Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Мысырдағы бабалар ізін білім іздеушілер басып жүр

03.02.2017 4289 0 пікір

Дәл қазіргі күндері  Мысырдағы  әл-Азһар университетінде шетелдік ғылыми тағылымдамадан  өтіп жатқан "Нұр-Мүбарак" университетінің докторант-магистранттар тобы дәрістерден бөлек уақытта тарихи жерлерге зиярат жасауда. Тек тамашалау емес, тарихпен тілдескен білімгерлер Мысырдың қиыр солтүстігіндегі Жерорта теңізін Мариут өзенінен бөліп тұратын торапқа орналасқан Александрия қаласына арнайы жол тартты. Бұл аңыз қалада әлемнің жеті кереметінің бірі  б.д.д. 280 жылы салынған Александрия шамшырағы бар. Біздің дәуірімізге дейінгі 331-332 жылдары Македонияның даңқты қолбасшысы Алекстандр салдырған көне шаһарға барудағы мақсат — әйгілі  Александрия кітапханасымен танысу.  Сонау антикалық аңыздардың ғылыми және мәдени орталығы саналған кітапхана б.д.д. 3 ғасырдың бас кезінде Александриядағы көрнекті ғалымдардың қатысуымен Птоломей әулетінің алғашқы екі патшасы негізін қалағандығы айтылады. Заманында Александрия кітапханасы әлемдегі ең үлкен және онда 750 000 қолжазба қоры болған деген дерек бар. Қазіргі уақытта Мысырдың ең танымал әрі мәдени орталығына айналған шаһар  нұр-мүбарактық топты тарихты жасырған жұмбатығымен ғана емес тылсым әсемдігімен баурап алғандай.

Біздің ғылым ізденушілер тобын Александрия кітапханасымен бірге Қайтбай бабамыздың қорғаны көбірек қызықтырғанға ұқсайды.


Әдетте Мысыр десе баршамызға қыпшақтан шыққан сұлтан Бейбарыс бабамыз санаға сап етеді. Ал баһадүр бабамыздан өзге мысырлықтар тән тұратын сұлтан Қайтбай бабамыздың ізі осы Іскендрия, яғни Александрия жерінде қалған. Қыпшақ даласында дүниеге келіп, кескілескен соғыста небәрі 20 жасында  тұтқынға түсіп, мысырлық саудагерге құлдыққа сатылған. Еріксіз елден жырақтап, Каир қаласына табан тіреген бабамыздың садақ атудан шеберлігін байқаған Барысбай сұлтан (1422-1438 ж.ж.)  50 динарға сатып алған. Содан Шақпақ сұлтанның қарауына өтіп, өжеттігі мен адалдығы, алғырлығын жоғары бағалаған сұлтан оған азаттық берген. Жаужүрек бабамыз содан әскери және ел басқару ісіне тартылып, Темірбұға сұлтанның (1467-1468ж.ж.) кезінде Бас қолбасшы мәртебесіне ие болыпты. Темірбұғадан кейін 54 жасында таққа отырған  Қайтбай бабамыз Мысыр мен Шам жерінде мәмлүктерден шыққан он сегізінші сұлтан екен. Сұлтан Қайтбай  Мысырды  30 жылдай басқарыпты.

Батыр бабамыздың салған қорғанын көзбен көрген «Нұр-Мүбарак» тағылымдамашылары "Шын мәнінде бабаларымыздың жауға бермей, қорғап қалған жерін көру — кеудемізде мақтаныш сезімін оятты"-деп ерекше әсерлерімен бөлісті.

Білім мен ғылым жолында тау асып, жырақта жүрген  университетіміздің болашақ түлектері  Мысыр елінен тек ғылыми ғана емес, тарихи тағылым жинап үлгергендей. Қазақ даласында дүниеге келіп, еріксіз құлдыққа түсіп, тектілігімен сұлтандық дәрежеге жетіп, Құранда есімдері дәріптелген пайғамбарлар мекені мен  оқиғалары баяндалған перғауындар билеген елде мәңгілік ізі қалған бабаларымызды Мысыр халқы ерекше құрмет тұтады. Бұл құрмет қос ел арасындағы ғылыми, мәдени және өзге де бауырластық байланыстарға алтын арқау болғаны анық.

Айша КЕҢЕСБАЙ

«Нұр-Мүбарак» университетінің баспасөз қызметі  

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру