Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Он бәленің тоғызы тілден

17.09.2019 4320 0 пікір

«Ақыл-ойдың көркі – тіл, тілдің көркі – сөз»

Ж. Баласағұн

Жаратушының адам баласына берген ұлы нығметтерінің бірі – тіл. Алла Тағала Құран Кәрімде:

أَلَمْ نَجْعَلْ لَهُ عَيْنَيْنِ، وَلِسَاناً وَشَفَتَيْنِ

Біз оған (көрсін деп) екі бірдей көз бермедік пе? (сөйлесін деп) бір тіл, қос ерін (бермедік пе)?[1].

Тіл адамды басқа жаратылыстардан ерекшелейтін негізгі белгі. Алла Тағала қасиетті Құранда:

الرَّحْمَنُ، عَلَّمَ الْقُرْآنَ، خَلَقَ الْأِنْسَانَ، عَلَّمَهُ الْبَيَانَ

Рахман, (Алла)! (Адамдар мен жындарға) Құранды үйретті. Адамды (жоқтан) жаратты. Оған сөйлеуді үйретті.[2]

Адам тіл арқылы иманға келіп, мұсылман болса, тіл арқылы діннен шығуы да оп-оңай. Тіл адамның ойын, сезімін басқаға жеткізуші құрал. Қуантатын да тіл, жылататын да тіл. Тілді еркіне жіберсе, арты орны толмас өкінішке апаратын да кездері болады.

Айтылған сөз атылған оқ демекші айтқан сөзіңізді қайтарып ала алмайсыз. Отыз тістен шыққан сөз отыз елге әп-сәтте-ақ тарап кетеді. Сол себепті тілін құрықтай білген, оған иелік еткен адам бұл өмірдің ұятынан, ақыреттің азабынан құтылары хақ.

Сөйлеу алу, ішіндегі сезімдерің мен ойынды екінші бір адамға жеткізу, Алланың адам баласына берген шексіз нығметтерің бір көрінісі. Алайда сөйлеу тілді еркіне жіберу деген сөз емес. Оның қызметін орынды қолдану білу – адамның имандылығының белгісі. Әрбір мұсылман сөйлеген кезде мән берілуі қажет негіздер;

Аллаға серік қосудан аулақ болу:

Аллаға серік қосу, Онымен қатар бір нәрсеге табыну – Алла кешірмейтін ең үлкен күнә. Жаратушы жалғыз Аллаға тән сипаттарды Одан басқа бір нәрсеге таңу да серік қосу амалына жатады. Мысалы, Алладан басқадан перзент сұрау, ауруына ем сұрау және т.б.[3]  Құран Кәрімдегі Лұқманның баласына айтқан сөзі:

وَإِذْ قَالَ لُقْمَانُ لِابْنِهِ وَهُوَ يَعِظُهُ يَا بُنَيَّ لَا تُشْرِكْ بِاللَّهِ ۖ إِنَّ الشِّرْكَ لَظُلْمٌ عَظِيمٌ

«Сонда Лұқман өзінің ұлына уағыздап: «О, ұлым! Аллаға серік қоспа! Расында, серік қосу өте зор күнә»[4], – деді»

Жаратушы Алла шексіз рахым иесі болғанымен өзінен басқаға жалбарынып, одан қажетін сұрап, табынуды ешқашан да кешірмейді. Жаратушыға ортақ қосу жайында Алла Тағала Құранда:

 إِنَّ اللّهَ لاَ يَغْفِرُ أَن يُشْرَكَ بِهِ وَيَغْفِرُ مَا دُونَ ذَلِكَ لِمَن يَشَاءُ وَمَن يُشْرِكْ بِاللّهِ فَقَدْ ضَلَّ ضَلاَلاً بَعِيداً

«Шындығында Алла Өзіне серік қосқанды кешірмейді, ал одан басқаны (басқа күнәні) қалаған пендесіне кешіреді. Кімде-кім Аллаға серік қосса, ол қатты адасады»[5]

Алладан басқадан жәрдем сұрау, оған мінажат қылу жайында Алла Тағала Құран Кәрімде бүкіл иман келтіргендерді былайша ескерткен:

﴿فَلَا تَدْعُ مَعَ اللَّهِ إِلَهاً آخَرَ فَتَكُونَ مِنَ الْمُعَذَّبِينَ﴾

«(Уа Мұхаммед!) Олай болса Алламен қатар өзгеге де құдай деп жалбарынба, әйтпесе азапқа душар болатындардың қатарына қосыласың.[6]

Пайғамбар (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) дұға, медет тілеудің жай-жапсарын толық түсіндіріп өткен. Солардың ең бірегейі, төмендегі өсиет-хадисі.

 عَنِ بْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ قَالَ كُنْتُ خَلْفَ رَسُولِ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَوْمًا، فَقَالَ: «يَا غُلَامَ، إِنِّي أُعَلِّمُكَ كَلِمَاتٍ اِحْفَظِ اللهَ يَحْفَظُكَ، اِحْفَظِ اللهَ تَجِدْهُ تِجَاهَكَ، إِذَا سَأَلْتَ فَاسْأَلِ اللهَ، وَإِذَا اسْتَعَنْتَ فَاسْتَعِنْ بِاللهِ، وَاعْلَمْ أَنَّ الْأُمَّةَ لَوِ اجْتَمَعَتْ عَلَى أَنْ يَنْفَعُوكَ بِشَيْءٍ لَمْ يَنْفَعُوكَ إِلَّا بِشَيْءٍ قَدْ كَتَبَهُ اللهُ لَكَ وَلَوِ اجْتَمَعُواْ عَلَى أَنْ يَضُرُّوكَ بِشَيْءٍ لَمْ يَضُرُّوكَ إِلَّا بِشَيْءٍ قَدْ كَتَبَهُ اللهُ عَلَيْكَ، رُفِعَتِ الأَقْلَامُ وَجَفَّتِ الصُّحُفُ». رَوَاهُ التِّرْمِذِيُ.

Абдулла ибн Аббас (р.а.) былай деді: «Пайғамбардың (с.ғ.с.) артында келе жатқанда Ол (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) маған: «Ей, балақай! Мен саған мына сөздерді үйретемін: Алланы сақта (яғни, жадыңнан шығарма), сонда Ол сені сақтайды. Алланы сақта, сонда оны алдыңнан табасың. Бірдеңе сұрасаң, Алладан сұра. Жәрдем тілесең, Алладан тіле. Бүкіл халық жиналып саған бір пайда келтірмек болса, тек Алла жазған нәрсені ғана келтіре алатындығын және олар саған бір зиян келтірмекке жиылса да, тек Алланың жазғанын ғана келтіре алатындығын білгейсің. Қаламдар көтерілді, парақтар кеуіп кетті (яғни, тағдыр тақтасына бәрі жазылды)»[7], – деді.

Дегенмен адамдар арасында тілін осы орайда дұрыс қолдана алмай, былғап алып жататын кездері болады. Ешқандай негіздерге сүйенбестен бір затқа болжам, пайым бере бастайды «қара мысық кесіп өтсе, жолың болмайды», «Бос бесікті тербетпе балалы болмайсың», «Байғыз құс шақырса, жамандық болады» мүлдем негізі жоқ ырымдарған сеніп, соны бұлжымас ережедей қабылдайтын адамдар бар. Ол әрине дұрыс емес.  Ырым жолдары мен түрлері өте көп. Мысалы шешен болсын деп аузына түкіру,отаншыл болсын деп туған жерге аунату, сондай болсын деп батырдың сарқытын жегізу немесе оның атын қою сияқты ырымдар бар. Бұл ырымдарды қолдануға болады. Сол секілді тойда, келін түсіруде балаларды осындай қуанышқа жетсін деп нан, бауырсақ, кәмпит алып оны апарып береді. Ырым, Ырымкүл деген ұл, қыз аттары да осы ғұрыппен қойылған. Халықта жасы 100-ге жеткен адамның киімін, ұстаған затын осындай жас берсін деп үлестіріп, бөліп алу. Мұхаммед пайғамбар (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Жаман ырым исламда жоқ. Бірақ маған «әлфәл» (жақсы ырым, жақсы сөз) ұнайды» деген екен. Қазақтың «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген мәтелі де осы хадиспен ұштасады. Қазақ халқы да не нәрсені болмасын жамандыққа жорудан тартынады, сондықтан болмаған іске байланысты келеңсіз қылық көрсеткендерді «Жаман ырым бастама» деп тыйып тастап отырады.

Кәпір деп айыптау:

Қазіргі кезде шариғат шарттарын ескермей бір адамның шариғатқа қайшы әрекет жасағаны үшін кәпір деп үкім бере салудан тартынбайтын топтар пайда болуда. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) өзінің мүбарак хадисінде:

وَمَنْ رَمَى مُسْلِمًا بِكُفْرٍ فَهُوَ كَقَتْلِهِ

Кімде-кім мұсылманды күпірлікпен айыптаса, ол оны өлтіргенмен тең[8] деген.

Алла Тағала Құран аятында:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا إِذَا ضَرَبْتُمْ فِي سَبِيلِ اللَّهِ فَتَبَيَّنُوا وَلَا تَقُولُوا لِمَنْ أَلْقَىٰ إِلَيْكُمُ السَّلَامَ لَسْتَ مُؤْمِنًا تَبْتَغُونَ عَرَضَ الْحَيَاةِ الدُّنْيَا فَعِندَ اللَّهِ مَغَانِمُ كَثِيرَةٌ ۚ كَذَٰلِكَ كُنتُم مِّن قَبْلُ فَمَنَّ اللَّهُ عَلَيْكُمْ فَتَبَيَّنُوا ۚ إِنَّ اللَّهَ كَانَ بِمَا تَعْمَلُونَ خَبِيرًا ﴿٩٤﴾

Әй, мүміндер! Алла жолында жорыққа шыққанда, әрбір жағдайдың байыбына баруға тырысыңдар (яғни кімнің мүмін және кімнің кәпір екенін анықтаңдар, әр нәрсеге жіті қарап, әр мәселенің қыр-сырына әбден қанығыңдар). Өздеріңе бейбітшілік тілеп, мұсылманша сәлем бергенге дүние тіршілігінің өткінші игілігіне (олжа) қызығып: «Сен мүмін емессің» деп, айтпаңдар. Біліп қойыңдар Алланың құзырында мол әрі сан алуан олжалар бар. Бұрынырақта өздерің де сондай (яғни Исламнан, иманнан бейхабар)едіңдер. Алла сендерді көптеген нығметке (соның ішінде иман нығметіне) бөледі. Ендеше әрбір жағдайдың байыбына барып, әрекет етіңдер. Шүбәсіз Алла не істеп, не қойып жүргендеріңнен толық хабардар.[9]

Сол себепті, біреуді күпірлікке шығарардың алдында ол адамның не үшін ол әрекетті жасағанын ойлау керек. Мысалы адам білместіктен Алланы лайықты емес заттармен сипаттауы мүмкін, ол көп жағдайда ислам негіздерін дұрыс білмегендіктен туындайтын жағдай. Сол секілді ол қателесуі немесе оны істеуге мәжбүр болуы мүмкін, және кәпір деп үкім беруші адам мұның барлығын ескере білетін шариғатты терең оқыған адам болуы ләзім.

Өзіне қатысы жоқ сөзге араласу:

Тілдің қызметін орынды қолданудың бір жолы өзіне қатысты болған істе сөз қозғау. Өйткені тілін өзіне қатысы жоқ істке араластыру күнәға батып, соған уақытын кетіргені үшін ысырапқорлардың қатарына енуі мүмкін. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) мүбарак хадисінде:

مِنْ حُسْنِ إِسْلَامِ الْمَرْءِ تَرْكُهُ مَا لَا يَعْنِيهِ

«Көркем мұсылманның белгісі – өзіне қатысы жоқ нәрсені тастауы»,[10] деді.

Шығыс халқында мынандай мақал бар: «Өзіңе қатысы жоқ затқа аралассаң, өзің ұнатпаған затты естуге душар боласың,» деген.

Алайда әңгімеге араласу қажеттілік туған жағдайда рұқсат сұрап өз ойын айтуға, белгілі бір мәліметті жеткізкізуге болады. Ондайда әдепті негізге ала отырып: «Сөздеріңізге араласқаныма кешірім өтінем рұқсат етсеңіздер осы турасында менің қосар ойым бар еді» деген секілді тәсілде жүзеге асады. Ал рұқсатсыз килігіп кету мұсылманның сипатынан емес.

Сөзді көбейту:

Сөйлеу барысында сөздің қысқа әрі нұсқа болуы – сөйлеу әдебінің негіздерінен. Тамақ қандай дәмді болсын асыра жеп шамадан тыс қабылдаса, астың мәні кетеді. Сол секілді сөз інжу-маржанмен көмкерілсе де, оны шамадан тыс асыра қолданса, сөздің мәні кетіп адамды жалықтырары анық. «Көп сөйлеген білімді емес, дөп сөйлеген білімді.» демекші, адамның сөзінің қысқалығы мұсылманға лайықты. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) мүбарак хадисінде:

مَنْ كَانَ يُؤْمِنُ بِاللهِ  وَالْيَوْمِ اْلآخِرِ فَلْيَقُلْ خَيْرًا أَوْ لِيَصْمُتْ

«Аллаға және ақырет күніне имам келтірген адам қайырлы нәрсе айтсын немесе үндемесін»[11].

Сөздің қадірі жайында Асан қайғы бабамыз:

Таза мінсіз асыл тас,

Су түбінде жатады.

Таза мінсіз асыл сөз

Ой түбінде жатады

-деп жырға қосқаны осының дәлелі болса керек.

«Жақсы ой, жарым ырыс» деген қазақ атамыз мүлдем үндемей қалуды да құптамаған. «Бір жылы сөз бітірер, мың көңілдің жарасын», «Сөз қадірін білмеген, өз қадірін білмейді» дей келе сөйлейтін жерде орынды тоқтам айта білу керектігін меңзейді.

Азғындықты жариялауда тілге еркіндік беру:

Адамның кезінде басынан өткен мұсылманға адамға жат қылықтарын еске алып отыратын кездері болады. Бұл дұрыс емес. Осы турасында пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) :

إِنَّ الْعَبْدَ لَيَتَكَلَّمُ بِالْكَلِمَةِ مِنْ رِضْوَانِ اللَّهِ لَا يُلْقِي لَهَا بَالًا يَرْفَعُهُ اللَّهُ بِهَا دَرَجَاتٍ ، وَإِنَّ الْعَبْدَ لَيَتَكَلَّمُ بِالْكَلِمَةِ مِنْ سَخَطِ اللَّهِ لَا يُلْقِي لَهَا بَالًا يَهْوِي بِهَا فِي جَهَنَّمَ

Шынында құлдың бір сөзі оның дәрежесін өсіріп, Алланың ризашылдығына бөлесе, бір сөзі үшін тозаққа тасталып, Алланың ашуына душар болады.[12]

Басқа бір хадисте:

إِنَّ أَعْظَمَ النَّاسِ خَطَايَا يَوْمَ الْقِيَامَةِ أَكْثَرَهُمْ خَوْضًا فِي الْبَاطِلِ

Қияметтегі ең күнәһар адамдар олар – азғындыққа көп кіргендер (көп айтқандар),[13] деген.

Әли ибн Әбу Тәліп ﴾р.а.﴿: «Өз күнәсін айтып жүрген адам мен соны естіп басқаларға жеткізген адам да бірдей күнәһар»[14], дегені бар. 

Сөз таластыру:

Әр нәрсеге сөз қайтару, сөз таластыру оны әдетке айналдыру мұсылманға лайық емес сипат.

Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) хадисінде:

«Бір күні біз діни мәселеде сөз тартысып жатқанымызда Алла елшісі жанымызға келді. Бізге ашуланғаны соншалық, ол кісінің дәл осындай ашулы халін бұрын-соңды көрмеген едік. Жанымызға келген әз елші:«Сөз тартысуды доғарыңдар! Сендерден бұрын келгендер осының кесірінен ғана құрып кеткен еді. Сөз тартысудың пайдасы жоқ, сөз таласу зиянды. Мүмін адам сөз тартыспайды»[15], деп қатаң ескерткен.

Яғни, орынсыз мән-мағына жоқ сөз таластыру дұрыс емес.

Сөзді орынсыз көркемдеу:

Сөз көркемдеу тәсілдерін орынсыз қолдану, орынсыз айтылған теңеу сөздің мәнін бұзады. Әсіресе өзін топтың алдында көрсету мақсатында айтылса. Әрбір адам сөйлегенде тыңдаушы адамның жасын оның білім деңгейін ескерген жөн. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын):

وَإِنَّ أَبْغَضَكُمْ إِلَيَّ وَأَبْعَدَكُمْ مِنِّي مَجْلِسًا يَوْمَ الْقِيَامَةِ الثَّرْثَارُونَ وَالْمُتَشَدِّقُونَ والْمُتَفَيْهِقُونَ

«Мен үшін сендердің жеккөрініштілерің және қияметте менен алыс болатындарың көп сөйлейтіндерің, сөздерінде тоқтамы жоқтарың, тәкәппарлана сөйлейтіндерің»[16], деген.

Басқа біреуді қарғап-сілеуден аулақ болу:

Хайуан болсын, ақыл иесі адам болсын, жансыз зат болсын оны қарғауға, лағынет айту мұсылманға жат қылық. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) өзінің мүбәрак хадісінде:

الْمُؤْمِنُ لَيْسَ بِلَعانٍ

«Мүмін лағынет айтушылардан емес»[17], деген.

Ата-бабамыз өзінің ұрпағына «қарғыс алма, алғыс ал» деген нақылды құлағына құйып өсірген. Осы сөзді санасына сіңген қазақ халқы ешкімнің ала жібін аттамай, әр сөзіне ойланып айтып, әр қадамын бақылап басқан.

Шындығында, қарғыс тектен-текке айтыла бермейді. Ол ашу-ызадан, екінші адамның озбырлығынан, тәкәппарлығынан туындайды. Сол себепті зұлымдыққа ұшыраған адамның қарғысынан сақ болу қажет, өйткені ол әлемдердің Раббысына шағымданады. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) өзінің мүбарак хадисінде:

اِتَّقِ دَعْوَةَ الْمَظْلُومِ فَإِنَّهُ لَيْسَ بَيْنَهُما وَبَيْنَ اللهِ حِجابٌ

Зұлымдыққа ұшыраған адамның жасаған (саған) дұғасынан аулақ бол, өйткені Алла мен оның арасында (дұғаның қабыл болуында) перде жоқ[18], деген.

Әзілдің шегін білмеу:

Ғұлама әл-Фараби: «Сөз тапқырлық – жақсы адамгершілік қасиет және мұның өзі әзілді орнымен пайдаланғанда болатын нәрсе» деу арқылы орнымен айтылған әзілдің кісі бойындағы ізгі қасиеттердің біріне жататындығын меңзейді. «Әзілің жарасса, атаңмен ойна» демекші, сөз қадірін білу ол нағыз парасаттылық.

Алла Елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) үлкен кісілермен жылы әзілдескен. Бірде қарт әйел келіп: «Мен де жұмақтағылардың қатарынан болғым келеді, дұға етіңізші» деп өтінгенде, Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) оған: «Жәннатта қарт кісілер болмайды» деп әзілдейді. Мұны тура мағынада түсінген әйел жылап кетіп қалады. Сонда Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Ол кісіге айтыңыздаршы, әйелдер қартайған түрінде емес, Алла оларды уыздай жас күйінде жұмаққа кіргізеді» деп түсіндіреді.[19]

Адамды әжуәлау, келеке ету:

Мұсылман – мұсылманның бауыры, ол оны сатпайды, опасыздық істемейді, мазақ етпейді. Өйткені адамды әжуалап оны келеке етуің Алланың көркем жаратылысына тіл тигізуің, ал мұсылманға тіл тигізуің одан да ауырырақ. Алла Тағала Құран Кәрімде:

اللَّهُ وَلِيُّ الَّذِينَ آمَنُوا 

Алла иман келтіргендердің жанашыр досы.[20] 

Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) хадисімен айтар болсақ:

الْمُسْلِمُ مَنْ سَلِمَ الْمُسْلِمُونَ مِنْ لِسَانِهِ وَيَدِهِ

«Мұсылман кісінің қолы мен тілінен басқалар азап шекпейді» [21], деген.

Құпия ашу:

Қазіргі қоғамдағы дерттерінің бірі – жеке тұлғаға тән болған құпия, сырларды ашуға ынтызар болуында. Ғаламторда күнделікті ақпарат беттерінде өздерінің танымалдығын арттыру мақсатында ел назарындағы тұлғалардың құпия, сырлары әшкере болуда. Бұл қазіргі қоғамның сыр сақтау білмейтіндігінің бірден-бір көрінісі. Өйткені сыр ол Алланың аманаты,  Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) асыл қасиеттерінен. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) бұл турасында:

إذَا حَدَثَ الرَّجُلُ الْحَدِيثَ ثُمَّ اِلْتَفَتَ فَهِيَ أَمَانَةٌ

«Егер бір адам саған әңгіме айтып, басқа жаққа бұрылса сол (әңгіме) саған аманат болады»[22], деген.

Жаужүрек баһадүр бабамыз Бауыржан Момышұлы: «Сырыңды ешкімге алдыртпа! Екі елі ауызыңа сыймаған сөз, өзгенің отыз екі тісінің арасына тіптен сыймайды» - деп адамның өзінің сөзіне сақ болуын ескертеді.

Уәдені орындамау:

Мұсылман үшін асыл қасиет, пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) көркем мінезінен болған, имандылықтықтың нышаны уәдеге берік болу, қазіргі замандағы адамдардың бойынан табылуы қиын асыл қасиеттердің бірі.

Алла Тағала Құран кәрімде:

﴿ وَأَوْفُوا بِالْعَهْدِ إِنَّ الْعَهْدَ كَانَ مَسْئُولًا ﴾

Сертті орындаңдар. Сөз жоқ, уәде сұралады.[23]

Құрметті жәннәт иегерлерінің де асыл сипаттарының бірі – бұл өмірде сертте тұру болған. Алла Тағала Құран кәрімде:

﴿ وَالَّذِينَ هُمْ لِأَمَانَاتِهِمْ وَعَهْدِهِمْ رَاعُونَ ﴾

Тағы олар сондай аманаттарын, уәделерін сақтаушылар.[24]

Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) мүбәрак хадисінде:

اِضْمِنُوا لِي سِتًّا مِنْ أَنْفُسِكُمْ ، أَضْمَنُ لَكُمْ الْجَنَّةَ : اُصْدُقُوا إِذَا حَدَّثْتُمْ، وَأَوْفُوا إِذَا وَعَدْتُمْ، وَأَدُّوا إِذَا اُؤْتُمِنْتُمْ، وَاحْفَظُوا فُرُوجَكُمْ، وَغَضُّوا أَبْصَارَكُمْ، وَكَفُّوا أَيْدِيَكُمْ.

«Маған бес нәрсеге кепілдік берсеңдер, мен сендердің жәннатқа кіретіндеріңе кепілдік беремін: Сөздеріңе берік болыңдар, уәделеріңде тұрыңдар, аманатты қайтарыңдар, ұятты жерлеріңді сақтаңдар, көздеріңді төмен салыңдар, қолдарыңа ие болыңдар»[25], деді.

Өтірік айту:

Өтірік сөйлеу – тіл арқылы көрініс табатын аса қауіпті жүрек ауруларының бірі. Алла Тағала жүрегінде мұндай дерті бар адамдардың ақыреттегі жағдайын аятта: 

فِي قُلُوبِهِم مَّرَضٌ فَزَادَهُمُ اللَّهُ مَرَضًا ۖ وَلَهُمْ عَذَابٌ أَلِيمٌ بِمَا كَانُوا يَكْذِبُونَ

«Олардың жүректерінде дерт бар (күншілдік дерті). Сонда Алла олардың дертін арттыра түсті. Сондай-ақ оларға өтірікшіліктерінің салдарынан күйзелтуші азап бар».[26] 

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадисінде:

أَرْبَعٌ مَنْ كُنَّ فِيهِ كَانَ مُنَافِقًا خَالِصًا ، وَمَنْ كَانَتْ فِيهِ خَصْلَةٌ مِنْهُنَّ كَانَتْ فِيهِ خَصْلَةٌ مِنْ النِّفَاقِ حَتَّى يَدَعَهَا : إِذَا اؤْتُمِنَ خَانَ ، وَإِذَا حَدَّثَ كَذَبَ ، وَإِذَا عَاهَدَ غَدَرَ ، وَإِذَا خَاصَمَ فَجَرَ

«Нағыз мұнафықтың төрт сипаты бар. Егер адамда осы төртеудің бірі бар болса, онда оның бойында мұнафықтың белгісі болғаны. Ол содан арылуы қажет. (Олар): аманатқа қиянат жасайды; сөйлесе өтірік айтады; уәдесін орындамайды және тартысса, онда дау шығарады»[27] , дейді.

Тіл кеспаты – ғайбат:

Тілдің душар болуы мүмкін ауруларының бірі – ғайбат. Құран аяттары мен  пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) хадистерінде бұның қаншалықты жиіркенішті екені жайында мысалдар көп. Алла Тағала ғайбат айтушы адамды құран кәрімде өлексенің етін жеген адамның бейнесінде қатаң сипаттайды. Алла Тағала:

وَلَا يَغْتَب بَّعْضُكُم بَعْضًا ۚ أَيُحِبُّ أَحَدُكُمْ أَن يَأْكُلَ لَحْمَ أَخِيهِ مَيْتًا فَكَرِهْتُمُوهُ ۚ وَاتَّقُوا اللَّهَ ۚ إِنَّ اللَّهَ تَوَّابٌ رَّحِيمٌ

Бір-біріңді аңдымаңдар және бір-біріңді ғайбаттамаңдар! Қайсыбірің болмасын, өлген бауырының етін жегенін ұната ма? Әнеки бірден жиіркендіңдер. Ендеше Алладан қорқыңдар! Шүбәсіз, Алла Тәууаб (құлдарының шанайы тәубесін қабыл етуші), Рахим (тәубеге келіп, Өзіне бет алған құлдарына ерекше мейірімді).[28] 

Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) мүбарак хадисінде:

" كُلُّ الْمُسْلِمِ عَلَى الْمُسْلِمِ حَرَامٌ دَمُهُ وَمَالُهُ وَعِرْضُهُ"

«Бір мұсылманның екінші мұсылман үшін қаны, малы, ары харам болды»[29], деп, ғайбат айтудың ауыр күнә екенін ескертеді.

Өсек тасу:

Өсек тілдің негізгі кесапаттарының бірі.

Өсекші адамның жәннатқа кірмейтіні жайында пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын):

 لا يَدْخُلُ الجَنَّةَ نَمَّامٌ
         

«Жәннатқа өсекші кірмейді»,[30] деген.

Олай болса тілімізге өте сақ болайық, тек пайдалы сөз айтуымызды Алла нәсіп етсін!

 

 

 

[1] Бәләд сүресі, 8-9 аяттар.

[2] Рахман сүресі, 1-4 аяттар.

[3] http://fatua.kz/kz/post/view?id=463

[4] Лұқман сүресі, 13-аят.

[5] Нисә сүресі, 116-аят.

[6] Шұғара сүресі, 213-аят

[7] Тирмизи хадистер жинағы

[8] Фатху әл-Бари шарх сахих әл-Бухари № 6277

[9] Ниса сұресі, 94-аят

[10] Тирмизи хадистер жинағы

[11] Бұхари хадистер жинағы

[12] Бұхари хадистер жинағы

[13] Табарани хадистер жинағы

[14] «Файдуль-Къадир» 3/323.

[15] Табарани хадистер

[16] Тирмизи хадистер жинағы

[17] Тирмизи хадистер жинағы

[18] Бұхари хадистер жинағы

[19] Тирмизи хадистер жинағы.

[20] Бақара сүресі, 257-аят.

[21] Бұхари хадистер жинағы

[22] Ибн Әби Дүния

[23] Исра сүресі, 34-аят.

[24] Мағариж сүресі, 32-аят.

[25] Ахмад хадистер жинағы.

[26] Бақара сүресі, 10-аят.

[27] Бұхари хадистер жинағы

[28] Хужурат сүресі 12-аят.

[29] Муслим, Ахмад хадистер жинағы.

[30] Муслим хадистер жинағы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұсылман діни күнтізбесі