Өткен аптаның соңында облыс орталығында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақ батыры, даңқты қолбасшы Жалаңтөс баһадүр Сейітқұлұлының елге қадірлі есімін ұлықтауға арналған «Ұлы даланың Ұлы есімдері: Жалаңтөс Баһадүр және түркі дүниесі» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп, Батыр ескерткіші ашылды. Тарихи-танымдық іс-шаралар 25 қазанда, қасиетті жұмада, орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде басталып, Ақтөбе облысының Бас имамы Төлеби қажы Оспан баба рухына құран бағыштады.
26 қазанда Ақтөбе қаласындағы автовокзал алаңында Жалаңтөс баһадүрге арналған ескерткіштің салтанатты ашылуына облыс әкімі Оңдасын Оразалин қатысты. Сонымен бірге тарихи оқиғаға Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Ресей Федерациясының белгілі ғалымдары және еліміздің танымал тарихшылары мен зиялы қауым өкілдері, даңқты қолбасшының ұрпақтары арнайы шақырылды. Құрметті қонақтардың қатарында ғалым Б.Кәрібаев, ҚР Қорғаныс министрлігі Бас штаб бастығының орынбасары, батырдың ұрпағы генерал-майор Т.Мұхамеджан, танымал ақын С.Нұржанов, ҚР Мәжіліс депутаты Б.Смағұл болды.
Бұдан кейін С.Бәйішев университетінің қабырғасында «Ұлы даланың Ұлы есімдері: Жалаңтөс баһадүр және түркі дүниесі» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Ұйымдастырушылар: «Жалаңтөс Баһадүр Сейітқұлұлы» қайырымдылық қоры және С.Бәйішев университеті. ХVI-ХVII ғасырларда өмір сүріп, Самарқан қаласына әмірлік жүргізген Қазақ батырына арналған алқалы жиында атақты әскербасы өмірінен тың тарихи деректер жария етілді.
Тарихи-танымдық іс-шара одан әрі «Өнер орталығында» ұйымдастырылған республикалық ақындар айтысымен жалғасып, өнер иелерінің қатысуымен концерт берілді.
Қастерлі есімі ұрпақ жадында қайта жаңғырып, Туған елімен қауышқан Жалаңтөс баһадүрдің тарихтан алған лайықты бағасын Әлемге паш еткен Батыр бабамыздың ескерткіші баршамызға құтты болып, рухы қолдасын!











ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
Гүлсамал Төрединқызы, Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз хатшысы
29.10.2019
4706
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру