«Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы аясында «Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешітінде «Бауырыңа өмір сыйла!» атты донорлық акциясы өткізілді.
Қасиетті Құранда: «Бір адамды құтқарған, күллі адамзатты құтқарғанмен тең...» деп жазылғандай, өңірдегі Бас мешіттің ұжымы күллі жамағатты күнілгері жұмадағы донорлық акцияға белсенді түрде қатысуға шақырған-тын. Өйткені, әлемде қан құюға жыл сайын миллиардтаған адам мұқтаж болады екен. Күрделi операция кезінде, химиотерапиядан өтетін онкологиялық ауруларға, күйiкке шалдыққандар мен жарақат алғандарға қан құйылады. Жалпы, «өмiрде Жер шарындағы әрбiр үшiншi тұрғын бiр рет донорлық қанды қажетсiнедi», - дейді статистика. Сондықтан қоғамда қан құйылуын күтіп жатқан науқастардың өмірін сақтап қалу үшін, адамның өз қанын сырқатқа ерікті түрде беруі – адамгершіліктің бір белгісі әрі сауапқа саналатын ізгі қадам екендігі сөзсіз.
Мешітте өткен акцияны Ақтөбе облыстық қан орталығының қызметкерлері жүргізді. Орталықтың жоғары білікті дәрігерлері мен мамандары Ә.Мағзұмов, Л.Елмұратова, Л.Шамарова, Н.Кемалова және Г.Қарағұлова сынды мамандар қан тапсыруға келген халыққа кәсіби тұрғыда қызмет көрсетті.
Акцияға мешіт жамағатымен қатар мешіт ұжымы да белсенді түрде қатысты. Сондай-ақ, Ақтөбе облысы дін істері басқармасының Басшысы Әлімбек Тұралиев те донорлар қатарынан табылды.
Қан тапсырғаны үшін орталық әр адамға 631 теңгеден берді. Бір қызығы, донорлар сол қаражатты мешітке садақа ретінде тастап кетіп жатты. Демек, қан тапсырып қайырымдылық жасаумен қатар мешітке садақа да жасады. «Бір оқпен екі қоянды ату» деген осы болса керек.
Естеріңізге сала кетейік, облыстық мешіттен бастау алған донорлық акция қаланың басқа да мешіттерінде алдағы жұма күндері жалғасын табатын болады.







ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
Гүлсамал Аймаханова, «Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешітінің баспасөз хатшысы
24.08.2019
4088
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру