Тамыз айының ортасында Ақтөбе өңірінің бір топ жамағаты Елорда бағытында жол жүріп келді. Ақтөбе қалалық әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылған іс-сапар барысында, «Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешітінің найб имамы Нұрлыбек Күзенбаев бастаған жиырма шақты жерлесіміз Қарағанды облысы арқылы Нұр-Сұлтан қаласына дейін жол жүріп, Атамекеніміздің тарихи жерлерінде болып, Бас мүфти Серікбай қажы Оразбен жүздесті.
Көмірлі аймақта ақтөбеліктер «Қарағанды еңбекпен түзету лагеріне» экскурсия жасап, өлкенің өткенімен танысты. ХХ ғасырдың 30-шы жылдары жаппай саяси қуғын-сүргін кезеңінде ұйымдастырылған жүздеген лагерьдің бірі «Қарлаг» – Қарағанды қаласынан 50 шақырым жерде орналасқан. Ал «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын есте сақтау» мұражайы 2004 жылы ашылған.
Сонымен қатар ақтөбеліктер Елорда іргесіндегі сталиндік қуғын-сүргін құрбандарына арналған «Алжир» мұражай-кешенінде болды. «Отанын сатқандардың әйелдеріне арналған Ақмола лагері» 1938 жылы пайда болған. Кезінде «Алжирге» күйеулері мен туыстары «халық жауы» атанған 8 мыңдай әйел қамалған. Өткен тарихтың шерлі шежіресі жерлестерімізге бейбіт заманның бағасын ұқтырып, «өткенге – салауат, болашаққа – ғибрат» болғаны анық.
Нұр-Сұлтан қаласында ақтөбелік жамағат ҚМДБ орталық аппаратының ғимаратында болып, Бас Мүфти Серікбай қажы Оразбен жүздесті. Сонымен қатар кездесуге ҚМДБ төрағасының Бірінші орынбасары Наурызбай қажы Тағанұлы, мүфтият қызметкерлері қатысты. Басқосуда Серікбай Сатыбалдыұлы діни сенім туралы заң талаптары мен міндеттері, бір мәзһабты ұстанудың хикметі, діни алауыздықтың зардабы, мүфтияттың діни ұстанымы туралы әңгімелеп берді. Сонымен бірге қажылық, зекет, халал стандарттау мәселелері және жалпы мұсылман жамағатының ынтымағы, отбасы құндылығы, елдегі тыныштық турасында айтылды. Ақтөбеліктер де сауалдарын қойып, ой-пікірлерін ортаға салды. Басқосу соңында Бас мүфти ҚМДБ-ның «Отбасым» сериясымен шығарған кітаптарын сыйға берді.
Кездесуден кейін ақтөбелік жамағатқа «Әзірет Сұлтан» мешітінде ас берілді. Сондай-ақ, «Әлжан ана» мешіті мен медресесін зиярат етті.
Жол-сапарда «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Н.Күзенбаев діни уағыз бен танымдық насихат жұмыстарын жүргізді. Түрлі көзқарастағы ақтөбеліктердің толғандырып жүрген сұрақтарына тұшымды жауап қайтарды.











ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
«Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешітінің баспасөз қызметі
28.08.2019
2702
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру