Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ақтөбе: «Бақытжан» мешітіндегі мәуліт мерекесі

nurgasyr.kz 11.11.2019 450 0 пікір
Ақтөбе: «Бақытжан» мешітіндегі мәуліт мерекесі

Кеше«Жаңа қоныс» ауылында «Бақытжан» мешітінің имамы Асылхан Темірхановтың ұйымдастыруымен «Қош келдің, Мәуліт!» мерекесі кеңінен атап өтілді. «Үйсін» мейрамханасында жайылған ақ дастархан басында Ақтөбе облысының бас имамы Төлеби Оспан бастаған дін қызметкерлері, имамдар, қажылар, ауылдың қадірменді қариялары, «Бақытжан» мешітінің жамағаты бас қосты.

Мәуліт Құран оқумен басталды. Одан кейін өңірдің бас имамы Төлеби Дәділұлы жиналған қауымды мерекемен құттықтап, қасиетті айдың маңызы мен Пайғамбарға салауат жолдаудың мәнісі хақында уағыз айтты. Сонымен бірге Ақтөбе қаласы, Астана ауданы әкімінің орынбасары Сейітмағамбет Қуандықұлы көпшілікке мерекелік лебізін білдірді. Мерекені өңірге танымал асаба Ерлан Отарбай жүргізді. Алла Елшісіне салауаттар айтылып, ән мен күйден шашу шашылды. «Ясин» тобының мүшелері: Айнагүл, Меруерт есімді әжелер шариғаттан тағылымды сөз қозғады. Ойылдық термеші Ермұхамбет Махметов «Адамзаттың асыл тәжі» деген Мәуліт жырын домбыраның сүйемелдеуімен қазақша айтты. Манас Көшербаевтың орындауындағы Көшербай Оразымбетовтың «Қонақ болсаңдар, дұрыс қонақ болыңдар» термесін жұртшылық жылы қабылдады. 

Сондай-ақ, «Бақытжан» мешітінің тыныс-тіршілігінен «Асыл арна» әзірлеген деректі телевизиялық хабар көрсетілді.  Бұдан кейін ауыл имамы құрметті қонақтарына шексіз алғысын айтып, шынайы ризалығын жеткізді.

Мерекелік дастарханның соңында қадірменді еңбек ардагері Қуандық Қабденов бата берді. Ауыл имамы мешіт жамағаты атынан батагөй қарияның иығына шапан жауып, құрмет көрсетті. Қонақтардың бәріне Мәуліт мерекесінен естелік сыйлықтар табысталды.


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұсылман діни күнтізбесі