Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ақтөбе: Медресе ұжымы айт мерекесін ерекше атап өтті

nurgasyr.kz 14.08.2019 3179 0 пікір
Ақтөбе: Медресе ұжымы айт мерекесін ерекше атап өтті

«Алға қаласында бастау алған Құрбан айт мерекесінің екінші күні аудан әкімдігі, Ақтөбе медресе колледжінің ұжымы және Бесқоспа ауылы тұрғындарының атсалысуымен Бесқоспа ауылында жалғасты», - деп хабарлайды Alga Aydany Akimdigi.

Аудан әкімі Мамырғали Аққағазов, Ақтөбе облыстық «Нұр-Ғасыр» мешітінің Бас имамы Төлеби Оспан мен Ақтөбе медресе колледжінің директоры Әбдумүтәліп Дәуренбеков ауыл тұрғындарын күллі мұсылманның ұлық мерекесі – Құрбан айтпен құттықтап, игі тілектерін білдірді.

«Құрметті алғалықтар, қадірлі жерлестер! Бұл мереке – Қазақстан халқының ұлттық бірегейлігін, игі құндылықтарын, сан ғасырлық мәдени және тарихи мұраларын сақтап, рухани жаңғыруымызға ықпал етеді.

Қасиетті Құрбан айт жүрегімізге қуаныш ұялатып, рухани тазалығымыздың себепшісі болсын. Еліміз – аман, жұртымыз – тыныш, бірлігіміз – бекем, бауырымыз – бүтін болсын! Алла тағала баршамыздың айттан-айтқа аман-сау жетуімізге жазсын! Мереке құтты болсын!», - деді аудан әкімі.

Бұл күні Алға, Бестамақ, Бесқоспа, Бірлік ауылдарының жұрты бірлесіп, таңертеңгіліктен 6 киіз үй тігіп, қазан көтерді. 

Кең далада өткен спорттық сайыстарға: 100 м қашықтыққа жүгіру, веложарыс, арқан тарту, күрес сынды ұлттық жарыстарға барлығы 80-ге жуық адам қатысты. Жанкүйерлер де жарысқа қатысушыларды қызу қолдап, ерекше белсенділік танытты.

Әсіресе, көрермендерді ерекше қызықтырғаны – «Қой көтеру» сайысы. 65 келі салмақ тартатын қойды 45 рет көтерген 59 жастағы ембілік азамат жарыс шартымен сол қойды иеленді.

Құрбан айтқа орай, Құранның 30-парасын жатқа оқудан жарыс өтіп, жүлделі орын иегерлеріне бағалы сыйлықтар берілді.

Ұлық мерекенің көркін кіргізген 7 шабандоз қатысқан аламан бәйге болды. Қомақты жүлде қоры: 1-ші орынға – 300 мың теңге, 2-ші орын – 200 мың теңге, 3-ші орын – 100 мың теңге, 4-ші орын – 50 мың теңге және 5-ші орын – 30 мың теңге құрады.

«Жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» шыққан жүйріктерді марапаттап, бағалы сыйлықтар берілді.

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру