Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ақтөбе: «Теңбіл доп» додасында – жамағат

Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі 29.10.2019 3554 0 пікір

27 қазанда Хромтау аудандық «Нұр» мешіті мен «Жастар ресурсы және жастар арасындағы дін мәселелері, қоғаммен байланыс орталығы» біріге отырып, «Бірлігі жарасқан жамағат» деген атпен аудан әкімінің кубогы үшін шағын футболдан турнир ұйымдастырды. Аудандық «Нұр» мешітінің бас имамы Алмат Әлидің мұрындық болуымен өткен турнирге Ақтөбе қаласынан 1 команда қатысса, қалған 8 команда хромтаулық жамағаттан құралды. 

Маңдайын бес уақыт сәждеге тигізген намазхандар арасындағы «теңбіл доп» додасында «Арзан хром» командасы жеңіске жетті. Ал жүлделі екінші орын «Жас-Нұр» командасына бұйырса, үшінші орын намазхан кеншілерден құралған «ERG» командасының еншісіне тиді. Жеңімпаз командаларға ақшалай сыйлықтар берілді.

Бұдан бөлек, үлгілі ойын өрнегін көрсете білген ойыншылар «Үздік қақпашы», «Үздік шабуылшы» және «Үздік қорғаушы» аталымдары бойынша марапатталды.

Командаларды марапаттауға қатысқан аудан әкімі Нағымжан Алдияров қоғамдағы діни алауыздықтан аулақ болып, жамағатты үнемі осындай өнегелі істердің басынан табылуға шақырды. Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Сұңғат Сәметов те жастық шақты мәнді де пайдалы іс-амалға арнау тұрғысындағы салмақты ой-пікірін жеткізді.

Турнир соңында «Нұр» мешітінің қабырғасында кең дастархан жайылып, жергілікті жамағат аудан басшысына өңірдің дамуына қатысты көкейдегі сауалдарын қойып, жүзбе-жүз жауабын алу мүмкіндігіне ие болды.


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру