Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ақтөбеде мешіт ашылды

nurgasyr.kz 04.11.2019 3337 0 пікір
Ақтөбеде мешіт ашылды

Жуырда Мұғалжар ауданының орталығы – Қандыағаш қаласының «Достық» мөлтек ауданында жаңа мешіт бой көтерді. «Қадірәлі ата» мешітінің салтанатты түрде ашылу рәсімінде Ақтөбе облысының Бас имамы Төлеби Оспан құттықтау сөз сөйлеп, жаңа мешіттің лентасын қиды. Осылайша, мұнайлы ауданның орталығында – еңселі 2-ші, ал Ақтөбе өңірінде 69-шы мешіт ашылды.

Алланың ризалығы үшін бұл ғибадатхананы жергілікті кәсіпкер, аудандық мәслихаттың депутаты Бақытжан Қадралин өз қаражаты есебінен 3 айда толықтай салып бітірді. Мешітке халықтың өтініші бойынша Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының шешімімен «Қадірәлі ата» атауы берілді. Аталмыш мешіт ҚМДБ-ның филиалы болып табылады. 

Қуанышты оқиғамен аудан жұртшылығын құттықтаған Төлеби Оспан халыққа Бас мүфтидің ыстық ықыласы мен лебізін жеткізді. Сонымен бірге осы мешітті салып, елге сыйлаған жеке кәсіпкер Бақытжан Дүйсенұлына сауапты ісі үшін Бас мүфтидің атынан «Алғыс хаты» мен арнайы сыйлығын табыстады. 

«Пайғамбарымыз (ﷺ) бір хадисінде: «Кімде-кім Алланың разылығын қалап, (жерде) мешіт тұрғызса, Алла Тағала оған жәннатта сондай үй тұрғызады»,- деп сүйіншілеген. Ауданның мұсылман жамағатының мерейін үстем етіп, мешіт салғаныңыз үшін және оны діни басқарма балансына бергеніңіз үшін Сізге шынайы алғысымды білдіремін. Жаратқан Иеміз игі амалыңызға зор сауаптан жазып, Сіздің отбасыңызға жәннаттан зәулім сарай нәсіп етсін деп тілеймін! Алла деніңізге – саулық, отбасыңызға – амандық, қызметіңізге – толағай табыс, асыл дініміз Исламға – күш-қуат, елімізге береке-бірлік бергей! Алла Тағала игі істеріңізге жар болсын!»,- деді облыстың Бас имамы. 

Салтанатты шарада Қандыағаш қаласының әкімі Талғат Өтемұратов жиналған көпшілікке құттықтау лебізін білдірді. Мұғалжар аудандық орталық «Нұртай» мешітінің Бас имамы Әсемхан Ерғазин әруақтарға бағыштап, құран оқыды. Елдің қадірменді қариясы Ұлықпан Жанесов бата берді. Жаңа мешіт – 850 адамдық. Салтанатты ашылу рәсімінен кейін басталған Жұма намазында ғибадатхана ішін жергілікті тұрғындар лық толтырды. Өңірдің бас имамы Төлеби қажы Оспан қасиетті асатаяқты қолына алып, жаңа мешіттің алғашқы жұма намазын жүргізді. 


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру