстаз Кенжегүл Қошқарова жиналған жамағатты Мәуліт мерекесімен құттықтап, жеті рухани қазыққа негізделген рухани тұғырнаманы таныстырып өтті.

Бұдан кейін тұғырнаманың басты қазығы – «Имандылық» тақырыбын қозғаған ұстаз Ақнұр Төлениязова, адам бойындағы бұл қасиет арлы, инабатты, қайырымды, ізетті, ықыласты, кеңпейіл, ізгі болумен айқындалатынын баса айтты. «Отаншылдыққа» негізделген тұғырнама қазығын түсіндірген ұстаз Кенжегүл Қошқарова, рухты, намысшыл, жігерлі, қайратты, табанды, қамқор адамның әрдайым ұлтын қалтқысыз сүйе білетінін тілге тиек етті. Ал «Білімділік» ұстынын алға тартқан ұстаз Гүлмайра Тұрлыбекова, бұл бағыттың ізденімпаз, ыждағатты, зерделі, жасампаз, дарынды, зияткер, кәсіби белгілерімен сипатталатынын еске салды. Бұдан кейін тұғырнамадағы «Ауызбіршілік», «Мәдениеттілік», «Әділдік» құндылықтары жөнінде ұстаздар Айнұр Мырзабаева мен Айдана Разақ егжей-тегжейлі баяндады.

Өз кезегінде «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз хатшысы Гүлсамал Төрединқызы «Жеті рухани қазық» рухани тұғырнамасының Қазақстан мұсылмандарының өміріндегі мән-маңызын атап өтіп, тәлімдік құжаттың «Еңбекқорлық» ұстынына тоқталды. Сонымен бірге ару-аналарды ақпарат айдынына жаңа қосылған «Мұнара» газетімен таныстырды. ҚМДБ тарапынан шыққан төл басылымды қолдап, «Мұнара» газеті мен «Иман» журналына жазылуға үндеді.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру