Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ақтөбе: «Ел үлесі пәтерге» жобасымен 126-баспана берілді

Гүлсамал Төрединқызы, «Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешітінің баспасөз хатшысы 13.09.2019 4254 0 пікір
Ақтөбе: «Ел үлесі пәтерге» жобасымен 126-баспана берілді

Кеше, бейсенбіде, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен қолға алынған республикалық «Ел үлесі пәтерге» акциясының аясында Ақтөбе облысында 5-ші пәтер берілді. Өңірдегі өкіл имам Төлеби қажы Оспан Темір ауданына арнайы барып, «Шұбарқұдық кәсіпшілігі» мешітінің Бас имамы Нұрлыбек Сабырғалиевке үйдің кілтін табыстады. Бұл - ел көлемінде берілген 126-баспана болғанын ерекше атап өтпекпіз.

Қуанышты шараға қатысқан Темір ауданының Бас имамы Мадияр Пірімқұлов пен жергілікті қариялар ауыл имамын жаңа қонысымен құттықтап, ақ тілектерін жаудырды.

Нұрлыбек Мұсағалиұлы облыстағы жас болғанымен, игілікті істерімен көзге түсіп жүрген өнегелі имамдардың бірі. Әсіресе, оның адамгершілік, имандылық пен ислам құндылықтары хақында ой тербеген мақалалары баспасөз бетінде жиі жарияланып, өз оқырмандарын жақсылыққа тәрбиелеп келеді.

Ал биылғы жазда «Шұбарқұдық кәсіпшілігі» мешітін жөндеуден өткізіп, аумағын қоршатып, ғибадатхананың жаңартылуына көп еңбек сіңірді.

Сонымен бірге өкіл имам ауыл мешітінде болып, шағын ғибадатхананың тыныс-тіршілігімен танысты. Төлеби Дәділұлы жас әріптесіне ағалық ақыл-кеңесін айтып, дін саласындағы жауапты қызметінде сәттілік пен биік белестер тіледі.

Жаңа қоныста жайылған ақ дастархан басында қонақтар мен қадірменді қариялар Нұрлыбек Мұсағалиұлына ізгі тілектерін арнап, бата берді.

Қоныс құтты болсын! Игілікті іске атсалысып, жақсы үрдістің жалғасуына үлес қосқан жомарт азаматтарға Алланың нұры жаусын!

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру