Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Жамағатқа дін саласындағы өзекті мәселелер түсіндірілді

kazislam.kz 24.09.2019 3229 0 пікір
Жамағатқа дін саласындағы өзекті мәселелер түсіндірілді

Қызылорда облысы Қазалы, Арал аудандарында іссапармен жүрген РАТТ мүшесі,  «Kazislam» порталының редакторы Тұрар Әбуов жергілікті мешіт жамағатына еліміздегі діни ахуалдың жай-күйі, елдің бірлігі және дін атын жамылған ағымдардың қоғамға қауіптілігі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Кеше Қазалы ауданында «Қожаназар ишан», «Әли-Мұса» мешіттерінің жамағатымен кездескен кейін, дінтанушы Тұрар Түгелұлы Қазалы ауданының мешіт имамдарына дәріс оқыды.

Имамдарға мемлекеттің дін саласындағы саясатын,  елдегі конфессияарлық келісімді сақтау, мемлекеттің зайырлылық ұстанымын кеңінен сөз етті. Сонымен қатар сол күні  Тұрар Түгелұлы Арал аудандық орталық мешітінің жамағатымен құптан намазының алдында кездесу өткізіп, жиналғандарға радикализмнің алдын алу, жастардың бойында деструктивті діни ағымдарға қарсы иммунитетті қалыптастыру, жамағат бірлігі мен мұсылманның көркем мінезі туралы айтылды.

«Діни санасы дұрыс қалыптасқан тұлға – отанды сүюді, өмір сүріп отырған ортаңды қастерлеуді, мемлекет заңдарын ұстануды, үлкенді құрметтеуді, кішіге ізетті болуды біледі. Тіпті мұндай тұлға ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген кемел азамат болары да сөзсіз. Бүгінде кейбір азаматтарымыз деструктивті көзқарастарын өзгелерге тықпалап, келіспеген жағдайда кінәлап, айыпты санайды. Бұл оның діни санасының дұрыс қалыптаспағанын білдіреді. Егер адамның діни санасы дұрыс қалыптасса – онда ол өзге адамдардың да діни сеніміне құрметпен қарайды және олардың еркіндігін бағалай да біледі» – дейді Тұрар Түгелұлы.

Айта кетейік, «Kazislam» порталының редакторы, РАТТ мүшесі Т.Әбуов Қызылорда облысы Дін мәселелерін зерттеу орталығының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы негізінде алдағы күндері Сексеуіл және Жақсықылыш кентіндегі мешіттің жамағатымен кездесу өткізеді. Сондай-ақ, Арал кентінде, Қармақшы ауданында өтетін конференция жұмысына қатысады деп жоспарланған.


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру