Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Павлодар мешіттері балаларға оқу құралдарын сыйлады

www.muftyat.kz 20.08.2019 3054 0 пікір
Павлодар мешіттері балаларға оқу құралдарын сыйлады

Павлодар қаласындағы мешіттер республикалық «Мектепке жол» акциясы аясында 220 балаға оқу құралдарын сыйлады, деп хабарлайды Мәшһүр Жүсіп Орталық мешітінің баспасөз қызметі.

Қалам-қарындаш, дәптер мен өзге де құрал-жабдықтар салынған арнайы сөмкелер әлеуметтік тұрғыдан аз қамтамасыз етілген отбасылардың балаларына табыс етілді. 

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Павлодар облысындағы өкіл имамы Жолдас қажы Қоспақұлының айтуынша, республикалық акцияға Павлодар мешіттері жыл сайын белсенді түрде атсалысып келеді. 

«Мұндай акциялар мешіт жамағатының ауызбіршілігін арттырады. Ислам діні қиналғанға қолдау білдіріп, көмек көрсетуге, игі істерге бірлесіп, жұмыла кірісуге шақырады. Биыл да Павлодар қаласындағы және облыс орталығына қарасты ауыл мешіттерінің ұжымы мен жамағаты «Мектепке жол» акциясына ерекше атсалысты. Әркім қал-қадірінше үлес қосты. Нәтижесінде 860 мың теңге жиналды. Жиналған қаржыға оқу құралдары салынған 220 сөмке сатып алып, бүлдіршіндерге қуаныш сыйладық. Шараға бір адамдай атсалысқан мешіттердің ұжымдары мен жамағатына ризашылығымызды білдіреміз», – деді Жолдас қажы Қоспақұлы. 

Өкіл имамның сөзінше, «Мектепке жол» акциясына облыс орталығынан бөлек, Екібастұз бен Ақсу қалаларының, облысқа қарасты аудандардың мешіттері мен жамағаты да барынша атсалысуда. 

Жұлдыз Мұхаметжанова – Павлодар ауданына қарасты Мичурин ауылының тұрғыны, 8 бала тәрбиелеп отырған көпбалалы ана. Мәшһүр Жүсіп Орталық мешітінде ұйымдастырылған «Мектепке жол» акциясына алты баласымен арнайы келіп, өздеріне тиесілі оқу құралдарына ие болды. 

«Көпбалалы отбасы болғандықтан, балаларды оқуға дайындар кезде шамалы қиналып қалатынымыз рас. Өйткені, сегіз бала тәрбиелеп отырмыз. Оның біреуі – студент, бесеуі – мектеп жасында. Биыл бір қызым алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды. Мәшһүр Жүсіп мешітінің мұрындық болуымен өткізілген «Мектепке жол» акциясына қатысып, бес балама оқу құралдарын алдық. Дән ризамыз. Жалпы, мешіттер біз секілді көпбалалы отбасыларға мейлінше көмектесіп тұрады. Осы орайда, өте дұрыс бағытты ұстанып, жер-жердегі мешіттерді ұйыстырып отырған Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасына да алғыс айтқым келеді», – дейді Жұлдыз Мұхаметжанова.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру