Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Халық арасындағы садақа беру мәселесі талқыланды

17.01.2017 4001 0 пікір

"Нұр Ғасыр" мешітінің бастамасымен халықтың садақа мәзірін бір ізге түсіру үшін облыс, аудан тұрғындарынан ұсыныстар қабылдап жатыр.

Қазіргі таңда бірнеше аудан мешіттерінде алқалы жиындар өтіп, өз ұсыныстарын білдіруде. Солардың қатарында Хромтау ауданын айтуға болады. 

Осылай деп ортаға ой тастаған ауданның ақсақалдары «Нұр» мешітінде бас қосып, «Садақаның мәзірі қандай болу керек?» деген мәселені талқыға салды. Ақсақалдардың басқосуына аталған мешіттің бас имамы Алмат Әли төрағалық етіп, қарияларды жүйелі сөз айтуға шақырды. Қариялардың айтуынша, қазаға душар болған шаңырақ «өлікті қалай жөнелтем?» деп емес, «келген қонағыма не берем?» деген мәселеге көбірек бас қатырады-мыс. Сонан келіп, мейрамхана жалдап, аста-төк дастархан жайып, қонақасы береді. Дастархан тойдыкінен кем болмайды. Халық арасында сөзге қалмау үшін несие алып та садақа беретіндердің кездесетінін ақсақалдар тілге тиек етті. Басқосуға келген молдалық ететін қарттар жағы мейрамханада жасалған садақадан кейін қалған тамақтың қоқысқа тасталып жатқандығын талай көздерімен көргендіктерін жасырмады.

Алғашқы болып сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қуаныш Ерманов:

– Торғай даласына сапар шеккенімде садақаға жайылған дастарханнан дәм таттым. Дастарханнан басы артық тағам кездестірмейсің. Байға да, кедейге де қолжетімді. Садақа байлығыңды көрсету үшін емес, Алланың разылығы үшін беріледі. Естуімше, бұл мәселені көршілес аудандар да қолға ала бастаған. Біз де солай етуіміз керек, – деді.

Оның сөзін қостаған облыс әкімінің Хромтау ауданындағы кеңесшісі Бекболат Келбатыров, негізінен, ел ішінде садақаның дастарханы туралы емес, қонақасына қанша адамның келгендігі және сапқа тұрған адам саны көбірек сөз болатындығын айтты.

Бекетай қажы Бақытжанұлы:

– Ауданның ескі мешіті 1992 жылы ашылды. Содан бері мешітке үнемі келіп тұрамын. Хромтауда ғана емес, еліміз бойынша белең алған бұл мәселемен күресу мақсатында имам екеуміз ойласа келе, аста-төк дастархан жаятын садақаларға бармаймыз деп шешкенбіз. Бірақ халық мешіттен алыстап, шала сауатты молдасымақтарды айналшықтай бастады. Кейін амалсыз баратын болдық. Бұл мәселені аузы дуалы қарттар көбірек көтеруі тиіс. Өйткені халықтың арасында көбірек жүретін, садақаларына баратын – біздер. Ал, мешіттің имамдары өлік күтіп отырған жоқ, – деп, өз ойын жеткізді.

Жиын соңында Алмат Әли «жастардың талабы – жаназа емес, олардың талабы – білім жетілдіру, шариғатты терең білу» екендігін алға тартты.

Ортақ шешімге келген қариялар шариғат құп көрмегенді қолдамайтындықтарын жеткізді. Енді ауданның бас көтерер қариялары аудан әкіміне жүгінбек.

 

 

 

 

 

 

 

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру