11 қыркүйекте елорда төрінен республикалық ақпараттық-насихат тобының мүшесі, «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Дінмұхаммед Смановтың Ақтөбе қаласына «Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы аясында арнайы іс-сапармен келгенін хабарлаған едік. Сауд Арабияда білім алған астаналық қонақ облыстағы қадамын Ақтөбе қалалық орталық мешітінен бастап, бесін намазынан кейін жергілікті жамағатқа «Дін және зайырлы қоғам» тақырыбында тағылымды уағыз айтты.
Ал ақшам намазынан кейін Д.Сманов «Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешітінде болып, ғибадатхана жамағатымен кездесті. Оның «Діни тұрақтылық – болашақ кепілі» тақырыбындағы мазмұн-мағыналы уағызын 100-ден астам адам тыңдады. Алладан кешірім сұрау, жаратқаннан жарылқау тілеу, яғни, Истиғфар, тәубе, тақуалық хақындағы пікірі де көпке ой салды. Ал мешіттің «Діни сұрақтарға жауап беру алаңында» жергілікті жамағат елордалық қонаққа көкейтесті сауалдарын қойды.
Бейсенбіде РАНТ мүшесі С.Бәйішев атындағы және Ақтөбе қалалық медициналық колледждерінде болып, студенттер аудиториясында «Дін саласындағы мемлекеттік саясатты» тілге тиек етті.
Сондай-ақ, бесін намазынан кейін – «Досжан Хазрет» мешітінде «Дәстүрлі дін – мәдениеттің алтын діңгегі, рухани тәрбиенің көзі» тақырыбында уағыз айтып, құптан намазынан кейін – «Бақытжан» мешітінде жергілікті жамағатпен жүздесті.
Жұма күні РАНТ мүшесі Ақтөбе қалалық орталық мешітінде «Ысырапшылдық – Алла сүймейтін іс» тақырыбында жұма уағызын жүргізді. Жұма намазына жиналған 2 500 адам «Алла Тағаланың кең мейірім, рақымымен құлына сыйлаған сансыз нығметін жөнімен қолданып, ысырапшылдыққа жол бермеу – адамзатқа жүктелген міндет» деген арнадағы өзекті уағызды сілтідей ұйып тыңдады.
Ал жұма намазынан кейін қалалық мешіт жамағатымен өткізген «сұрақ-жауабына» 500-дей адам қатысты.
Асыр намазынан кейін «Нұрдәулет» мешітінде РАНТ мүшесінің «Дін саласындағы мемлекеттік саясат» жөнінде ой тербеген мазмұнды уағызын 100 адам тыңдады.
«Құнан» жеке орта мектебіндегі «Жастар арасында діни сауаттылық пен толеранттылық сананы қалыптастыруға» арналған уағызында 40 адам қамтылды. Сондай-ақ, 40 бала оқитын ер балалар пансионатындағы оқушылармен және ұстаздармен кездесу барысында тақырыпты өрбітіп, елдің тыныштығы мен білім алудың маңыздылығына тоқталды.
РАНТ мүшесі Дінмұхаммед Смановтың өзекті де көкейге қонымды уағыздары ақтөбеліктердің көңілінен шығып, жұртшылық елордалық имамға шынайы ризалығын білдірді.














ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
«Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешітінің баспасөз қызметі
15.09.2019
3132
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру