Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ
Қазақстан мұсылмандары
діни басқармасының төрағасы,
Бас мүфти
Ақиқатында, мұсылман үмбеті бүкіл басқа үмбеттерге, халықтарға, ұлт-ұлыстарға керемет үлгі. Бұл жайында Құран Кәрімде:
كُنْتُمْ خَيْرَ أُمَّةٍ أُخْرِجَتْ لِلنَّاسِ تَأْمُرُونَ بِالْمَعْرُوفِ وَتَنْهَوْنَ عَنِ الْمُنْكَرِ وَتُؤْمِنُونَ بِاللَّهِ وَلَوْ آمَنَ أَهْلُ الْكِتَابِ لَكَانَ خَيْرًا لَهُمْ مِنْهُمُ الْمُؤْمِنُونَ وَأَكْثَرُهُمُ الْفَاسِقُونَ
«Сендер адамдар үшін шығарылған үмбеттің ең қайырлысы болдыңдар: ізгілікке бұйырып, жамандықтан тыясыңдар, Аллаға сенесіңдер. Кітап иелері (сендер сияқты) иман келтірсе, өздері үшін, сөзсіз, қайырлы болар еді. Олардың арасында мүміндер де бар, алайда олардың көпшілігі – пасықтар[1]»,-деп баяндалған.
Ислам – бейбітшілік пен амандық кепілі. Ислам шариғаты адамзаттың бүгіні және болашағы қарсы алдында шығатын барлық мәселелердің гумандық шешімі бар. Исламда зорлық-зомбылық атымен жоқ. Әділеттілік пен теңдік Исламның негізгі қағидаты. Дініміздің мәмілегершілік, жақсы мінез-құлық һәм өнегелі насихат арқылы тарады. Бұл тұрғыда әрбір мұсылман Пайғамбарды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үлгі-өнеге тұтады.
Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамдарды иманға көркем мінез-құлықпен баурады. Үндеген жақсылығы өн бойынан көрініс тапқан пайғамбарды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дұшпандарыны мойындаған еді. Мұсылманшылықты мойындамаса да, Мұхаммади мінез алдында бас иетін. Меккелік мүшріктердің өзі оны аманатшыл да сенімді Мұхаммед деп атайтын.
Исламда татулық пен ынтымақ тақуалықтың сыңары. Бұл қасиеттер бір-бірінен еш ажырамайды. Құран Кәрімде:
فَاتَّقُوا اللَّهَ وَأَصْلِحُوا ذَاتَ بَيْنِكُمْ
«Алладан қорқыңдар әрі өз араларыңды дұрыстаңдар[2]»,-деп әмір етілген.
Жұбайлар арасында да, жалпы адамдар арасында да сөз жарасымдылығы, бәтуалы байламға тоқтап, ымыраға келу әрдайым аса қайырлы амал. Жаратқан Ием:
وَالصُّلْحُ خَيْرٌ
«Татулық – қайырлы[3]»,-деп айтқан. Мұсылман қауымының бір қасиеті ретінде:
وَأَمْرُهُمْ شُورَى بَيْنَهُمْ
«Олардың (мүміндердің) істері өзара кеңесумен атқарылады[4]»,-деп көрсеткен.
Ислам – бейбітшілік пен амандық. Мұсылман сәлем бергенде адамға амандық пен бейбітшілік тілеп амандасады. Қарым-қатынаста адамды мұсылман және басқа деп бөліп-жармайды. Алланың пендесі, адамның баласы деген қағиданы ұстанады. Ал, иманына келсек, әр пенде Жаратушысының алдында өзі жауапты. Әрине, бұл Исламның құндылығы ешкімге насихатталмайды деген сөз емес. Бірақ, адамға еркінен тыс мәжбүрлік пен зорлық арқылы үгіттелмейді. Сондықтан, әрбір дін өкілімен мәмілегершілік шеңберінде түсініседі. Әрбір адам сенімін қастерлеп, басқалардың да сеніміне сыйластық танытуы азаматтық борышы. Құран Кәрімде:
لا يَنْهَاكُمُ اللَّهُ عَنِ الَّذِينَ لَمْ يُقَاتِلُوكُمْ فِي الدِّينِ وَلَمْ يُخْرِجُوكُمْ مِنْ دِيَارِكُمْ أَنْ تَبَرُّوهُمْ وَتُقْسِطُوا إِلَيْهِمْ إِنَّ اللَّهَ يُحِبُّ الْمُقْسِطِينَ
«Алла сендердің өздеріңмен дін үшін соғыспаған əрі үйлеріңнен шығармағандарға жақсылық жасауларыңа жəне оларға турашыл болуларыңа тыйым салмайды. Асылында, Алла турашылдарды жақсы көреді[5]», – деп өзге дін өкілдерімен бейбіт ғұмыр кешуді, сондай-ақ мұсылмандардың оларға жақсылық әрі әділдік танытуларына рұқсат берген. Алла Тағала мұсылмандарға өздеріне қарсы соғыспаған, басқа дін өкілдерімен тату болуға үндейді.
Тіпті, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Ислам дініне және жеке тұлғасына дұшпандық пиғылын еш жасырмай ашық түрде қарсылық әрекеттерін жасаған жауымен де мәміле таба білген. Асқан адамгершілігіне куә болған жаулары да пайғамбар парасатына бас иген. Бұған Мекке мүшріктерімен жасаған Худайбия келісімі дәлел.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Мәдинаға қоныс аударғанда ең алғашқы қолға алған ісі шаһардағы яһуди мен мұсылмандардың ара-қатынасына тәртіп орнату болды. Діні бөлек бірақ бір шаһардың тұрғындарын өзара тату өмір сүру заңын құжатпен бекітті. Сонымен бірге, мешіт тұрғызды. Меккелік мүһәжір сахабалар мен жергілікті ансар сахабаларды бір-біріне ағайын-туыс етті.
Құдіреті шексіз Жаратушы соңғы пайғамбарды жер бетіне бейбітшілік орнату үшін жіберілген. Құранда бұл жайында: «Біз сені әлемдерге тек рақым етіп қана жібердік[6]», – деп, сан ғасырлар бойы мұсылмандар осы ерекшелікпен өз діндерін мақтан етіп, насихаттауда.
Құранда бейбітшілік мағынасын білдіретін “сәлам” сөзі көптеген аятта айтылуда. Өйткені, Құран ынтымақ пен бейбітшілікті баса насихаттайды.
Ислам әрбір дін өкіліне құрметпен қарайды. Ешкімді дініне, ұлтына, нәсіліне және жынысына қарап шеттетпейді. Адамға адами тұрғыдан баға беріледі. Адам адамнан тақуалық, діндарлық қасиетімен ғана жоғары бола алады. Басқа өлшем түрі жоқ. Құран Кәрімде: «Ей, адамзат! Сендерді Біз әуелде бір еркек, бір әйелден, бір ата, бір анадан өрбіттік. Өзара қарым-қатынас жасауларың үшін көптеген ұлт, ұлыс етіп көбейттік. Сендердің бір-біріңнен артықтығың несібелеріңмен емес, діндар-тақуалықтарыңмен есептеледі[7]», – деп бұйырса, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, адамдар! Естеріңде болсын! Раббыларың Бір, арабтың араб еместен, араб еместің арабтан, ақтың қарадан, қараның ақтан діндарлығынан басқа ешқандай артықшылығы жоқ. Күмәнсіз Алланың алдында ең мәртебелілерің – діндар болғандарың», – деген.
Жаратқан Иемізге мың да бір шүкір. Тәуелсіздік алғалы руханиятқа шөліркеген халқымыз уақыт өткен сайын имандылыққа бет бұруда. Аллa Тағаланың рахымымен, халқымыздың талпынысымен Ислам діні Қазақстанда қарқынды дамып келеді. Нәтижесінде мешітке келушілер мен намазға жығылушылар саны күн сайын артуда.
Мұсылман кісі өзгелерге тіл тигізіп, сауап таппайды. Керісінше исламнан алшақтатқандығы үшін күнә табады. Олай болса, мұсылманның міндеті – өзгелерді діннен үркіту емес. Дінін кемшіліксіз түрде жеткізе білу. Сонымен қатар, Исламда:
لا إِكْرَاهَ فِي الدِّينِ
«Дінде зорлық жоқ[8]», – деп әмір етілген.
Ислам діні қоғамдағы өзге дін өкілдерімен сыпайлықпен қарым-қатынас жасауымызды бұйырады. Құранда бұл туралы:
وَلا تُجَادِلُوا أَهْلَ الْكِتَابِ إِلا بِالَّتِي هِيَ أَحْسَنُ
«Кітап иелерімен ең көркем түрде, сыпайылық пен әдептілік сақтап пікір таласыңдар[9]»,-деп
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) исламның ынтымағы мен бірлігін сақтау жолында ерекше сабырлы еді. Мұны әрбір қадамы мен әрекетінен байқауға болады. Қоғамдағы мәселені шиеленістірмей, ымырамен шеше білу ауадай қажет дүние. Мәдина халқы арасында іріткі салушы мунафиқтар мен одақтастары жайлы өте жақсы білетін. Бірақ, мұны көпшілікке паш етпеген. Жариялау былай тұрсын, оларға да мұсылмандар сияқты қарайтын. Екіжүзділер көсемі Абдулла бин Сәлулдің жасаған қиянатына кешіріммен қарап, жазаламады. Омар қаншама рет мунафиқтың басын шабуға рұқсат сұрағанымен Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) рұқсат бермеді. Исламға және қоғамға зиян тигізуші екіжүздіні Аллаға тапсырды. Тіпті, мунафиқтардың көсемі Абдулла бин Сәлул қайтыс болар шағында баласын Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жіберіп, үстіндегі көйлегін ақыреттік кебін ретінде сұратты. Екі дүние сардары, адамзаттың ардақтысы – Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көйлегін берді. Міне, осындай ғибратты оқиғаларды Алла елшісі өмірінен көптеп кездестіруге болады. Сонымен қатар Пайғамбардан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тәлім алған сахабалардың ғұмыр тарихынан көп үлгі-өрнек оқуға болады.
Ұлтымыз бен діни сенімге қарамастан барлығымызды біріктіретін құндылықтар көп-ақ. осы күн — қоғамдағы тұрақтылық пен келісім күні. Сондықтан да бірлік пен қайырымдылық, жақсылық пен гүлдену мерекесі ретінде атап өтіледі.
Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қоғамдағы адамдардың мысалын былайша суреттеген: «Алланың тыйымын орындаушы мен орындамаушының мысалы кемеге жайғасқан адамдардың жағдайы сияқты. Олардың бірі кеменің үстінде, енді бірі төменгі бөлігінде болды. Төмендегілерге су керек болса, үнемі жоғарыдағылардың жанынан өтеді. Сосын олар: «Егер өзіміздің тұсымыздан су алатын тесік жасап алсақ, жоғарыдағылардың мазасын алмас едік», – деп ойлайды. Егер жоғарыдағылар төмендегілердің осындай ойларын іске асыруға жол берсе, түгелімен апатқа ұшырайды. Оларға дұрыс жол көрсетіп, тоқтатса ғана барлығы аман қалады. Сөйтіп, барлығы бірдей апаттан аман қалады[10]».
Кемедегінің жаны бір. Қоғамдағы барлық адамның татулығы, ауызбіршілігі – елдегі бірлік пен тұрақтылықтың басты кепілі. Қазірде еліміздегі ұлтаралық, конфессияаралық татулық, ауызбіршілік Ислам дінінің асыл мұраттарымен, Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетіне сәйкес келеді.
«Ел бірлігі – ең асыл қасиет» деп Елбасымыз айтқандай, Қазақстан – көптеген ұлттардың басын бір шаңырақ астына біріктіріп отырған тұғырлы мекен. Иә, жас барыстай қуатты мемлекетіміз әлемге өзін танытып, дамудың қарышты қадамдарын жасаған серпінді ел ретінде мойындалып үлгерді. Ең бастысы, сүттей ұйыған ұлттар татулығының жарқын үлгісіне айналды.
Еліміздегі барлық азаматтардың құқықтары бірдей. Ұлттар арасындағы теңдік қана бізді діттеген мақсатымызға жеткізеді. Әрине, мемлекет құраушы ұлт ретінде қазақ халқына айрықша жауапкершілік жүктелетіні сөзсіз.
Бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан елдің ғана ырыс-несібесі мол болмақ. Ұлтаралық келісім мен берекеге бастар бірліктің арқасында экономикамыз қарыштап дамып, тұрмысымыз жылдан жылға жақсара түсуде.
Дана халқымыздың «Еркіндік қайда болса, елдік сонда, бірлік қайда болса, ерлік сонда» деген аталы сөзі бар, тұғырымыз – тыныштық, тірегіміз – тұрақтылық, тілегіміз – татулық болса, еліміз тарих төрінен табылары сөзсіз.
Бүгінде біз – әлем мойындаған, әлемдік өркениет көшінде өзіндік бет-бейнесі, мақтан тұтар мәдениеті, лайықты салт-дәстүрі бар елміз. Келісім жоқ жерде бірлік жоқ. Ал бірлік болмаса, тірлік те жоқ. Қазақстанда ұлтаралық келісім ең жақсы үлгіде жүргізілуде. Сондықтан әлем елдері мемлекетімізден үлгі алуда, біз бұған қуанамыз. Елбасы айтқандай, айқын мақсатқа жетер жетістіктерімізді ортақ табыспен сәйкестендіріп, жұмыла жұмыс жасау әрбір қазақстандық үшін маңызды. Оны санамызға серік етіп, жүрегімізбен ұғынуымыз керек.
Тұрақтылық негізі – татулық. Ал татулық кез келген елді, халықты тек жақсылық пен ынтымаққа, келісімге жетелейді.
Қазақ халқы әр уақытта да өз өмірінде ар мен ұятты жоғары бағалаған. Соның нәтижесінде бүгінде елімізде жасап жатқан түрлі ұлттар мен ұлыстардың және әртүрлі мәдениеттің өкілдері бар. Олар өздерін еркін сезініп, бейбір өмір сүрулері қазақ халқының бойына сіңген дархандық, мейірімділік пен қонақжайлылықтың арқасында. Халқымыздың бойындағы бұл асыл қасиет ата-бабаларымыздың қанынан дарыған. Ислам дінің қабылдаған қазақ халқының бойындағы адамгершілік қасиеттер алдымен Құран мен хадис арқылы дамыды.
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру