Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Павлодар: Туған жердің әр қырқасы тарихтан сыр шертеді (ФОТО)

Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ 26.10.2017 5509 0 пікір
Павлодар: Туған жердің әр қырқасы тарихтан сыр шертеді (ФОТО)

Жуырда облыстық орталық «Мәшһүр Жүсіп» мешіті және облысымыздағы ислам дінінің қамқоршысы «Әбу Ханифа» қоғамдық қоры бірлесіп ұйымдастырған іс-шара Ақтоғай ауданында жалғасын тапты.

Шараға ҚМДБ-ның Павлодар облысы бойынша өкіл имамы Н.Исенов, облыстық «Әбу-Ханифа» қорының атқарушы директоры К. Кенесбаев, осы қордың төрағасы С.Байболатов, дін жанашыры, Лебяжі ауданының құрметті азаматы Қажымұрат ақсақал,  Шарбақты ауданының құрметті азаматы А.Садуов, «Әбу-Ханифа» қорының мүшесі, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Павлодар облысының  құрметті азаматы Р. Шөкеев, оның орынбасары, қажы А. Жантурин, осы қордың мүшесі, ақтоғайлық апай  Б.Мырзатаева, облыстық қазақ тілі қоғамының Павлодар өңірі бойынша филиалының төрағасы, дін жанашыры - С.Әйтенов, ақын, Шарбақты ауданының құрметті азаматы, қажы Қ.Нұрғалиев, Ақтоғай ауданында қызмет істеген Д.Қазанғапов, қажы Қ.Баянов,  қалалық «Умар-әл-Фарух» мешітінің бас имамы Х. Аманқұлов қатарлы облысқа танымал, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Аталмыш топты қарсы алған Ақтоғай ауданының әкімі А. Қойшыбайұлы, аудан басшының орынбасары А.Манкеев, Қараоба ауылының әкімі Ш. Мүритқызы, ішкі саясат бөлімінің басшысы Б.Болатқызы қатарлы азаматтар оларды  Ақтоғай елді мекенінің елге, өңірге танымал тұлғалар жатқан қорымдары мен мұражайы, нысандарын аралатып, жергілікті халықпен және мектеп оқушыларымен кездесу өткізді.

Мәселен, Ақтоғай ауданынының орталығында бұрын мектеп болған ғимаратты аудан басшылығы ардагерлерге деген құрмет пен көмек белгісі ретінде өлкетану мұражайы етіп, демалатын бөлме, төрт  класты қосып үлкен  «Ардагерлер» клубын ашып берген. Мұражай іші тұнып тұрған ауданның тарихы. Биыл бұл мұражайға арнайы штат беріліп, қаржы ауданның бюджетінен бөлінетін болады дейді. Жетекшісі - Шорманов Хамит Жасланұлы мұражайдың тарихымен келген қонақттарды таныстырды.

Еліне жаны ашып, қамқорлық пен қайырымдылыққа жақын жандар бұл ауылда да жетерлік. Ислам дінінің өркендеуіне үлес қосып, мешіттің имамдарына еңбек беріп, құрылыс жұмыстарына қаржылай көмек беріп жүрген азаматтар марапатталды.  Олардың қатарында аудан әкімі А. Әмірин, сондай-ақ, Д.Төлеубайұлы, Е.Робертовна, Р.Әмірханқызы, А.Терентьев сынды азаматтар бар. Ал аудандық «Жандарбек» мешітінің имамы Қожахметов Ахметолла қажы да 60 жасқа толуы қарсаңында облыс өкіл имамының және  облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды.

Рухани жаңғыру аясындағы бағдарлама басы Павлодар облысы, Ақтоғай ауылында жерленген зерттеуші ғалым, экспедитор,  Солтүстік мұзды мұхиттарды зерттеу барысында тұңғыш жаңалық  ашқан Евгений  Гернет бейітінің басына барып гүл шоқтары қойылды. Бұл шараға Қараоба ауылы мектебінің оқушылары да жұмылдырылды.

Сонымен қатар осы сапарда бастамашыл топ Ақтоғай ауданы, Естай аулындағы қазақтың  біртуар ұлы Естай Беркімбайұлының зиратына зиярат жасады. Ақтоғайлық танымал айтыс ақыны Бейсембі Мұқажанов көпшілікке Естай ақынның өмірінің үзік-үзік сырларынан таныстырды. Тарих беттерінде махаббаттарын елге паш етіліп, әнмен жеткен Естай мен Қорланның махаббатын білмейтін қазақ кемде кем болар?  Естай ақынның  зиратының басына күннің суығына қарамастан топ мүшелерімен бірге ауыл халқы, мектеп оқушылары да келіп зиярат етіп,  имамдар өнер иесінің рухына арнайы Құран бағыштады.

Ақтоғай ауданының  орталығындағы тағы да бір жаңадан қойылған ескерткіштің бірі – «Мәңгілік ел». 1938 жылы Ертіс ауданының Қызылағаш болысына бөлініп, оған дейін «Тұзүйген» атанып келген, кеңес жылдары Куйбышев, Краснокутск, ал 1994 жылдан бастап Ақтоғай деп аталатын ауданның  орталық көшелерініңі бірінің қиылысына ауыл ақсақалдарының ұйытқы болуымен осы ескерткіші орнатылған. Ескерткіште: «Ақтоғай ауылының алғашқы іргетасын қалаушы Тайсарыұлы Тоқтас байдың 1907-1910 жылдары салдырған Тұзүйген аулы осы жерде орналасқан»,-деген жазу тұр. Міне осы Тоқтас байдың ұрпағы Ақтоғай ауылының тұрғыны Құрманәлі Ерғали:

 -Тоқан деген атамыздан Көкей, Наурыз, Жаншора есімді ағайынды туыстар жалғасып, бәрі бірігіп,  мал өсіріп, шарауашылықпен айналасқан. Түйемен тұз тасыған. Кәмпескелеу кезінде Тоқтас, Усачев, Мәрден, Қабыл деген азаматтар ұсталып,  жер аударылып, 10 жылын өтеп, еліне келгесін,  қудалаудың ізі денсаулыққа сыр беріп, 3-4 жылдан соң, дертінің зардабынан қайтыс болған.  Еліне қамқор болған. Жылқы, қара малдан көп адамдарға сауын беріп, оны қайтара алмаған талай адамға кешу жасап, қайырымдылық көрсеткен жан, - дейді сөзінде.

Ал кішкентай  ғана Қожамжар ауылының мәдениет үйіндегі Қазақ хандығының 550, Ұлы Жеңістің 70,ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ашылған мұражайдының іші де тұнып тұрған тарих.

Ауылдан  ҰОС 500-ге жуық жауынгер аттанған. 173-і елге аман оралған. Рассветтік Павел Ефимович туралы 1969 жылы «Жерлес тер ерлігі» тақырыбында шыққан мақаланы көріп, зерттеп, Нововаршавкаға 3 мәрте барып,  бауырластар зиратын көріп, Мәншүктер жатқан зираттағы жауынгерлердің рухтарына тағзым етіп, дін қатты заманда дұға жасап қайтқан Қуаныш қажы ағаларының сөзі мен әңгімесіне келгендер әбден қанықты.  «Кезінде асығыс жасалып, 200 адамның аты ғана жазылған ескерткішті МҮ-нің алдына әкеліп, қалған 117 жауынгердің атын жазып ескерткіш тақта орнаттық. Тылда еңбек еткендердің де еңбегін елеп, олардың да аттары тасқа қашалды»,- дейді ауылдың жанашыры, атпал азамат Жұмабек Қамзин.

Келесі кезекте ауыл мешітіне аты берілген Бекбау Ата  зиратына да зиярат жаслды. «Бекбау Ата» мешітінің 10 жылдығына арналған «Төріне береке қонған ел» атты кітапта  Бекбау бабаның көптеген ерекше қасиеті мен діндарлығы туралы жазылған.

 Осы кітаптың демеушісі, және де Ақтоғай ауданындағы «Жандарбек» мешіті «Бекбау ата» мешіттерін және мешіт асханалары басқа да құрылыстар мен нысандарды салуда басты демеуші, ұйымдастырушы  болған  жомарт жан Жұмабек Қамзин: «Осы қазір ортамызда тұрған Кәрімов Қуаныш Болатұлының арғы атасы дін ғұламасы болған Бекбау ата болатын. Бұл кісінің діндарлығы, қасиетті дінімізді жаю, осы елге үлгі-өнеге көрсету жолындағы еңбегі ұшан теңіз. Біздің халық ертеден сонау көне заманынан бері аруағын құрметтеп, оған әрдайым бас иген халық. Сондықтан біз атамыздың рухын әрқашаш еске алып отырамыз»,- дейді.

«Туған жердің тарихын әр жас білуі керек. Өлкенің әрбір қырқасы менмұндалап тарихтан сыр шертеді. Әр елді мекенде сол өлкеден шыққан ұлағат иелері мен даналары,  тұңғиығы терең аңыз-әңгімелері баршылық. Халқына суықта пана, ыстықта сая болған есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері де аз емес.  Жас ұрпақ біліп жүрсе, біз соған мұрындық болып, жол көрсетсек деген ниетпен «Сакралды жерлерге саяхат» акциясын әлі де жалғастыратын боламыз»,-дейді «Әбу Ханифа» қорының директоры Кенже Садуақасұлы.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру