Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ақтөбе өкілдігі: 544 баланы мектепке дайындады

«Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешітінің баспасөз қызметі  23.08.2019 2885 0 пікір
Ақтөбе өкілдігі: 544 баланы мектепке дайындады

ҚМДБ тапсырмасына сай, «Мектепке жол» республикалық акциясы Ақтөбе өңірінде де жалғасын тапты. Елді имандылыққа үндейтін ғибадатхана ұжымдары өскелең жас ұрпақтың білімді де тәрбиелі болып ержетуіне мүмкіндігінше атсалысып, игілікті іс-шараларға мұрындық болуда. Жаңа оқу жылы қарсаңында облыстағы барлық мешіттер аталмыш науқанға өз үлестерін қосып, жақсылықта жарысуда.

Құрбан айт күні бастау алған қайырымдылық шеруі «Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешітінде «Мектепке жол» республикалық акциясымен жалғасты. Бұл шараға облыс әкімі О.Оразалин мен ҚМДБ найб мүфтиі Б.Есмахан қатысып, бүлдіршіндерге жаңа оқу жылында сәттілік тіледі. Мешіт алаңында әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы отбасылардан 100 балаға оқу құрал-жабдықтары салынған мектеп сөмкелері және әрқайсысына 5000 теңгеден қаржылай табыс етілді. Бұл шараға «Нұр Ғасыр» мешіті демеушілердің көмегімен 1 200 000 теңге көлемінде қаржы жұмсады.

ҚМДБ-ның Ақтөбе облысы бойынша өкіл имамы Төлеби қажы Оспанның айтуынша, бұл акцияға өңір мешіттері жыл сайын белсенді түрде атсалысып келеді. 

«Ислам – қиналғанды қолдауға, мұқтажды демеуге, адамдарды ауызбіршілік пен мейірімділікке шақыратын дін. Сондықтан қоғамдағы көпбалалы отбасылар мектепке дайындық барысында тапшылық сезінбеуі тиіс. Мүфтияттың тапсырмасына сәйкес, ақтөбелік дін қызметкерлері биыл да «Мектепке жол» акциясына айрықша қолдау білдіріп отыр. Науқанды ұйымшылдықпен қолға алып, балаларға қуаныш сыйлаған мешіт ұжымдары мен жамағатына шексіз ризамыз», - дейді Төлеби Дәділұлы. 

Жалпы, Ақтөбе облысы бойынша «Мектепке жол» акциясы аясында барлығы 544 балаға – 3 726 520 теңге көлемінде қаражат жұмсалып, мектепке дайындады. Соның ішінде қалалық мешіттердің қосқан үлесіне тоқталар болсақ: Ақтөбе қалалық орталық мешіті – 102 балаға (600 000 тг), «Нұрдәулет» мешіті – 35 балаға (350 000 тг), «Сүлеймен ата» мешіті – 60 балаға (140 000 тг), «Қабақ баба» мешіті – 11 балаға (110 000 тг), «Досжан хазрет» мешіті – 10 балаға (58 700 тг), «Бақытжан» мешіті – 15 балаға (56 820 тг), «Әл Ләтиф» мешіті – 6 балаға (30 000 тг), «Әс сәлам» мешіті – 5 балаға (30 000 тг) көмек көрсетті.

Қала мешіттерінен бөлек, қайырымдылық шарасынан аудандық және ауылдық мешіттер де қалыс қалмады. Айталық, Хромтауда – 45 балаға (440 000 тг), Мұғалжарда – 34 балаға (151 000 тг), Темірде – 30 балаға (120 000 тг), Алғада – 15 балаға (100 000 тг), Ырғызда – 10 балаға (100 000 тг), Шалқарда – 24 балаға (60 000 тг), Мәртөкте – 13 балаға (50 000 тг), Ойылда – 6 балаға (60 000 тг), Қарғалыда – 4 балаға (60 000 тг), Қобдада – 4 балаға (40 000 тг), Байғанинде – 10 балаға (35 000 тг), Әйтеке би ауданында – 5 балаға (25 000 тг) мектеп құралдары әперілді.

Аталмыш шараға атсалысқан барша мешіт жамағаты мен демеушілерге шынайы алғыс білдіреміз. Алла Тағала кәсіптеріңізге береке берсін деп тілейміз. Елге жасайтын жақсылықтарыңыз көп болғай!

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру