Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешіті мен «Зекет» қорының Ақтөбе облысы бойынша өкілдігі бірлесіп биыл «Ел үлесі пәтерге» жобасын іске қосты. Шараның мақсаты – ауыл-аудандардағы мұқтаж отбасыларға баспана алып беру. Кеше алғашқы баспананың кілтін өкіл имам Төлеби Оспан Ембі қаласындағы Әділбек Рахметалинге табыстады. Ол – ІІІ-топтағы мүгедек. 1 ұл, 2 қызы бар. Бұл мұқтаж отбасы Ембі қаласы әкімдігінің ұсынуымен таңдалды. Салтанатты шараға Ембі қаласының әкімі Әлімжан Қорғанбай, «Зекет» қорының Ақтөбе облысы бойынша жауапты өкілі Әлішер Садық, ауыл ақсақалдары мен ақ жаулықты аналар және ембілік тұрғындар қатысты.
«Біз биыл «Ел үлесі пәтерге» атты қайырымдылық акциясын іске қостық. Жамағаттың қолдауының арқасында міне, алғашқы баспананы Ембі қаласынан алып бердік. Мақсатымызға жеткенімізге қуанудамыз. Көмек қолын созған барша азаматтарға алғысымыз шексіз», - дейді Ақтөбе облысының Бас имамы Төлеби Оспан.
Қаражат мешіттерде жәрмеңкелер өткізу арқылы жиналған. Қаржының тең жартысын Ембі қалалық «Нұр» мешітінің жамағаты жинаса, қалған бөлігін «Нұр Ғасыр» мешіті, Мұғалжар аудандық «Нұртай» мешіті, «Бақытжан» мешіті, Ақтөбе қалалық мешіті және «Досжан хазрет» мешітінде жәрмеңке өткізу арқылы жиналған.
Имамдар жыл соңына дейін облыстағы 12 ауданнан 12 баспана алып беруді жоспарлап отыр. Баспаналы болған отбасы қайырымдылық көмек көрсеткен барша жандарға ризашылығын білдірді. «Зекет» қорының жауапты өкілі Ә.Садықтың айтуынша, мұқтаждарға баспана алып беруге қаражатты әр түрлі форматта жинау жаспарлануда. Мешіттерге арнайы жәшіктер қойылған, жұма күндері және мереке күндері жәрмеңкелер өткізіледі. Бұдан бөлек Каспи Банктен арнайы есеп-шот ашылды. Мұқтаждарға баспана алып беруге көмек көрсеткісі келетін жомарт жандарды мына есеп-шотқа қаражат аударуға шақырамыз.
Каспи голд есеп-шоты 5169493106731295 (қор қызметкері Кенжегул Кошкарова атынан ашылған).
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі
28.02.2019
4286
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру