Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

БҚО: Жаңақалада өткен діни семинар

Жаңақала аудандық мешітінің баспасөз қызметі 16.09.2019 3268 0 пікір

Жаңақала аудандық мешітінің бас имамы Ерік Қонақбайұлының  ұйымдастыруымен, аудандық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен   Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Жаңақала аудандық мешітіне қарасты ауыл имамдарының біліктілігін арттыру мақсатында діни семинар өтті.

Бұл діни семинар ауданымызда тұңғыш рет өткізіліп отыр. Ауыл имамдарының бас қосуына Батыс Қазақстан облысы, орталық мешітінің наиб имамы Ерденбек Жанұзақұлы арнайы келді. Аудандық ішкі саясат бөлімінің бастығы Ақан Болатұлы сөз алып, мұндай игілікті шараны өткізудегі мақсатты айтып өтті.

Ал, исламтанушы, Дінтану ғылымдарының магистрі, аудандық мешіттің бас имамы Ерік Сұлтанов болса аудан көлеміндегі атқарылған істерге тоқталып, діни білім арттыру жөнінде алдағы уақытта да бұндай кездесулер мен басқосулар өткізіліп тұратындығын тілге тиек етті.

Ерденбек Жанұзақұлы жаназа, азан шақырып ат қою, неке қию тағы сол сияқты түрлі діни шаралардың атқарудағы қызметтің тәртібін жан-жақты түсіндірді. Семинардың басты мақсаты да сол діни рәсімдердің атқарылуында кездесетін қарама-қайшылықтарды ретке келтіріп, жаназа мен жерлеудің исламдағы бірыңғай үкімдерін жеткізуді, қайтыс болған адамды ақтық сапарға аттандыру рәсімін бірізділікке түсіруді көздейді. Семинар Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен жарық көріп, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы Ғұламалар кеңесінің талқылауынан өткен "Жаназа және жерлеу рәсімдері" кітабы негізінде жүргізілді. Діни жоралғыларды әртүрлі жасаудан сақтануға бағытталған семинар  барысында «Жан тәсілім еткеннен кейінгі шаралар», «Мәйітті жуындыру мен кебіндеу», «Жаназаға қатысты үкімдер», «Жаназадағы дастархандағы сырыпшылдыққа жол бермеу» секілді тақырыптар қозғалды. Семинарға келген ауылдық округтердің және мешіт жамағаты білікті имамнан өздерін мазалаған сұрақтардың жауабын алды.
- Құрметті жамағат және ауыл имамдары. Өздеріңіз білесіздер өмір бар жерде өлім бар. Шынында, өлім хақ және ол әрбір жаратылған жандының соңы болып табылады. Алла Тағала Құран Кәрімде бұл жайлы: «Өзекті жанда өлмейтін пенде жоқ. Сендердің игіліктеріңнің бодауы қиямет күнінде толық қайтарылады. Тозақтың беті әрі болып, ұжмаққа кірсеңдер – мұраттарыңа жеткендерің. Дүние деген – опасыз тіршіліктің алдамшы қызығы», – дейді. («Әли Имран» сүресі, 185-аят).
Саналы ғұмырында әрбір ақыл-есі дұрыс адам ажал жетпей тұрып Алла Тағалаға құлшылық етіп, өзіне жүктелген парыздарды орындау тиіс. Ата-бабамыз ұстанған Ислам дінінде Әбу Ханифа мәзһабы бойынша жаназа шығару мен жерлеу рәсімдері қазіргі кезде шариғатқа сай өтпей жатады. Сондықтан осы семинарда бас қосып отырмыз. Олқылықтардың алдын алу мақсатында білгенімізді айтып, сіздермен де тәжірибе алмасу үшін келдім, - деді наиб имам Ерденбек Ихсанов.  Кімде-кім Алланың дініне шын ықыласпен қызмет етсе, оны дүниеден тарықтырмайды деген бар есті сөз бар. «Дінді ұстана алсаң қасиетің, ұстана алмасаң қасіретің» деген даналық сөз қалдырған екен бұрыңғы өткен ата-бабаларымыз.  Семинар соңында ауыл имамдарының барлығына арнайы сертификат табысталды.

Ержан Төлепұлы, Көпжасар ауылдық округінің имамы:
-Бұл шараға арнайы келген имамға оны ұйымдастырған Ерік Сұлтанов бауырымызға Алла разы болсын дегім келеді. Осындай кездесулер мен басқосулардан тәжірибе алатынымыз рас. Көкейде жүрген сұрақтарымызды да қойып, тұшымды жауаптар алдық. Діни жоралғыларды жасау кезінде көптеген олқылықтарды байқаймыз, білімімізді шыңдасақ ауылдағы азаматтарға да кейбір істе жаңсақ кетіп жатқандығын ескерте аламыз. Осындай семинарлардың берері мол.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру