Павлодар облыстық орталық «Мәшһүр Жүсіп» мешітінің әйелдер-қыздар секторы шәкірттер арасында «Исламдағы отбасы құндылықтары» атты байқауын өткізді.
Байқау Ислам дініндегі отбасылық құндылықтарды жас ұрпақтың бойына сіңіру мақсатында өткізілді. Байқаудың ережесі бойынша қатысушы топтар бірінші турда өздерін көркем мәтіндермен таныстырды. Келесі турда қыздар мынадай тақырыптарда дайындаған баяндамаларын оқыды: Ата-анаға құрмет көрсету. Өмірлік жар таңдау. Қыз тәрбиесі. Үшінші кезеңде қыздар викториналық сұрақтарға жауап берді.
Орталық «Мәшһүр Жүсіп» мешітінің әйелдер-қыздар секторы аға ұстазы Қарлығаш Талқанбаеваның айтуынша, қазіргі кезде болашақ жар, бір үйдің ұйытқысы болатын қыздың тәрбиесі – маңызды мәселелердің бірі. «Отбасы - болашақ ұрпақты адамгершілікке тәрбиелейтін мемлекеттің негізгі буыны, рухани құндылықтарды қалыптастыратын мектеп. «Тәрбие – тал бесіктен» дейді қазақ. Ал сол тал бесікті тербетер, болашақ ана қандай болуы керек? Бүгінгі сайысымыздың негізгі арқауы осы сұрақтар», - дейді Қарлығаш Қажымәлікқызы.
Іс-шара барысында әйел затының жаратылысындағы негізгі міндеті қандай болатынын, келіннің күйеуінің туыстарымен қарым-қатынасы туралы сұрақтарға жауап берді. Отбасына қатысты Құран кəрімнен аяттар, хадис жəне мақал мәтелдер келтіріп айтты.
Байқаудың нәтижесі бойынша 1-ші орынды «Аңсарлар», 2-ші орынды «Достық» топтары иеленді. А 3-ші орын «Талиба» мен «Кəусар» топтарына бұйырды. Байқау жеңімпаздарына Мадақтау қағазы жəне сыйлыққа Құран сүрелері жазылған суреттер берілді.

ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
Орталық «Мәшһүр Жүсіп» мешітінің баспасөз қызметі
06.11.2017
3801
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру