Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

«Құран және ислам ғылымы» атты кітап көрмесі ашылады (ФОТО)

kazislam.kz 08.06.2017 5083 0 пікір
«Құран және ислам ғылымы» атты кітап көрмесі ашылады (ФОТО)

Ертеден санамызда орныққан діни түсінігімізде Жаратушының адамзатқа жіберген төрт кітабының бірі – Құран Кәрім. Құран пайғамбарлардың соңы – Мұхаммедке Рамазан айында түскен. Ол жайлы «Бақара» сүресінде: «Рамазан – Адам баласына тура жол көрсетіп, ақ пен қараның ара жігін айыратын Құран түсірілген ай» (185-аят) - деп баяндалады. Алғашқы Құран аяттары Қадір түні түскені де қасиетті кітаптың «Қадір» сүресінде айтылады. Сол себепті Рамазан айын мұсылмандар тағатсыздана күтіп, ерекше құлшылықпен, ізгілікпен, имандылықпен өткізуге тырысады. Мұсылман қауымы аса қадір тұтқан осы айда «Ғылым ордасы» РМК Сирек кездесетін кітаптар мұражайы Ислам ғылымның сарқылмас көзі болған Құран кітаптарының көрмесін өткізуді ұйғарды.

Музей көрмесінде XVIII – ХХ ғасыр басы аралығында жазылған Құран қолжазбаларының түрлі нұсқалары қойылды. Теріге, пальма жапырақтарына жазылған көне Құраннан бастап, барлық әрпі алтынмен жазылған, көздің жауын алар иллюстрациялармен безендірілген, османдық шебер каллиграфтардың көркем жазуымен дүниеге келген қолжазба Құрандар көрме төрінен жай тапқан.

Мұхаммед пайғамбарға 23 жыл бойы түскен Құранның алғашқы аяты «Оқы, Жаратушы Раббыңның атымен» деген бұйрықпен түсіп, 13 жыл бойы шариғат үкімінен бұрын, адамдарды жаратылыстың аспан мен жердегі, құрлық пен теңіздердегі құбылыстарына, мыңғыртып айдаған алдындағы малдарына, күндіз-түні баптап өсірген жеміс-жидектеріне, күнделікті ішкен-жеген тағамдарына қарап, Алланың құдіретін тануға шақырған. Сол сүрелердің сырына үңілген мұсылман ғұламалар Құран аяттары негізінде исламдық ғылымды қалыптастырды. Ислам дінінің аз уақыт ішінде кең ауқымға таралуы, бір уақытта бірнеше халықтың қабылдауы, оның мәдениеттер тоғысының алаңына айналуына себеп болады. Орталық Азия Ислам дінімен мұсылмандық өркениетінің алтын дәуірі саналатын VIII–ІХ ғасырларда танысты. Орта ғасырларда Орталық Азия да үздіксіз өзгерістер мен өрлеу кезеңі өтті. Жергілікті түрік, парсы халықтары арасынан шыққан жергілікті ғұламалар ислам ғылымын алға сүйреген өшпес мұралар жазып қалдырды. Сол мұралардың бір қатары музей көрмесінде көпшіліктің назарына қолжазба күйінде ұсынылады.

Атап айтсақ, терең мистикалық ілімімен «түрік машайыхы» атанған Қожа Ахмет Яссауидің хикметтері (ХІХ ғ. басы), ханафи мектебінің ірі өкілі, шариғат негізін салған ірі ғұламалардың казустік мәтіндеріне түсіндірме берген факих-ғалым Ғұбайдолла ибн Мəсғұт әл-Бухаридің «Мұхтасар әл-Уиқаясы» (ХІХ ғ. басы), Ханафи мектебі ірі өкілдерінің дін, ақида, әдет-ғұрып және т.б. діни, дүнияуи мәселелер төңірегінде шығарған пәтуалар жинағы (ХІХ ғ.), Матурудия мектебінің әйгілі ақида мәтіндерінің бірі – Әбу Хафс Омар ибн Мұхаммед ән-Насафидің «‘Ақа’ид ан-Насафия» шығармасы мен оған жазылған түсіндірмелер қолжазбасы қойылған. сонымен қоса 1850-1860 жылдарға жататын Шады Төре Жаһангерұлының Қожа Ахмет Яссауи хикметтері мен Бабарахим Машраб диуандарының қолжазба кітабы, VIII ғасырға тән Араб каллиграфиясының ең ескі Куфи жазу үлгісімен жазылған Оман Құранының бір беті, Мухаммад Челебидің «Мухаммадия» кітабы және Әлішер Науаи, Саиф Сараи сынды Орта Азиялық ғалымдардың араб, парсы, шағатай тілдерінде жазылған кітаптары сақтаулы. Аталған қолжазбаларға аса сақтық шаралары қажет болғандықтан олар көрмеге ұзақ уақыт қойылмайды. Көрме маусымның 7-17 аралығына дейін созылады. «Жақсы – көрмекке, көңілге түймекке» деген, келіңіздер, көріңіздер.

Музей есігі жұмыс күндері сағат 9:00 – 18:00 дейін ашық. 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру