Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Харамнан қашық, халалға асық болу – мұсылман міндеті | жұма уағызы

26.09.2019 15150 0 пікір

 

Ислам – мұсылмандарға өмірдің барлық саласын түгел қамтып, басшылыққа алатын шариғат шеңберін айқын көрсетіп берген дін. Шариғат заңнамасының негізгі қайнар көзі – Құран Кәрім мен ﷺ пайғамбардың сүннетінде нақты не жанама түрде ескерілмей, қалыс қалған мәселе жоқ. Солардың бірі мұсылман жұртшылығының ас-ауқат, тағамына қатысты. Алла Тағала жер бетіндегі барлық нәрсені адам игілігі үшін жаратқан. Аспан мен жердің арасындағы ұшқан құс, жүгірген аң, сан түрлі жеміс-жидек, көкөніс – барлығы да қазынасы кең Ұлы Жаратушы тарапынан пенделеріне берілген. Ағыл-тегіл, көл-көсір нығметтерді құлдарына берген Раббымыз солардың адалын пайдаланып, ал арамынан аулақ болуды Құранда қатаң ескерткен:

﴿يَا أَيُّهَا النَّاسُ كُلُوا مِمَّا فِي الأرْضِ حَلالا طَيِّبًا﴾

«Әй, адамдар! Жер бетіндегі нәрселердің халал әрі тазасынан жеңдер!» («Бақара» сүресі, 2/168);

﴿وَكُلُوا مِمَّا رَزَقَكُمُ اللَّهُ حَلالا طَيِّبًا﴾

«Алланың өздеріңе халал әрі таза етіп берген ризықтарынан жеңдер!» («Мәида» сүресі, 5/88).

Ардақты Пайғамбарымыз ﷺ мүміндерге мейлінше харамнан сақтану керектігін өсиет еткен. Сондай-ақ, харам нәрселерді пайдалануда адамның ақиреті мен дүниесіне тиетін зияны мен қауіпі барын ескертіп, харамнан бойын сақтаған адамның екі дүниенің нығметіне кенелетінін сүйіншілеген.

Екі дүниенің сардары пайғамбарымыз Мұхаммед ﷺ бұл жайлы: «Намыспен халал ризық іздегендер шәһидтердің дәрежесінде болады», – деген. Тағы бір өсиетінде: «Халал рызық іздеу – мұсылмандарға парыз», – дей келе: «Бір кісі қырық күн халалдан жесе, Алла Тағала ол кісінің жүрегін нұрландырады, жүрегіндегі хикметті тілінен ағызады», – деп адал астың рухани тұрғыдан тазаруға қаншалықты пайдалы екенін айтады.

 

Харамға барудың себептері:

 

Бірінші: Алладан қорықпау.  Ибн Масғудтан жеткен хадис бойынша пайғамбарымыз ﷺ айтты: «Алладан шынайы түрде ұялыңдар! Біз айттық «Ей Алланың елшісі, біз Аллаға шүкір Алладан шынайы қорқамыз. Пайғамбарымыз: «Ол бұлай емес, Алладан шынайы түрде ұялу, көкейіңдегі ойларға, қарныңды  толтыратын затыңа мән беру және қиыншылық пен өлімді еске алу, кімде-кім ақыретті қаласа, дүние қызығын тастайды, кімде-кім осыны істесе, Алладан шынайы қорыққаны» деген. Дүниені тастау дегенде жүрекке дүниені кіргізбеу деп ұққан дұрыс. (Ахмад, Тирмизи хадистер жинағы).

Екінші: Тез баюды қалау. Қазіргі кезде адамдардың көбі тез байып, қысқа уақытта пайдаға кенелгенді қалайды. Яғни халал тауарлармен бірге харам тауарлардың да араласып, соңы орны толмас өкініштерге апарғанын өзі байқамайды. Пайғамбарымыз ﷺ мүбарак хадисінді: «Жәннатқа жақындататын амалдар сендерге әмір еткен амалдарым, тозаққа апаратын амалдарым сендерге тыйым салған амалдарым», дейді. Сондықтан тез баюдың жолы осы екен деп харам мен халалды араластыру арқылы пайда көруден сақ болу қажет. [ Хаким Нисабуридің «Мустадрак» кітабында].

Үшінші: Қанағатсыздық.  Харамға бас сұғудың бірден-бір жолы Алланың бөлген несібесіне разы болмай, азға қанағатсыздық таныту. Пайғамбарымыз ﷺ хадис шарифінде: «Шын мәнінде Алла сендердің әрбіреуіңе мінез құлық дарытқандай, ризықтарыңды да бөліп берді. Алла Тағала дүниені жақсы көргеніне де жақсы көрмегеніне де береді. Ал дінді тек жақсы көргеніне ғана береді. Жаным құзырында болған Алламен ант етемін құлдың жүрегі, тілі дұрыс болмайынша және көршісімен жақсы болмайынша аманшылықта болмайды деген». Яғни Алланың берген нығметін дұрыс пайдалана алмай жалқаулыққа бой беріп, еңбек жасамастан қанағатсыздық танытып, ауызға келген не бір сөзді айтып күнаға батудан сақтануды айтуда. [Сахих хадис]

Төртінші: Харам кәсіптің зиянынан хабарсыз болу.  Көп адамдар күнәға барудағы басты себептерінің бірі харамның зияны  жайлы хабарсыздығы. Айшадан келген хабар бойынша мүміндердің анасы былай деді: «Әбу Бәкірге қызмет жасап жүрген жігіттердің бірі бір тағам ұсынып оны Әбу Бәкір жеді. Содан кейін әлгі жігіт: «Сен бұның қайдан келгенін білесің бе?» деп сұрады. «Қайдан келіп еді?» деді. «Кезінде көріпкелдікпен айналысқан уақытымда бір адамды алдап, содан тапқан ақшамнан алған едім» дейді. Ол сол мезетте қолын аузына тығып құсық шақырып жегенін сыртқа шығарып тастаған.[ Бұхариде келген]. Бұл жерде сахабалардан алатын тәлім күнделікті ішіп-жейтін тамағымызға аса мән беру керектігін ескертуде.

 

Адал кәсіптің артықшылығы:

 

Ардақты Пайғамбарымыздың адал еңбек пен адал несібе іздеген адамға берілетін берекеті мен артықшылығы жайлы көптеген  хадистері бар. Сол нәрселерге тоқталар болсақ:

Маңдай термен табыс табуды Алла жолындағы ерлік іске балаған. Ол жайында, жоғардағы Имам Табарани жеткізген хадисте былай дейді: «Егер де ол жас балаларына нәпақа табу үшін жолға шықса, Алла  жолында. Егер жасы ұлғайған қарт ата-анасының қамы үшін шықса, Алла жолында. Егер өз басын (тіленшіліктен, кедейшіліктен) сақтау үшін шықса, ол - Алла жолында. Ал егер адамдарға көрсету үшін, рияшылдықпен, мақтану мақсатында шықса, ол -  шайтанның жолында»,-деген.

  

Алланың Елшісі ﷺ бір жолы Сағыд ибн Муазды (Алла ол кісіге разы болсын)  жолдан кездестіріп, екеуі қол алысып амандасқанда, сахабаның қолы тілініп, күстеніп кеткенін байқайды. Пайғамбарымыз ﷺ себебін сұрағанда, Сағыд ибн Муаз (Алла ол кісіге разы болсын) отбасын асырау үшін еңбек етіп жүргенін, қолы содан тілінгенін айтады. Сонда Пайғамбарымыз ﷺ оның жауабына сүйсініп: «Міне, Алла осындай қолдарды ұнатады», – деген еді.

Ал, малды арам жолмен тапқандар жәйлі былай дейді:

لَنْ يَدْخُلَ الْجَنَّةَ لَحْمٌ نَبَتَ مِنْ سُحْتٍ ، أي : من حرام                

«Харам пайдадан өскен ет (яғни, адам) жәннатқа кірмейді», (Имам Термези риуаят еткен.) – деп ескерткен. Демек, әр бір адамның өзіне және отбасына напақа табу үшін кәсіп етуі міндет. Сондықтан да Пайғамбарымыз ﷺ

طَلَبُ كَسْبِ الْحَلاَلِ فَرِيضَةٌ بَعْدَ الْفَرِيضَةِ

«Адал пайда табуға талпыну - парыздан кейінгі парыз» деген. (Имам Бәйһақи шүғабул иман кітабінда риуаят еткен.)

Харамның мұсылман үшін зиянды екеніне сахабалар, табиғиндер, сондай-ақ дінін дәстүрге айналдырған ата-бабаларымыз да ерекше ден қойған. Қазақ халқы қашанда адал ұғымына ерекше мән берген. Тарихқа үңілсек ата-бабаларымыз тұлпарына доңыздың басқан шөбін жегізбей, адалдықты ұстанып, Алланың ақ жолынан жаңылмаған.

Қазақ халқы адалдықты ерекше бағалаған. Адал жар, адал дос, адал ас, адал еңбек, адал перзент секілді т.б. ұғымдардың бәрі ұлтымыз үшін қасиетті құндылықтар.

«Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деп әділетсіздік пен кісі ақысын жеуге жол бермеген билеріміздің, құндақтағы сәбиін дәретсіз емізбеген аналарымыздың салып кеткен сара жолы ұлт санасынан жойылмаған.

Бата қайырған сайын басына амандық, асына адалдық тілеп, жарлы болып өтсе де, арлылықтан таймаған, аш болса да, харамды ауызға алмаған батагөй діндар бабаларымыздың өткеніне Қашқынбай Қожамбетұлы (1830-1870) атамыздың мына бір өлең шумағы да дәлел:

 

..Адам безер сараңнан,

Жарлы болып жүрсем де,

Жимадым малды харамнан!

Ғұмар Қараш та (1875-1921) адалға мойын бұрмай, арам істі жасау Құдайдың ұрғанына балап былай деген:

Жігітті Құдай ұрғаны –

Жігерсіз, жасық болғаны.

Ұрлық, өтірік секілді

Келіссіз істі қолданып,

Адалға мойны жар бермей

Арам істі қылғаны!

Сол тектілік пен алтын арқау үзіле жаздаған жылдардан соң тәуелсіздікпен бірге асыл дініміз де қоса келді. Сол уақытта ұмыт болуға айналған асыл құндылықтарымыз өздігінен сарқылмас арна, үзілмес желі тартып кетпегені белгілі. Құдайға шүкір, соқтықпалы, соқпақсыз кезеңдерді бастан кешірген алаш жұрты бүгінде тарихи және дәстүрлі таным жүйесіндегі сабақтастығын қайта жалғап, әлем елдері көшінің алғашқы толқынында келеді.

Адал ас (халал өнім) – ұлттық, елдік мәселе.  Халал өнім – ел болашағын ойлаған әрбір азаматты алаңдатуға тиіс. Кезінде бұл мәселеге мойын бұруға мүмкіндік болмады. Ал, қазір тәуелсіздігімізді, елдігімізді күнделікті тұтынып жүрген халал аспен байланыстыру деңгейіне көтеріп келеміз. Аллаға шүкір, бұл – тәуелсіздігіміздің арқасында келген өлшеусіз сый. Сол себепті, осы мол мүмкіндікті пайдаланып, халал индустриясына қатысты мәселелерді білімі мен білігі бар азаматтар бірлесе шешетін уақыт келді.

Cоңғы жылдары елімізде «халал» өнімдері халықтың тұрмыс-тіршілігіне етене еніп үлгірді.

Ислам діні – таза дін. Қай мәселе тұрғысынан қарасаң да, ең алдымен тазалық бірінші орында тұрады. Сондықтан тазалық тұрғысынан алғанда «халал» өнім өндіретін өндіріс пен өнімді тұтынушыға жеткізетін сатылым орындары, сондай-ақ сатушылар мен сату ісін ұйымдастырушылар да халал талабына лайық болуы керек.

«Халал» тек тамақ өнімдерін ғана емес, жеңіл өнеркәсіпті де қамтиды.

Еліміздің 70 пайызын құрайтын мұсылмандар өздерінің жейтін асының халал болғанын қалайды. Себебі, біріншіден, бұл Ислам дініміздің бұйрығы болатын болса, ал екіншіден, шариғат талабына сай болмаған тағамдардың зияны мен зардаптарын халқымыз түсініп келеді. Бұл тек мұсылмандардың сұранысын қанағаттандырып қоймай, экономикалық дамуға да үлес қосып, адам денсаулығы мен қоғамдық белсенділікке тікелей әсер етеді.

Мұсылман ғұламалары халал-харам мәселесінде асқан ыждағаттылық танытқаны сонша, отбасыларын адал нәсібемен асырап, балаларының рухани тазалығына жағдай жасап, дені сау, рухы берік етіп өсіру үшін аянып қалмаған. Елді мекендерде мешіт жамағатының 85-90 пайыздайы жастар екендігі, олардың жүрек қалауымен имандылыққа бет бұрысы күннен-күнге арта түсіп отырғаны осы жәйтті аңғартса керек. Дінімізді қабылдап, мұсылмандар қатарын көбейтіп, Ислам кәусарынан сусындап, ділі нұрланып жатқандар қаншама! Өйткені олар Ислам талаптарының адамзат бақыты үшін берілген игі нығметтер екенін жанымен түсінді. Өзге сенімдегі әр түрлі амали еркіндіктерден бас тарта отырып, саналы түрде шариғат тыйымдарын мойындады.

«Ас – адамның арқауы» деген сөз қазаққа әбден таныс. Адам тіршілігінің көзі, өмірінің жалғастырушысы, ал кейде өмірін тоқтатушы ажал көзі де осы ас.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне қарағанда, 65 жасқа дейінгі өлім-жітімнің жартысы дұрыс тамақтанбаудан туындаған аурулармен байланысты. Ұзақ өмір сүру үшін, сондай-ақ жас ұрпақтың дұрыс дамып, өсуі үшін тиімді тамақтанудың және азық-түлікті зиянды компоненттерден қорғаудың маңызы ерекше.

Бүгінгі таңда қазақстандық нарықта отандық және шетелдік өндірушілер шығарып жатқан халал өнімдер пайда бола бастады. Алайда, оларды шариғат талаптарына сәйкес келеді деп айту үшін нақты дәлелдің қажет екені белгілі.

Расында, халал мен харам Алла Тағаланың әмірлерімен белгіленеді. Ешбір адам өз білгенімен халалды харам, харамды халал ете алмайды. Осындай қателікке бой алдырған жандарға қатысты Ұлы Құдірет Иесі:

﴿وَلا تَقُولُوا لِمَا تَصِفُ أَلْسِنَتُكُمُ الْكَذِبَ هَذَا حَلالٌ وَهَذَا حَرَامٌ لِتَفْتَرُوا عَلَى اللَّهِ الْكَذِبَ إِنَّ الَّذِينَ يَفْتَرُونَ عَلَى اللَّهِ الْكَذِبَ لا يُفْلِحُونَ

«Өз тілдеріңнің жалғаны мен қателіктерін Алла Тағалаға таңып, «мынау халал, мынау харам» деп айтпаңдар. Аллаға өтірік жала жапқан боласыңдар. Шындығында, Алланың атынан өтірік айтатындар құтылмайды» («Нахыл» сүресі, 16/116) деп қатал ескерту жасаған.

Сондай-ақ, Ислам әлемінің бұрынғы һәм қазіргі ғалымдары харам астың адам рухы мен мінез-құлқына зор әсерін тигізетіні жайлы дәлелдерін алға тартады. Ғалымдар халал жеудің адамның күнделікті іс-әрекетіне, жүріс-тұрысына, мінез-құлқына, тәрбиеге тікелей қатысы барын білдірген. Харам жеген адамның жағымсыз қылықтарға үйірсек келетінін айтқан. Мәселен, Имам Ғазали сәбиді хараммен қоректенетін әйел емізсе, болашақта баланың ұяты азайып, қиқар қылықтар мен нашар әдеттерге жақын болып өсетіндігін, сондықтан баланы харамнан алыс салиқалы, ізгі ниетті әйелге емізу керектігін ескерткен (Ихияу улумуд дин, 3-т., 165-б.).

Осыдан болар, үлгі-өнегесімен күллі мұсылмандардың ортақ мақтанышына айналған тұлғалардың көпшілігі мейлінше харамнан сақтанған, ешкімнің ақысын жемеген адал, момын, діндар, тақуа отбасылардан шыққан.

Белгілі маман доктор Пакнежад былай дейді: «Ғалымдар адам денесіндегі гормондардың мінез-құлыққа әсерін анықтады. Зерттеулер нәтижесінде, бездерден бөлініп шығатын гормондар адам мінез-құлқын анықтайтын басты алғышарт екендігі анықталды. Ғалымдардың пікірінше,  тамақтану адам денесіндегі бездерден бөлініп шығатын гормондармен тығыз байланысты. Сондықтан тамақтану адамның мінез-құлық сипатына өз әсерін тигізеді».

Мәулана Руми: «Ілім де, хикмет те, Құдайға деген ғашықтық та, шынайы мейірімділік те ішіп-жемнің адал болуына байланысты. Асқазанға түскен бір түйір ас бойда қызғаныш пен арамзалықты оятса, надандық пен ғапылдыққа берілуге сеп болса, онда мұндай ас – харам. Бидай егіп, арпа жиды дегенді естідің бе?» деген екен. Осылайша, Мәулана ізгі адам болудың және ізгі ұрпақ өсірудің халал аспен тығыз байланысты екеніне меңзейді.

Келер ұрпақтың ары таза, рухани дүниесі бай болсын десек, бала-шағамызды, отбасымызды халал, таза аспен қамтамасыз етуіміз қажет.

Ел мерейін үстем еткен батыр да, ақын да, ғұлама ғалым да тазалықтан туған. Бұрынғы кезде ата – бабаларымыз тек таза, табиғи, ешқандай химиялық қоспасыз өнімдерді пайдаланған болса, ал, қазіргі уақытта синтетикалық қоспаларсыз тағам өндірілмейтін болды. Бұл синтетикалық қоспалардың адам ағзасына тигізетін зиянды әсері қазіргі тұтынушыларды да алаңдата бастады.

Елімізде жақында білек сыбана жұмысына кірісіп кеткен «халал стандарт» ұйымының мақсаты да – бірінші кезекте өнімнің шариғат үкімдеріне сай болуы. Міне, осындай халал өнімдер шығару мен халал қызмет көрсетудің кешенді шаралары Қазақстан халқының денсаулығын жақсартуға бағытталады.

Халал тек Ислам дін өкілдеріне, имамдарға ғана қатасты нәрсе емес. Халал деген әрбір мұсылманның – өмір сүру салты.

Қорыта келгенде, мұсылман баласы қамшының сабындай ғана қысқа өмірде арам нәрселерден аулақ болып, тек қана адал заттарды пайдаланғаны жөн. Күнделікті тұрмыста харамнан қашып, өмірін халал аясында өткізу – әр мұсылман үшін өте маңызды. Шынайы мүмін халал тұрғанда харамды тіпті ойға да алмауы керек. Санасын тұрмыс билеп, адал-арамына қарамай әркім әртүрлі жолмен күн көрісін қамдаған бүгінгі заманда мұсылман адамның өз дініне беріктік танытып, шариғатымыз рұқсат етпеген істерден бойын аулақ салуы, ішкен-жегені мен табысын адалдап, харам түйеден гөрі халал түймені артық санауы, кіршіксіз таза өмір сүріп, адал құл болуға тырысуы – бұл дүниеде де, ақиретте де Алланың разылығына бөлейтін зор сауапты іс болмақ. Анығында сынақ ретінде берілген өмірдің қиындығы да сонда емес пе?!

Құрметті мұсылман қауым! Алла Тағала тыйым салған нәрселерден аулақ болып, адал деген затына жақын болайық! Мұсылман жамағаты Алла Тағала рұқсат еткен халал өнімдерді немесе өзі табиғи халал болып саналатын өнімдерді ғана пайдалануы керек. Мұсылман баласы Алла Тағаладан қорқып, тура жолмен жүргені дұрыс және халал мен харамның ара-жігін ажыратып, материалдық тұрғыдан да, рухани жағынан да тап-таза болуы қажет. Сонда ғана дүниеде бақытты, ақыретте жұмаққа кіруге лайықты жандардан боламыз. Олай болса адалмен жүруіміз үшін адал еңбек етуді, әртүрлі бүлік шығаратын сөздерден аулақ болуды нәсіп етсін!

 

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру