Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

«Нұр Ғасыр»: Жыр мүшәйрасы Мәулітке арналды

nurgasyr.kz 10.11.2019 3106 0 пікір
«Нұр Ғасыр»: Жыр мүшәйрасы Мәулітке арналды

Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде Мәуліт мерекесінің құрметіне Ару-аналар арасында «Адамзаттың асыл тәжі» атты иләһи Жыр мүшәйрасы өтті. Өңірдегі Бас мешіттің діни сауат ашу курсы ұстаздарының ұйымдастыруымен өткен өнер сайысына 15 үміткер қатысып, «өнерге әркімнің де бар таласы» демекші, өзара қалам қарымы мен дарын қабілетін сынасты.

Гүлмайра Тұрлыбекова, Кенжегүл Қошқарова, Ақнұр Төлениязова, Айнұр Мырзабаева сынды мешіт ұстаздарының үкілеп, бәйгеге қосқан шәкірттері Пайғамбарымызға арналған өлеңдерімен бірге, елімізге танымал басқа да ақындардың діни туындыларын оқыды. Пайғамбарға арнау, Аллаға мадақ және еркін дін тақырыбындағы үш айналымнан құралған мүшәйраға әділқазылар алқасының төрайымы Гүлсамал Төрединқызы, Бақыт Жансүгірова, Гүлзиа Есімғожиева қазылық етті. 

 «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» демекші, өздерінің әсерлі жыр жолдарымен көрермен қауымды елең еткізіп, ыстық ықыласына бөленген жүйріктер сайыс мәресінде үміткерлер арасынан топ жарып шықты. Әділқазылар алқасының шешімі бойынша І- орынға өрнекті өлеңімен, әдемі мәнерімен жыр жолдарын жүректерге жеткізе білген үміткер Назерке Есениязова лайық деп танылды. ІІ және ІІІ орындар Нұржамал Жәңгірова мен Мәдина Таңбаеваға бұйырды. Мүшәйра жеңімпаздарына Ақтөбе облысының Бас имамы Төлеби қажы Оспанның «Алғыс хаттары» мен 20 000, 10 000, 5 000 теңге көлемінде ақша сертификаттары табысталды. 

Сонымен бірге Анар Қойшығұлова мен Аида Аслановаға ынталандыру сыйлықтарымен қатар, «Алғыс хаттары» берілді. Сондай-ақ, барлық қатысушыларға және мүшәйраның ең жас үміткерлері – мектеп оқушылары Фатима Жақсылық пен Бибіажар Қайназароваға естелік сыйлықтар ұсынылды. 

Әділқазылар алқасы үміткерлердің өнері мен шеберлігін бағалаумен бірге, алдағы уақытта Жыр мүшәйрасына қатысушыларды көбірек қамтып, облыстық деңгейде өткізу турасында ұсыныс білдірді. Осылайша, Ақтөбе облысының Бас мешітінде Мәуліт мерекесінің құрметіне «Адамзаттың асыл тәжі» деген тақырыппен Ару-аналар арасында ұйымдастырылған Жыр мүшәйрасы керемет жоғары деңгейде өтті. Ең бастысы: өнер додасына қатысқан үміткерлер шеберліктерін шыңдап, қарым-қабілетін танытуға мүмкіндік алды. Көрермендер де көкірек көзін ашатын сырлы да нұрлы өлең-жырлармен сусындап, әдемі әсерге бөленді.


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру