Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ерсін ӘМІРЕ: «Сау жүрек сыртқы келбеттің көркемдігінен маңыздырақ»

16.01.2017 4511 0 пікір

Ақыл мен рух та азыққа мұқтаж

Алла Тағала тәнін топырақтан түзіп, кейін оған рух үрлеп, барлық жаратылыстардың ішінде ең көркем бейнеде жаратқан адамның тәні де, жаны да бірдей азыққа мұқтаж. Насихатын дәл осы тақырып төңірегінде бастаған исламтанушы Ерсін Бекайдарұлы қазіргі кезде көпшілігіміз тәндік қажеттіліктерімізді өтегенімізбен, рухымызды кемелдендіруге, яғни ішкі жан дүниемізді азықтандыруға аса мән бермейтіндігімізді тілге тиек етті. Расында, адамның хайуан мен нұрдан жаратылған періштеден бірден-бір айырмашылығы – ақылында болса керек. Себебі амалын ақылға салмай, нәпсісін ноқатсыз жіберген адамның хайуаннан да бетер төмен дәрежеге түсетіні, ал ішкі ерік-қалауын қажет кезінде тізгіндей білген тақуа жанның дәрежесі періштенікімен пара-пар болатындығы айдан анық.

Уағызшы өз сөзінде ақылы мен рухы бірдей азықтанбаған адамның амалында да кінәрат болатындығын ескертті. Себебі мұның бірін мүлдем тастап қойған адамның сеніміне де селкеу түсуі мүмкін. Ал адамның ақылы өз кезегінде білім алып, ілім ізденумен бірге артып отырса, рухы уақытылы, үзбей орындалған құлшылығымен кемелденеді. Осы ретте Ерсін ұстаз бүгінгі көпшілік жастардың жүректі жылатар әдемі уағыздардың әсеріне ғана құр берілмей, күмәндарды сейілтіп, ақылды толыстыратын, алайда үлкен ізденіс пен терең қажырлы еңбекті қажет ететін – діни де, дүниауи де дұрыс білім ізденуге шақырды. Сондай-ақ, құлшылыққа қатты құлшыныс танытқанымен, ақылдарын азықтандырмағандықтан, сенімдерінде ауытқушылық болған, харижиттер деген атпен тарихта қалған теріс түсініктегі топтың қателігін мысал етті.

Амалдарыңды реттегенің – дұрыс жолға беттегенің

Исламтанушы шариғатымызда амалдардың да өз реттілігі бар екендігіне және оның пайдасы мен зиянын айыра білудің маңыздылығына ерекше көңіл бөлді. Парыз, уәжіп, сүннет (муаккада), мубаһ, харам, мәкрүһ (тахриман, танзиһан) үкімдерінің бірінде жүретін амалдарды орындау кезінде әуелгісінен, мұсылман үшін ең маңызды болғанынан бастау керектігін айтты. Яғни әуелі Алла бұйырған парыз істерді орындап, кейін уәжіп, сүннеттерді күнделікті амалыңа сіңіріп, қосып отыру. Себебі жамағаттың, әсіресе дінге енді қызығушылық қойған жастардың арасында сақалдың сүннет не уәжіп екендігінде таласатын, шариғатта жай ғана рұқсат етілген не сүннет амалдарды парыз құлшылықтан жоғары қойып, жаңылысатындар көп кездеседі. Қажылықты үрдіс етіп алып, Меккеге құлшылығын орындауға оныншы, он бесінші мәрте барып жатқан кей азаматтардың кембағалдарға көмектесіп, жетім, жесір жандарға қарасқаны бәлкім бұдан бетер сауаптырақ болар ма еді дейсің. Жамағатқа осындай оймақтай ой салған ұстаз мұндай білімсіздіктің, яғни амалдарды реттемеудің ақыры көптеген қателіктерге ұрындыратынын айтты. Ғұламаларымыздың зиянды кетірудің пайданы келтіруден жоғары тұратындығы, екі зиянның ішінен жеңіл болғанын таңдау туралы сөздерінен, ислам тарихынан да бірқатар мысалдар келтіріп, амалдарды сатысымен реттей білу керектігін ұғынықты етіп жеткізді.

Сау жүрек сыртқы келбетті түзейді

Екі дүние сардары Мұхаммед Мұстафаның (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) хадис шәрифінде Алла Тағаланың адамның сыртқы келбетіне емес, бәлкім жүрегіне, ондағы тазалыққа, ықыластың бар-жоқтығына, ниетінің туралығына қарайтындығы айтылады. Сыртқы келбетімізді түзеп, өзгеге жақсы болып көрінуден гөрі, ішкі жан дүниемізді реттеп, оған әсемдік, әдемілік ұялатып, Аллаға ұнауға тырысу керектігін айтқан Ерсін ұстаз сау жүректің адамның амалына да әсер етіп, сыртқы келбетінен де көрініс табатындығын ескертті. Алайда, сыртқы көрінісі ғана сұлу адамның жүрек дертінен айықпайтындығын айтты. Осы ретте, өзі жақында ғана Алласын танып, сәждеге бас қойған, әсіресе жастардың енді үй ішіндегілерге өмір сүруді үйреткісі келіп, бәрін бірдей болды мен болмайдыға салып, ақыл айтуы - жасқа тән албырттық, амалдағы асығыстық, әлгінде айтылғандай реттіліктің сақталмауы екендігін түсіндірді. Ата-анасын дінге шақырып, оларға исламды танытқысы келгендер әуелі өз амалымен, көркем мінезімен, жақындарына жасаған жақсы қарым-қатынасымен үлгі болуы керек деді.   

 

Дағуатты даналықпен жасау

Жамағатты мына бір аяттың астарына ұғынып, оған түсініп, амал етуге шақырған ұстаз дағуаттың дұрыс болуы керектігін жеткізді: «(Ей, Мұхаммед!) Раббыңның жолына даналықпен және көркем үгіт арқылы шақыр әрі олармен ең жақсы нәрселер арқылы пікір бөліс...». Яғни, дағуатты даналықпен жасау. Ұстаздың айтуынша, дағуаттың алғашқы шарттарының бірі – бұл дағуат мазмұнының дұрыс таңдалуы, оның тыңдайтын адамға қажет не қажет еместігін айыра білуде. Мысалы, бақуатты адамдарға зекет туралы өсиет ету, ал кедей-кембағалдарға керісінше сабырлық пен шыдамдылық, Аллаға шүкіршілік ету, тәуекел ету сынды тақырыптар турасында насихат айту. Екінші шарты – уақытын ұтымды таңдай білу. Және соңғысы – дағуатты жеткізу әдісі.

Ғасырға жуық уақыт қылышынан қан тамған қатігез Кеңес үкіметінің боданында болған, азаттығына ширек ғасыр ғана толған елімізде дін аясында туған барлық дүрдараздықтарды, кей тыйымдарды дінге қысым көрсетілгенмен тең көрудің немесе дінге қарсы саясат жүріп жатқандай жан ұшырудың қажет емес екендігі де айтылды. Ерсін ұстаз әрбір жағдайда әліптің артын бағып, ақырын аңдай білудің абзалдығын түсіндіріп, мұсылмандардың мүддесі көкселмеген, тіпті кей құқықтары шектелген Худайбия келісімі сияқты кейбір қиын-қыстау кезеңдердің де ақырында мұсылмандар үшін қайырлы болғандығы жайлы тарих беттерінен бірқатар мысалдар келтірді. Сондай-ақ, соңғы кезде имамдарды айыптап, Мүфтиятқа күйе жағуға әзер тұратындардың қызбалыққа салынбай, әрбір мәселеге ақылмен келе білу керектігін ескертті. Аз-кем алған біліміне сүйеніп, өзі деңгейлес ақылгөйсінгендермен әлеуметтік желілерде әр түрлі діни тақырыптарда таласатындарға елдің берекесін қашырып, бекерге бүлік тудырмай, саф уақытын сарп кетірмей, бәлкім пайдалы білім алуға көбірек көңіл бөлуге шақырды. Аз да болса, тұрақты болған амалдың тақуалық жағынан абзал екендігін айтып, әр адам өз амалына, өз жүрегінің саулығына ден қойсын деді.

Уағыз соңында жамағатты толғандырған сауалдарға жауап беріп, көкейдегі күмәндарынан арылтты.

 

 

«Нұр Ғасыр» облыстық орталық

мешітінің баспасөз қызметі

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру