Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

АҚТӨБЕ: ХРОМТАУДА ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ТУРНИРІ ӨТТІ

«Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешітінің баспасөз қызметі 20.08.2019 2851 0 пікір
АҚТӨБЕ: ХРОМТАУДА ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ТУРНИРІ ӨТТІ

«Кеше Хромтау қаласында шағын футболдан қайырымдылық турнирі өтті» деп хабарлайды жергілікті баспасөз қызметі.

Аудандық «Нұр» мешітінің Бас имамы Алмат Әли Абдуррахман Жасұланұлы есімді баланың ауыр жағдайына алаңдаушылық танытып, шағын футболдан сырқат сәбиді қолдауға арналған қайырымдылық турнирінің өткізілуіне мұрындық болды.

Қайырымдылық турниріне 8 команда қатысып, футбол жанкүйерлеріне тартысты ойын сыйлады. Жарыста жеңімпаз атанған командаларға «Нұр» мешітінің атынан кубок пен «Алғыс хаттар» берілді.

8 командадағы 16 ойыншының әрқайсысы мың теңгеден жарна төлеп, теңбіл доп ойыншыларынан жиналған барлығы 128 000 теңге көлеміндегі қаражат Абдуррахманның отбасына табыс етілді.

Сәл шегініс жасасақ, 2017 жылдың тамызында 2 жасар Абдуррахманға дәрігерлер «бел аумағының альвеолярлы рабдомиосаркомы», яғни, «белдегі ұсақ тіндердің ісігі» деген диагноз қояды. Өмір үшін күрестегі екі жыл уақыт ішінде кішкентай ғана балақай химиятерапияның 20 сеансын қабылдап, 3 рет ота жасатады. Соңғы ота сәтсіз аяқталып, дәрігерлер сол аяқтың нервін жоюға «мәжбүр» болады. Осыдан соң Абдуррахман мүгедектер арбасына таңылады.

Ата-анасының айтуынша, бүлдіршінге қажет ота тек Германия, Түркия және Корея елдерінде ғана жасалады. Баланың өмірін аман алып қалу үшін кореялық дәрігерлер келісімін берді. Алайда, тек медициналық тексерістен өткізу үшін 4 млн теңге керек болса, отаның құны 18 млн теңгені құрайды. Аталған сома 1 қыркүйекке дейін жиналуы тиіс.

«Бала – біздің болашағымыз» және «сәбидің бәрі бақытты болуы үшін жаралған» емес пе? 4 жасар хромтаулық Абдуррахман Жасұланұлының өміріне араша түсейік, ағайын! Балапанға көмектескісі келетін мейірімді жандар аудандық «Нұр» мешітіне хабарласып, бөбектің ата-анасымен байланысуына болады.

Хромтау аудандық «Нұр» мешітінің Бас имамының телефоны:

8 771 168 9070.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру