Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

«РУХАНИЯТ» - рухани азық ордасы

23.01.2017 5543 0 пікір

Кешегі кеңестік қысымның кесірінен баһадүр бабалардан бергі сақталып келе жатқан руханиятынан, діні мен ділінен, мәдениетінен көз жазып қалған қазақ халқының рухани шөліркегені рас. Тіпті сонау қараханидтердің дәуірінен бастап ислам дінін ұстанып, шариғаттың шеңберінде елді басқарып, ұрпақ тәрбиелеген текті ұлтымыздың топырақ астында көмулі қалған тарихы, мәдени мол мұрасы мен құнды қазынасы да келешек ұрпаққа танылмай, көмес күйінде қала берді.


Осы бір үлкен бостықтың орнын толтыру — өскелеңнің өз тарихын тануы үшін өте қажет. Бүгінде дәл осы бағытта жұмыс жасап жатқан Ақтөбе облыстық «Руханият» мұражайы — ислам дінінің қазақ даласына келу тарихы, оның халықтың тұрмыс-тіршілігінде көрініс табуы және салт-дәстүрімен сабақтастығы жөнінде мағлұмат беретін республика көлеміндегі жалғыз мұражай.

Ақтөбе облыстық «Нұр-Ғасыр» мешітінің бірінші қабатында орналасқан «Руханият» мұражайы 2011 жылы 8 желтоқсанда облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының жанынан ашылды. Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында құрылған бұл мәдени нысан — өткенін түгендеп, тарихын танып білуді қалаған халыққа үлкен тарту болды. Бүгінде жалпы саны мыңның үстінде жәдігерлерді сыйдырған мұражай залының аумағы 450 шаршы метрді құрайды. Залдың іші кең әрі жарық. Мұндағы әйнек ішіне орналастырылған құнды экспонаттардың әрқайсысы әйнек пен электр шамдарының шағылысқан жарқылынан одан бетер көзтартар боп көрінетіндей.

Мұражайдың ғылыми қызметкері Айзагүл Жамбулованың айтуынша, мұражай жұмысының басты бағыты — иен даланы мекендеген көшпелі қазақ халқының тұрмыс-тіршілігімен біте қайнасқан ислам діні, оның даму тарихы туралы келушілерге тың мағлұмат беру. Сондықтан өткеннен сыр шертетін мұндағы әрбір экспонат аса бағалы.

Мұражай қорындағы заттардың дені ескі жәдігер есебінде сыйға тартылған. Соның ішінде, қасиетті кітап — Құран Кәрім, парақтарға, Пайғамбар (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) кезінде ағаш тақтайшаларға түсірілген Құран аяттары, сүрелер, сондай-ақ, фиқһ ғылымы, басқа да мазмұндағы кітаптар, археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған құмыралар, т.б. заттар бар. Сондай-ақ, исламның негізі болған бес парызы туралы толық мәлімет қамтыған мәтіндер ілініп, кестеленген жайнамаздар, әшекейленіп асыл тастармен безендірілген құмандар мен таспихтар қойылған. Сәукеле мен кимешек сынды ұлттық киімдеріміз бен әйел кісінің қажылыққа аттанарда киетін ихрамы, қасиетті Қағба мен облыстағы бірқатар мешіттердің макеттері көрермен назарына ұсынылған. Ата дініміздің дамуы жолында еңбек еткен көрнекті тұлғалар — Қожа Ахмет Яссауи, Ахмет Иүгінеки, Жүсіп Баласағұни, Досжан Ишан мен Бисен хазіреті Абдуллаұлы, Қалиұлы Манас, Аманғали ахун Итесұлы және басқалардың, сондай-ақ, 19-ғасырдағы қазақ ағартушылары Ыбырай Алтынсарин мен Шәкәрім Құдайбердіұлы сынды ойшылдардың өмірдеректері, еңбектері, тұтынған бұйымдары мен оларға тиесілі өзге де естелік заттары сөрелерден орын алған. Бүгінде мұражайдың ең құнды саналатын түпнұсқадағы жәдігерлерінің бірі — діни ілімді жетік меңгеріп, мешіт салдырып, бала оқытқан дін жанашыры Аманғали ахун Итесұлының Орынбор облысының мүфтиі болғандығын растайтын мөрі.


Осы уақытқа дейін облыстың Қобда, Темір сынды бірқатар аудандарында іс-сапарда болып, өңірдің көнекөз мешіттері мен діндар адамдары жайлы, жалпы исламға қатысты тың деректер жинақтаған мұражай ұжымының бұл бағыттағы зерттеу жұмыстары алдағы уақытта өзге аудандарда да жалғасын таппақ.

Биылғы жылдан бастап ресми түрде жұмысын бастаған мұражай жанынан құрылған клубтар, атап айтқанда, «Руханият», «ШеберАрт» және «Сырласу» атты бойжеткендер мен келіндер клубының әрқайсысының белгіленген жоспары, бекітілген жарғысы, жетекшісі мен мүшелері бар. «Ұрпақ+» бағдарламасы аясында құрылған аталмыш клубтарға мүшелікке кіру тегін.

«ШеберАрт» клубы қазақ халқының ұмыт қалып бара жатқан қолөнер түрлерін қайта жаңғыртумен қатар адамды шығармашылыққа баулу, еңбекке қызығушылығын ояту, ой-өрісін кеңейту және ұлттық тәлім-тәрбиені бойына сіңіруді мақсат етеді. Мұнда гобелен тоқу, киім тігу, зергерлік өнер, саз балшықпен, бисермен жұмыс жасау сынды көптеген қолөнер түрлері үйретіледі.

«Руханият» клубы қазақ елінің рухани өміріне және дінінің дамуына зор үлес қосқан қайраткерлердің өмір жолы мен діни нысандарды, көне мешіт-медреселерді зерттеп, зерделеу бағытында жұмыс жасайды. Ал «Сырласу» атты бойжеткендер мен келіндер клубының кездесулерінде қыз-келіншектер мен әйелдерге қатысты әлеуметтік тақырыптар көтеріліп, қыз баласын ибалыққа, имандылыққа тәрбиелей білген қазақы тағылым, тәрбиенің кереметтілігі, құндылығы дәріптеледі. Аталмыш клубқа жасы 16-дан асқандар ғана мүшелікке өте алады.

Мұражай қорын жаңартып, жәдігерлер санын көбейту мақсатында мұнда «Музейге тарту» сынды акциялар, мерекелік даталар қарсаңында ашық есік күндері, басқа да іс-шаралар жүйелі түрде ұйымдастырылады. 

P.S.: Мұражайдың қорын көбейтіп, жәдігер жинақтауға сіз де жәрдемдесе аласыз, құрметті оқырман. Көнекөз қарияларымыздың көзін көрген не көзін көргеннің өзін көрген талайымыздың үйдегі ескі сандығымыздың түбінде парақтары сарғайған Құран кітабы, болмаса, әйтеуір, бір исламның иісі сіңген ескінің тамтығының тығылып жатуы әбден мүмкін. Бәлкім, біріміз исламға қызмет қылған тұлғалардың есімін, еңбегін білетін болармыз, біріміздің қолымызда бұдан өзге көптеген қызықты деректер де бар шығар. Ендеше тарих танылмай, жәдігер жарыққа шықпай жатпасын. Түбімізді бірге түгендеп, жауһар жәдігерлердің санын көбейтуге атсалысайық.

Индира Ізбасқан


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру