Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ИСЛАМДА ӘКЕНІҢ ОРНЫ

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі muftyat.kz 22.12.2023 3138 0 пікір
ИСЛАМДА ӘКЕНІҢ ОРНЫ

 الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد

Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға, оның отбасы мен барлық сахабаларына салауаттар мен сәлемдер болсын! 

Дінімізде ата-ананың орны мен қадірі өте үлкен. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ниса» сүресі, 36-аятында:

وَاعْبُدُوا اللَّهَ وَلا تُشْرِكُوا بِهِ شَيْئًا وَبِالْوَالِدَيْنِ إِحْسَانًا وَبِذِي الْقُرْبَى وَالْيَتَامَى وَالْمَسَاكِينِ وَالْجَارِ ذِي الْقُرْبَى وَالْجَارِ الْجُنُبِ وَالصَّاحِبِ بِالْجَنْبِ وَابْنِ السَّبِيلِ وَمَا مَلَكَتْ أَيْمَانُكُمْ

«Аллаға құлшылық етіңдер. Оған еш нәрсені ортақ қоспаңдар. Сондай-ақ әке-шешеге, жақындарға, жетімдерге, міскіндерге, жақын көршіге, бөгде көршіге, жан жолдасқа, жолда қалғандарға және қол астыларыңда болғандарға жақсылық жасаңдар», – деп бұйырған.

Мұсылман адам ең әуелі аятта айтылғандай ата-анасына жақсылық жасауы қажет. Осы тұста, ерекше тоқталатын тақырыптың бірі ол – отбасындағы әкенің орны. Табиғатта кез келген жаратылыстың тамыры, діңгегі болатыны белгілі, ал отбасындағы бұл міндетті атқаратын ол – әке институты. Қазақ отбасында әкенің алатын орны ерекше. Әке – шаңырақтың тірегі, қамқоршысы, асыраушысы, тәрбиешісі. «Әке самайындағы шашты аңғармаған бала, өз маңдайыңдағы бақты бағалай алмайды», – деген халқымыз. Осыдан-ақ, әкеге деген құрметтің қандай болуы қажет екенін аңғарамыз.

Қазақ даласы отбасындағы әкенің орны қашан да ерекше болған. Бала бойындағы жақсылы-жаманды қасиеттерін байқаса, қазақ оны ең бірінші әке мен ата тәрбиесінен көреді, тегіне тартқан дейді. «Әкесі сондай адам еді, атасы жақсы адам, көргенді бала» деп ер адамның тәрбиесін еске алады. Өйткені әкесінің баласына қалдырған ең үлкен мұрасы – оның жақсы тәрбиесі.

Қазыбек би бабамыз:

Құт берекең – атаң қымбат,

Аймалайтын анаң қымбат.

Мейірімді апаң қымбат.

Асқар тауың – әкең қымбат, – демекші, әр адам әкесін бағалап, сыйлап, құрметтеуі тиіс. Дінімізде перзенттің әке алдындағы кейбір міндеттерін баяндайтын болсақ, олар мынадай:

 

Бірінші: Әкені құрметтеу

Перзент ата-анасын сыйлап, құрметтеп, риза ету арқылы Жаратушысының ризалығына бөленеді. Алла Тағала қасиетті Құранның «Исра» сүресі, 23-аятында:

وَقَضَىٰ رَبُّكَ أَلَّا تَعْبُدُوا إِلَّا إِيَّاهُ وَبِالْوَالِدَيْنِ إِحْسَانًا ۚإِمَّا يَبْلُغَنَّ عِندَكَ الْكِبَرَ أَحَدُهُمَا أَوْ كِلَاهُمَا فَلَا تَقُل لَّهُمَا أُفٍّ وَلَا تَنْهَرْهُمَا وَقُل لَّهُمَا قَوْلًا كَرِيمًا

«Раббың, өзіне ғана ғибадат етулеріңді, әке-шешеге жақсылық жасауларыңды әмір етті. Ал егер ол екеуінің бірі немесе екеуі де жандарыңда кәрілікке жетсе оларға: «Түһ» деме (кейіс білдірме). Сондай-ақ екеуін зекіме де, екеуіне сыпайы сөз сөйле», – деп айтқан.

Бала әкенің қадірін түсініп, қадірлеп, әр сөзіне құлақ асып, ақ батасын алуға тырысуы қажет. Перзент қандай биік белестерді бағындырып, қандай атақ даңққа жетсе де, ата-анасының алдында соншалықты кішіпейіл болуы қажет.

Бірде қарт Құнанбай баласы Абайды шақырып: «Балам, сен әкеңе жете туғансың ба, өте туғансың ба?» – деп сұрайды. Сонда Абай: «Әке, мен өте туғанмын, өйткені мен ақын болдым», – деген екен. Аз ғана ойланған дана Құнанбай: «Жоқ, сен маған жете тудың. Өте туу үшін Абай секілді бала тәрбиелей алуың керек», – деп жауап қатқан деседі.

 Тарихқа назар салсақ дәстүрлі қазақ қоғамында тәрбие алған қазақ баласының әкеге деген құрметі ерекше болған. Аналар балаларын: «Әкеңнен ұят болады», «Әкең келе жатыр», «Әкеңнен сұрайық», – деп өсіретін. Әке дауыс көтеріп ұрыспаса да, оның қас-қабағын сыйлап, сескеніп жүретін. Халқымыздың «Әке – асқар тау, ана – баурайындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» деген бір ауыз сөзінде өмірлік бүкіл тәрбие қамтылған.

Таусыз жерде бұлақ болғанымен, таудан аққан тас бұлақтай арыны қатты, суы мөлдір болмайды. Содан да оның жағасындағы құрақ жайқалып өспейді. Асқар таудай әкесін пана тұтқан бала қорқақ болмайды. Ал ана деген бұлақтың мейіріміне қанып өскен ұрпақ өзгеге де мейіріммен қарайды. Бұхар жырау бабамыз:

Әкелі бала – жаужүрек,

Жиын тойға барады,

Төрден орын алады,

Бітіреді жұмысын,

Тастан да өткізер жебесін, – дейді. Өзіне қорған болған әкесінің арқасында бала алшаң басып, бар шаруасын бітіріп, алдына кездескен кез келген қорғанды бұзуға дайын болады. Осының барлығы адамға әкенің биік орнын, бала тәрбиесіндегі маңызын түсіндіріп, асқар тау әкені құрметтеп, сыйлау керектігін ұғындырады.

 

Қисса

Бағзы заманда бір хандық болыпты. Күндердің күнінде ел билеушісі «Хандықтағы 60 жастан асқан қарттардың көзін жою керек. Олар соғыс болса бізге зиянын тигізбесе, пайда әкелуі екіталай» деп жарлық шығарып, нөкерлерін жібереді. Халық қанша қарсы шықса да еш әрекет істей алмайды. Патшаның айтқаны орындалып, елдегі 60-тан асқан қарияның барлығын қырып салады. Тек арасынан бір жігіт әкесін тауға апарып, үңгірге жасырады. Содан бастап әлгі жігіт әкесін үңгірде асырап, бар тапқанын тасумен жүреді. Күндердің күнінде ел арасына белгісіз бір дерт тарайды. Дертке шалдыққан адам жазылмай, өлім құшады. Хандықтағы небір емшілер дерттің емін таппай, өлім саны одан әрі артады. Әлгі жігіт әкесіне барып, болған жағдайды бүге-шігесіне дейін баяндап береді. Сонда қария «Ол індетті жеңу – әркімнің өз қолында. Жағдай тұрақталғанша әркім өз үйінен шықпай отыруы қажет», – дейді. Естігенінің бірін қалдырмай жеткізген жігіттің ақылына хан иланып, жарлық шығарады. Біршама ай өткеннен кейін елдегі жағдай тұрақталып, бәз-баяғы қалпына қайта оралады. Көпшілік бір-бірімен жаңа көріскендей арқа-жарқа күй кешіп, ұлан-асыр той жасайды. Араға жылдар салып, хан ордасынан тағы хабар келеді. Ханның «Анау ұшы-қиыры жоқ көлдің ішінде алмас тас жатыр. Соны маған жеткізген жанға ат басындай алтын беремін» деген сөзі ел арасына жылдам тарап үлгереді. Оны естіген көшілік су бетінде қалқып тұрған алмасты көрсе де, ала алмай діңкелері құриды. Қасына жақындап барған сайын, көзден ғайып болып кетеді екен. Мұны естіген жігіт, ақыл сұрауға үңгірде жатқан әкесіне барады. Әкесі «Онда ешқандай алмас жоқ. Ол жерде тек биік тал бар. Талдың ең биік тұсына құс ұя салған. Алмас сол ұяда. Көлдің бетіндегі тек соның көлеңкесі ғана», – деп ұлын шығарып салады. Ханның алдына барған жігіт әкесінің айтқандарын баяндайды. Мұны естіген хан межелі жерге барса, жігіттің айтқанындай екен. Дәл осы оқиғадан кейін біраз жылдардан соң ел басына тағы да ауыр күн туады. Аспаннан қара бұлт арылмай, елдің ауызбіршілігі жоғалып, құлдыраудың аз-ақ алдында қалған шағы еді. Әлгі жігіт әдеті бойынша үңгірдегі әкесінен ақыл сұрап, ханға айна-қатесіз жеткізіп, тағы да елін күйреуден аман сақтап қалған екен. Мұндай оқиға бірнеше мәрте қайталанғаннан кейін ханда күдік пайда бола бастайды. Нөкерлеріне жігітті әкелуін тапсырып, ұрып-соғып сұрақтың астына алады. Ал жігіт болса, істегеннің бәріне көндігіп, әкесі жайлы ауыз ашпайды. Ызаланған хан оны өлім жазасына кесуге үкім шығарғанда ғана, үңгірдегі әкесі жайлы бәрін баяндап береді. Бүтін бір елді қиын кезеңнен алып шыққан жігіт емес, үлкеннің ақылы. Осыны түсінген хан өткені үшін өкініп, халқының алдында тізе бүгеді. «Бұдан кейін қарттар елдегі ең сыйлы адам болады», – деп үкім шығарыпты деседі.

 

Екінші: Әкенің айтқанына бағыну

Перзент әкенің айтқанын екі-етпей орындап, бағынуы қажет. Имам Ғазали (Алла оны рақымына алсын) былай дейді: «Перзенттің әкесі алдындағы әдебі – сөзіне мұқият құлақ асу, оның орнына істі атқаруға әзір тұру, бұйрығын жүзеге асыру, оған дауыс көтермеу, шақырған сәтте дереу жауап қайтару, оның көңілінен шығуға әрекет ету, сабырлықпен құшақ жаю, оған жасаған жақсылықты және орындаған тапсырмасын міндетсінбеу, оған аларып қарап, қабағын шытпау».

Қасиетті Құранда баяндалған құрбандық қиссасы баршамызға мәлім. Бұл оқиғада да баланың әкенің айтқанына бағынудың керемет көрінісі берілген. Аятта әке мен бала арасындағы көркем әдеп суреттеледі. Ибраһим пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) баласын еркелеткен түрде «Уа, балақайым!» –  деп атаған болса, баласы да әкесін «Әкетайым», – деп атаған. Ибраһим пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) өзіне келген уахиді (хабарды) баласына жеткізген уақытта да, баласы әкесіне мүлтіксіз бағынып:

يَا أَبَتِ افْعَلْ مَا تُؤْمَرُ سَتَجِدُنِي إِن شَاء اللَّهُ مِنَ الصَّابِرِينَ

«Уа, әкетайым! Өзіңе не әмір етілсе, соны орында. Алла қаласа мені сабырлылардан табасың», – деп айтады. Осылайша әкелі балалы екеуі Алла Тағаланың сынағынан өтіп, оқиғаның соңы сүйіншімен аяқталады («Саффат» сүресі, 100-107 аяттар).

Перзенттің ата-анасын сыйлап, оларға ол бойсұнуы, Жаратушысына бағынып, Оған шүкір етуінің белгісі. Ибн Аббастан (Алла оған разы болсын) келген риуаятта:

ثَلَاثُ آيَاتٍ نَزَلَتْ مَقْرُونَةً بِثَلَاثٍ لَا يَقْبَلُ اللَّهُ وَاحِدَةً مِنْهُنَّ بِغَيْرِ قَرِينَتِهَا ، أَوَّلُهَا قَوْلُهُ تَعَالَى : وَأَقِيمُوا الصَّلاةَ وَآتُوا الزَّكَاةَ، فَمَنْ صَلَّى وَلَمْ يُؤَدِّ الزَّكَاةَ لَمْ تُقْبَلْ مِنْهُ الصَّلَاةُ. وَالثَّانِي قَوْلُهُ تَعَالَى : وَأَطِيعُوا الرَّسُولَ، فَمَنْ أَطَاعَ اللَّهَ وَلَمْ يُطِعِ الرَّسُولَ لَمْ يُقْبَلْ مِنْهُ وَالثَّالِثُ قَوْلُهُ تَعَالَى : أَنِ اشْكُرْ لِي وَلِوَالِدَيْكَ، فَمَنْ شَكَرَ اللَّهَ وَلَمْ يَشْكُرْ لِوَالِدَيْهِ لَمْ يُقْبَلْ مِنْهُ.

«Үш аят үш түрлі нәрсеге байланысты болып түсті. Олар бір-бірінсіз қабыл болмайды. Аятта: «Намазды толық орындаңдар да зекет беріңдер», – деп айтылған. Кім намазын өтеп, зекетін бермесе, құлшылығы қабыл етілмейді. Аятта: «Аллаға бойсұныңдар және Елшісіне де бойсұныңдар!» – делінеді. Кім Аллаға бойсұнып, Оның Елшісіне бойсұнбаса, оның Аллаға бойсұнуы қабылданбайды. Аятта: «Маған және ата-анаңа шүкір ет», – деп айтылған. Кім Аллаға шүкіршілік етсе, бірақ ата-анасына шүкіршілік етпесе, онда Жаратушыға деген шүкіршілігі қабыл болмайды», – делінген.

Ата-ана перзент үшін бұл дүниедегі жәннаттың есігі. Оларды риза етіп, ақ батасын алған пендесіне Алла Тағала да разы болады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде былай дейді:

مَن أصْبَحَ مُطِيعًا لِلَّهِ في والِدَيْهِ أصْبَحَ لَهُ بابانِ مَفْتُوحانِ مِنَ الجَنَّةِ، وإنْ كانَ واحِدًا فَواحِدًا، ومَن أمْسى عاصِيًا لِلَّهِ في والِدَيْهِ أصْبَحَ لَهُ بابانِ مَفْتُوحانِ مِنَ النّارِ، وإنْ كانَ واحِدًا فَواحِدًا. فَقالَ رَجُلٌ: وإنْ ظَلَماهُ؟ قالَ:“وإنْ ظَلَماهُ، وإنْ ظَلَماهُ، وإنْ ظَلَماهُ”

«Кімде-кім күнін Алла ризалығы үшін ата-анасына бойсұнған күйде бастаса, оған екі бірдей жәннаттың есігі ашық болады, егер біреуі тірі болса, бір есігі ашық болады. Егер кімде-кім ата-анасына бойсұнбаған күйде кешті батыратын болса, ол үшін екі бірдей тозақтың есігі ашық болады, егер біреуі тірі болса бір есігі ашық болады». Сол кезде бір адам орнынан тұрып: «Ол екеуі оған зұлымдық жасаса да ма?» – деді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ия, зұлымдық жасаса да», – деп үш мәрте қайталады (имам Хаким).

 

Қисса

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ата-анаға жақсылық жасау туралы мынадай оқиғаны айтқан: «Ертеде ата-анасын өте жақсы көретін, оларға тек жақсылық істейтін, қойшы болыпты. Күндердің бір күнінде әлгі қойшы қасына екі адамды ертіп сапарға шығады. Үшеуі жолда келе жатқан уақытта кенет жел тұрып, қатты жаңбыр жауады. Олар жаңбыр мен желден тығылып, сол маңайдағы үңгірді паналайды. Кенет таудың үстінен бір үлкен тас түсіп, әлгі үңгірдің аузын жауып тастайды. Олар сасқалақтап үңгір ішінде қалып қоямыз ба деп қатты қорқады. Сол кезде араларындағы біреуі: «Бізді бұл тығырықтан тек ізгі амалдарымызды еске алып, дұға етуіміз ғана құтқара алады», – дейді. Сонда қойшы: «Уа, Алла Тағала! Менің қарт ата-анам болатын. Әр күні кешке мен сауылған сүтті балаларыма бермей, алдымен соларға беретінмін. Бірде кешігіп келсем ата-анам ұйықтап қалыпты. Оларды оятып, мазалағым келмеді. Қарындары аш балаларым жанымда жылап жатты. Сонда да болса, алып келген сүтті ата-анамнан бұрын бала-шағама беруді қаламай, сүт құйылған ыдысты ұстаған күйде таң атырдым. Таңертең ата-анам оянған соң сүтті алдымен соларға бердім. Уа, Алла! Егер осыны Сенің разылығың үшін істеген болсам, бізді мына жағдайдан құтқара гөр», – деп дұға етеді. Сол кезде тас қозғалып, орнынан жылжиды. Осыдан соң қалған екі жігіт те өмірде жасаған ізгі амалдарын алға тартып, Алладан жәрдем сұрайды. Ақырында, тас біржола сырғып, үш жігіт үңгір ішінен аман-сау сыртқа шығады» (имам Бұхари, Мүслим).

 

Үшінші: Дүниеден өтсе, Алла Тағаланың мейірімін тілеп, олар үшін дұға ету

Мұсылман пенденің өмірінде дұға аса маңызды құлшылық екені белгілі. Ата-анамыздың көзі тірісінде олар үшін қаншалықты дұға етсек, дүниеден өткеннен кейін де олар үшін дұға етуіміз керек. Мұсылман қауымы намаздағы соңғы отырысында үнемі Ибраһим пайғамбардың тілегеніндей:

رَبَّنَا اغْفِرْ لِي وَلِوَالِدَيَّ وَلِلْمُؤْمِنِينَ يَوْمَ يَقُومُ الْحِسَابُ

«Уа, Раббымыз! Мені және әке-шешемді және бүкіл мұсылмандарды қиямет күні кешіре гөр!» – деп дұға етеді  («Ибраһим» сүресі, 41-аят).

Ата-аналары үшін жарылқау тілеп, дұға ету бұрынғы ізгі адамдардың әркез істейтін амалы болатын. Мысалы, Ұруа ибн Зүбәйр: «Алла Тағалам! Әкем Зүбәйр ибн Әууам және анам Әсма бинт Әби Бәкірді кешіре гөр!» – деп дұға етеді екен. Имам Әбу Ханифаның әйгілі шәкірттерінің бірі Әбу Юсуф намаздарынан кейін үнемі: «Уа, Аллам! Ата-анамды және ұстазым Әбу Ханифаны жарылқай гөр!» – деп дұға жасағаны баяндалады.

Ғалымдар ата-ана дүниеден өткеннен кейін мына үш амал арқылы оларға жақсылық жасауға болатынын айтқан:
  1. Артынан қалған перзентінің ізгі болуы. Өйткені ата-ана үшін ұрпағының ізгі болуынан артық қуаныш жоқ.
  2. Ата-ананың тірісінде сыйласқан жақындары мен достарын құрметтеу.
  3. Олар үшін жарылқау сұрап, дұға ету және садақа беру. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

إِذَا مَاتَ الْإِنْسَانُ انْقَطَعَ عَنْهُ عَمَلُهُ إِلَّا مِنْ ثَلَاثَةٍ؛ إِلَّا مِنْ صَدَقَةٍ جَارِيَةٍ أَوْ عِلْمٍ يُنْتَفَعُ بِهِ أَوْ وَلَدٍ صَالِحٍ يَدْعُو لَهُ

«Егер адам баласы бұл өмірден өтсе, бүкіл амалдары тоқтайды. Тек үш жағдайда ғана амал дәптері тоқтамайды (жазыла береді). Ол: жалғасып тұратын садақа, пайдалы білім және дұға жасайтын ізгі ұрпақ», – деген (имам Мүслим).

 

Қисса

Болған оқиға желісінде. Мынадай оқиға орын алған деседі.

Кеңес өкіметі әбден кемелденген шақ болса керек, ауылға айбарлы, қоғамға сыйлы бір азамат толыспай жатып дүние салыпты. Оның артында ақылды да, арлы әйелі және едел-жедел өсіп келе жатқан үш ұлы қалыпты. Отбасында отағасының рөлі мен орнын жақсы білетін отанасы ұлдарына жақсы әкенің орнын ойсыратпас үшін тамаша сауабы мол айла ойлап тауыпты.

Әйелі күйеуі үнемі үстінен тастамай киіп жүретін бұйра жағалы палтосын төрге іліп қойыпты. Онымен қоймай ілулі киімнің қалтасына адал еңбекпен тапқан маңдай тері азғантай жалақысын әкеліп салып қояды екен. Ұлдары кейде болымсыз қажеттілік үшін анасынан тиын-тебен сұрайтын болса, сол кезде ақылды әйел «балам шаңырағымыздың ризығы ана әкелеріңнің қалтасында тұр. Содан барып алыңдар. Бірақ отбасылық нәпақамыз үзіліп қалмасын, қажеттіліктен тыс ақша жұмсамаңдар» деп, екінің бірінің ойына келе бермейтін қатаң тәртіп орнатыпты. Осы бір парасатты әйелдің жасаған жақсы амалының арқасында ұлдары дүниеде жоқ әкесін өгейсімей, әкесі бар балалардың қасында еңсесі түспей, жақсы әкенің жомарт қалтасындағы адал ризықтан ішіп-жеп ердің сойы болып өскен екен. Міне, осы оқиғадан-ақ қазақ қоғамындағы әкенің орны қаншалықты маңызды екендігі айқындалып тұр!

 

Қадірменді жамағат!

Дінімізде де, халық дәстүрінде де шаңырақтың тірегі, отбасының асыраушысы, үйдің берекесі деп танылған әкенің орны қашан да үлкен. «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды» деп айтылғандай перзентке әкенің берер тәлімін, көрсетер тәрбиесін ешқандай өзге жерден үйрену мүмкін емес. Майлы Қожа бабамыз:

Жыласаң көңілі жүдеген,
Қуансаң тасып үдеген.
Көркіңе көңілісіп,
Алладан өмір тілеген,
Əкеңдей құбыла қамқорың,
Табылмас мына дүниеден
, деп әкенің орнын ерекше атап өткен.

Әкенің қадір-қасиетін түсінген перзент әкесін ерекше құрмет тұтып, ризалығын алуға тырысуы қажет. Әкемен қарым-қатынастағы әрбір сөзіміз бен ісімізде оған деген сый-құрмет пен ілтипат білініп тұруы керек. Әкенің атын атау, оған дөрекі жауап беру перзент өміріне бақыт әкелмейді. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

رِضَا اللَّهِ فِي رِضَا الْوَالِدَيْنِ، وَسَخَطُ اللَّهِ فِي سَخَطِ الْوَالِدَيْنِ

«Алланың разылығы – ата-ананың разылығында, Алланың ашуы – ата-ананың ашуында», – деген (имам Термизи).

Бірде атақты сахаба Әбу Һұрайра (Алла оған разы болсын) жолда кетіп бара жатып Әбу Ғассанды жолықтырады. Әбу Ғассанның соңынан бір кісі еріп келеді екен. Әбу Һұрайра соңында ілесіп келе жатқан кісінің кім екенін сұрайды. Әбу Ғассан ол кісі әкесі екенін айтқанда, Әбу Һұрайра оған: «Бұл ісің жөн емес. Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетін ескермепсің. Әкеңнің алдында жүру – ерсі қылық. Әкеңнің артында не оң жағында жүр. Астың дәмдісін әуелі әкеңнің алдына тарт. Тамаққа алдымен әкең қол созсын. Қабағыңмен болса да жасқап, оның көңіліне селкеу түсірме. Ол тізе бүкпей тұрып, сен отырма. Әкең ұйықтамай жатып, сен жастыққа бас қойма!» – деп ескертеді (имам Хаким).

Алла Тағала баршамызға әкесін қадірлеп, ақ батасын алған перзенттерден болуды жазып, қасиетті жұма күнгі дұға-тілектерімізді қабыл еткей!

 

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру