Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

«30 күнге – 30 сауап»: Ақтөбелік имамдар жақсылықта жарысуға шақырады

nurgasyr.kz 03.05.2019 2996 0 пікір
«30 күнге – 30 сауап»: Ақтөбелік имамдар жақсылықта жарысуға шақырады

Кеше Ақтөбе облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің ұйымдастыруымен баспасөз мәслихаты болып өтті. Оған облыс орталығындағы БАҚ өкілдері, атап айтқанда, облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің, «Қазақстан-Ақтөбе» және «РИКА» телеарналарының, сондай-ақ, басқа да бірқатар жергілікті басылымдардың тілшілері қатысты.

ҚМДБ-ның Ақтөбе облысы бойынша өкіл имамы, орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің Бас имамы Төлеби Оспан алдағы қасиетті Рамазан айына байланысты кең көлемді түсіндіріп  өтті.

«Адамдар үшін тура жолды түсіндіріп, ақ пен қараны, ақиқат пен жалғанды айырушы, жаман қылықтан сақтандырушы Құран түсірілген қасиетті Рамазан айы да келіп жетті. Бұл қасиетті айда күллі мұсылман үмметі Алла Тағала алдындағы парызы саналған Рамазан оразасын ұстайды. Ия, Ораза айында барша мұсылмандар Алла Тағаланың шапағат, рахымына бірінен-бірі артық бөлену үшін қолдарынан келгенше мүбәрак айды тиімді өткізуге, қасиетті айда дұға-тілектерінің қабыл болуы үшін мүмкіндігінше қайырлы істерді көбейтіп, жүрегі, тілі және іс-әрекетін де құлшылыққа арнауға тырысады»,- деді өкіл имам.


Ақтөбе қаласы бойынша алғашқы күннің сәресі уақыты: таңғы сағат 03:44. Осы уақытқа, яғни, таң намазына 10 минут қалғанға дейін сәресін ішіп болу керек. Ал, алғашқы күнгі ауызашар уақыты Ақтөбе қаласы бойынша: 20:43Пітір садақа мөлшері – ҚМДБ-ның төралқа жиналысында Қазақстан бойынша 300 теңгеболып бекітілді. 

Жақында ҚМДБ-ның Төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз Рамазанға орай жолдаған Үндеуінде жалпы халықты жарылқаушы айда жақсылық жасауға, яғни, әр түрлі бағыттағықайырымдылық іс-шараларға белсене қатысуға шақырды. Үндеудің маңыздылығы: Рамазан айының қадір-қасиетін арттырып, мұсылмандарға ораза айы кіргендігін шынайы сезіндіру болып табылады. Осыған орай, өкіл имам Т. Оспан Ақтөбе жұртшылығын Үндеуге белсенді түрде үн қосуға шақырды.

«Нұр-Ғасыр» облыстық орталық мешіті қасиетті Рамазан айын жоғары деңгейде атап өту мақсатында бірқатар іс-шаралар жоспарын әзірлеуде. «Бас мүфти үндеуіне үн қосу мақсатында «30 күнге – 30 сауап» атты қайырымдылық шаралары ұйымдастырылып, мұқтаж отбасыларға көмек көрсету жоспарлануда. Сондықтан барша ақтөбелік жұртшылықты қасиетті Рамазан айында әр түрлі бағыттағы жақсылықта жарысуға шақырамыз!», - деді Төлеби Дәділұлы.

Ал, Ақтөбе қалалық «Досжан Хазрет» мешітінің Бас имамы Аймағамбетов Азат Бақытжанұлы орыстілді БАҚ өкілдері үшін орыс тілінде Рамазан айының қадір-қасиетіне қысқаша тоқталып өтті.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру