Бүгінгі Жұмада ҚМДБ-ның Ақтөбе облысы бойынша өкіл имамы, «Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешітінің Бас имамы Төлеби қажы Оспан Мұғалжар ауданына арнайы жұмыс сапарымен барды. Өкіл имам аудандық «Нұртай» мешітінің Бас имамы қызметін атқарған Ерболат Жүсіповтың Нұр-Сұлтан қаласындағы республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітіне найб имам болып ауысуына байланысты, бұған дейін наиб имам қызметін атқарған Әсемхан Ерғазинді Бас имам ретінде уақытша тағайындады.
Мұнайлы өңірге арнайы барған өкіл имам жұма намазын жүргізіп, тағылымды уағыз айтты. Сонымен бірге Мұғалжар ауданының Бас имамы Ерболат Нұрылдаұлының жаңа қызметке ауысуына байланысты, алғыс хатпен марапаттап, қазақи дәстүрге сай иығына шапан жапты.
Мұғалжарлық жамағат Бас имамның еңбегін жоғары бағалап, ыстық ықыласы мен сый-құрметінің белгісі ретінде Ерболат Нұрылдаұлына су жаңа «Тойота королла» автокөлігін мінгізді.
Бұдан кейін өкіл имам мешіт ақсақалдарымен және ондық мүшелерімен жолығып, ғибадатхананың тыныс-тіршілігін талқылады.
Сондай-ақ, жұмадан кейін аудан әкімінің орынбасары Бекболат Құлмағамбетовтың төрағалығымен өткен жиында Төлеби қажы Оспан жергілікті активпен кездесті. Жиын барысында аудан әкімдігі тарапынан Ерболат Нұрылдаұлына құрмет көрсетіліп, аудан әкімінің атынан алғыс хат берілді.
Өз кезегінде өкіл имам аудан тұрғындарымен тығыз қарым-қатынас жасай отырып, дін мен дәстүрге дәнекерлік қызмет атқарған Ерболат Нұрылдаұлының іскерлік пен ұйымдастырушылық қабілеті, жергілікті жамағатпен тіл табыса білуі жоғары болғандығын атап өтті.
Сонымен қатар Төлеби Оспан аудан жұртшылығына «Нұртай» мешітінің Бас имамы қызметіне жаңадан тағайындалған Әсемхан Ерғазинді таныстырды. Өңірдегі діни тұрақтылықты сақтау, жамағат арасында дәстүрлі дін бағытын насихаттау жолындағы ой-пікірін ортаға салды.
Естеріңізге сала кетейік, Е.Жүсіпов Мұғалжар ауданының 2017 жылғы – «Жыл адамы», РАНТ мүшесі, магистр және 3 баланың әкесі.
Елордаға көш түзеген Ерболат Нұрылдаұлына біз де ақтөбелік жамағат атынан «көш – көлікті болсын!» дейміз. Ақ жол!














ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
«Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешітінің баспасөз қызметі
19.08.2019
3906
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру