Таңғы сағат жетіде Маңғыстау облыстық орталық мешітінде таңмен таласа айт намазы оқылды.
Айт намазын оқуға келген халықтың көптігінен мешітте ине шаншар жер болмай, мешіт ауласында намаз оқыған халықтың қарасы көп болды. Құрбан айт мерекесімен арнайы құттықтауға келген облыс әкімінің орынбасары Жұмашев Қаныбек Бекболатұлы: «Баршаңызды ұлық мереке – Құрбан айт мейрамымен шын жүректен құттықтаймын! Шалып жатқан құрбандықтарыңыз қабыл болып, айттан айтқа аман-есен жетуді Алла Тағала нәсіп етсін, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын»,- деп ыстық лебізін білдірді. Осыдан соң Маңғыстау облысының өкіл имамы Смайыл Сейтбеков құрбан шалудың үкімі, айт намазының қадір- қасиеті турасында уағыз айтып, жамағатты намазға ұйытып, хұтпа оқыды.
Құрбан шалуға ниет еткен жамағат мешіт ауласындағы арнайы мал соятын орында құрбандықтарын шалып, жоқ жітікке құрбан етін таратып жатты.
Айтулы мереке жылдағы үрдіске сай ұлттық ойындарымызбен жалғасын тауып, жамағат арасында арқан тартыстан, гір тасын көтеруден, қазақша күрестен, асық атудан жарыстар ұйымдастырылып, жеңімпаздарға сыйлықтар үлестірілді.
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
Маңғыстау облыстық орталық мешітінің баспасөз қызметі
12.08.2019
3046
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру