Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Атырауда жаназа және жерлеу рәсімдерін атқаруға қарасты ұсыныстар талқыланды

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз қызметі. 26.01.2018 4088 0 пікір
Атырауда жаназа және жерлеу рәсімдерін атқаруға қарасты ұсыныстар талқыланды

Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының Атырау облысы бойынша өкіл имамы Батыржан Мансұровтың бастамасымен орталық «Иманғали» мешітінде  жаназа және жерлеу рәсімдері, садақа өткізу форматына қатысты жиын өтті.

Атырау облысы Дін істері басқармасы, қала, аудан мешіттерінің имамдары, Атырау облысы соғыс және еңбек ардагерлері кеңесі мүшелері, зиялы қауым өкілдері, жалпы жамағат қатысқан жиында садақа кезінде ысырапшылдыққа жол бермеу мәселесі кеңінен талқыланып, нақты ұсыныстар сараланды. Жиын барысында баяндама жасаған Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының Атырау облысы бойынша өкіл имамы Батыржан Мансұров нақты ұсыныстарды ортаға салды.   

«Өздеріңізге белгілі, өткен жылы Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының басшылығымен «Жаназа және жерлеу рәсімдері» атты кітап жарыққа шығып, қалың оқырманға жол тартты. Аталмыш кітапта да ысырапшылдыққа жол бермеу мәселесі айрықша талқыланып, нәтижесінде мүфтият садақа дастарханына қойылатын ас мәзірін бекіткен болатын» деген бас имам қайтқан кісінің сүйегі жер қойнына тапсырылмай тұрып, қаралы үйде қазан қайнатпауды, күзетте дастархан жаймауды ұсынды. «Дастархан марқұм жерленгеннен кейін жайылса, бұл да болса біріншіден, о дүниелік болған пенденің рухына құрмет, екіншіден, қаралы үйді қосымша ауыртпалықтан арылтуға арналған қадам болар еді. Екіншіден, марқұмның үш күндік, жеті күндік және қырық күндік кәделерін бір күнге өткізу тәжірибесі енгізілсе. Саралап қарасақ, үш күнге бір бөлек, жеті күнге бір бөлек, қырық күнге бір бөлек дастархан жая беру, оның барлығы сайып келгенде ысырапшылдыққа жол ашады. Әрі осы кәделердің қай қайсына да сол таныс адамдары қайтдан айналып келіп қатыса береді. Егер, кәделерді біріктіріп, бір күнді белгілейтін болсақ, былайғы жұрттың уақытын да үнемдер едік. Әрі бұл шаңыраққа да ыңғайлы болады. Үшіншіден, мейрамхана жалдау мәселесінде әулеттің шығынданбауына жол ашсақ. Яғни, кәделер мейілінше шаңырақтың өзінде өтсе. Ал, көп қабатты, тар үйлер болған жағдайда, мейрамхана жалдауға болады. Бірақ, ысырапшылдыққа жол бермейтіндей дастархан жайсақ. Мысалы, ет, бауырсақ, мейіз. Ал, балықтың түрлері, салаттар, жеміс-жидектер сынды тағам түрлері жаназа дастарханы мәзірінен алынып тасталса» деген бас имам Батыржан қажы Берденұлы жалпы халыққа ыңғайлы болатын жаназаның ортақ  дастархан мәзірін бекітуді ұсынды.

Жобамен алғанда, мәзірдің үлгісін бауырсақ, сары май, қант, халва немесе жент, өрік немесе мейіз, конфет, печеньеден тұрады деп алып қарастырсақ, қарапайым дастархан қара жамылып отырған үйді соңғы қаражатына дейін садақаға жұмсауына алып келмес еді.

Сондай ақ, өкіл имам Батыржан қажы Берденұлы соңғы кездері қанат жайып бара жатқан марқұмды жерлеу рәсімін өткерер алдында  дауыс зорайтқышпен митингтер өткізу, осы шара кезінде табыттың алдынан гүл шоқтарын, оған қоса марқұмның суретін алып жүру сияқты ұлтымызға, дінімізге, ділімізге жат әдеттерден арылуға шақырды.

«Мұндай астамшылық марқұмның әруағына да қиындық туғызады. Сондықтан, осындай керексіз әдеттерден арылып, қарапайымдылыққа жақындай түссек деген ұсынысымыз бар» деген облыстың бас имамы Батыржан қажы Берденұлы садақа кезінде «жыртыс тарату» атты жазылмаған заңдылықтан да бас тартуға шақырып отыр.

Бас имамның пікірінше, бұрынғы замандары, айталық тоқсаныншы жылдары жыртыстың былайғы жұртқа белгілі бір дәрежеде қажеттілігі болған болуы да мүмкін. Себебі, дүкен сөрелері бос тұрып, жоқшылық болған о заманда жыртыстың матасын аналарымыз киім-кешек тігуге, тұрмыстық қажеттілікке пайдаланатын. Қазір мұндай қажеттілік жоқ. Себебі, адамның барлығы керегін дүкеннен сатып алады.

«Қарапайым логикаға салып ойлансақ,  садақа кезінде кемінде жүз адамға жыртыс таратылады екен. Ең арзан деген  матаның метрін орташа бағамен 300 теңге деп алатын болсақ, осы бір жыртысты үлестіру үшін онсыз да қайғыға батып отырған шаңырақ кемінде 100-150 мың теңге артық қаражат жұмсауға мәжбүр. Мұның сыртында әр қаде сайын қайта- қайта жайылатын дастархан, шалынатын мал, одан қалды жалға алынатын мейрамхана шығыны бар» деген бас имам Батыржан қажы Берденұлы исламның ең алдымен адамды қарапайымдылыққа үндейтінін еске салды.

Сондай ақ, баяндамашы Батыржан қажы мүфтият үшін маңызы зор мәселені де көтеріп өтті. Жаназа, садақа сынды рәсімдерді атқаруды Бас мүфтидің бұйрығы бар штаттағы имамдарға жүктеуді ұсынды. Ал, халық арасында молда атанып кеткен кісілерді тұрғылықты мекен-жайы бойынша орналасқан мешіттерде тіркеудің берері зор болар еді. Айталық, жергілікті жердің бас имамы ұсыныс беріп, молдаларға құжат берілер болса, діни жоралғы, рәсімдерді орындау кезінде бірізділікке жол ашылар еді.

Шара барысында сөз алған Атырау облысы Дін істері басқармасының басшысы Хайролла Көшқалиев діни жоралғыларды атқару кезінде заңдылық сақталу керектігін еске салып өтті.

Асылында, орынсыз ысырап шариғатымызда әу бастан құпталмайтын іс. Оның үстіне, ысырапшылдық – Хақ тағала қаламайтын іс. Демек, Құран Кәрім мен пайғамбарымыздың асыл сүннетінде ысыраптан тиятын көптеген ұстанымдарының болуы да тегіннен тегін емес. Мәселен, тұтас мұсылман қауымның конституциясы болып табылатын Құранда «Ысырап етпе, сөзсіз ысырап етушілер шайтанға бауыр болмақ. Ал шайтан, Раббысына тым күпірлік етуші», деп ысыраптың нәтижесінің неге апаратынын еске салып жирендіреді. Ендеше, бұл ұстанымдар мұсылман қауымына ғана емес, күллі адамзат үшін маңызды фактор болуы тиіс.

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру