Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

«Қызылжар» облыстық орталық мешіті (Суреттер)

«Қызылжар» облыстық орталық мешіті

«Қызылжар» облыстық орталық мешіті Петропавл қаласында бой көтерген. Алғашқы іргетасы 2001 жылы қаланған. Құрылысын жүргізу үшін арнайы «Шапағат» қоғамдық қоры (төрағасы Ж.Ысқақов) құрылды. Қорға түскен 46 млн. теңге тек іргетасын қалауға және жұмысшылардың еңбек ақысын төлеуге ғана жетті. Сондықтан құрылыс тоқтап қалды. Оның жұмысы тек 2004 жылы облыс әкімі Тайыр Мансұровтың қызметке кірісуімен жанданды. Ол Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Сауд Арабия Корольдігіне іс сапарын сол жылы оңтайлы пайдаланып, Ресеймен шекарадағы Қызылжарда мешіт салуды Сауд Арабиясы королінің тақ мұрагері ханзада Сұлтан бен Абдел Азизге жеткізуін өтінген еді. Король қайырымдылық көмек жасап, құрылысқа 2 млн. АҚШ доллары мөлшерінде қаржы бөлді. Құрылыс жалпы 3 млн. АҚШ долларына түсті. Қалған қаржы көздерін табуға Елбасы Н.Назарбаев пен облыс әкімі Т.А.Мансұров көмектесті. Ғимарат жобасын «Севгражданпроект» ЖШС және УНЭП АСПОС жасады. Сол жобамен республикалық «Құлагер» құрылыс корпорациясы (президенті Төкен Егінбаев, облыстық филиал директоры Бақытбек Нұрғожаев) құрылысты жүргізді. 2005 жылдың 27 қарашасында Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі және облыс әкімі Т.А.Мансұровтың қатысуымен мешіт салтанатты түрде есік ашты. Салтанатты рәсімге Ресейдің Азиялық бөлігі мұсылмандары төрағасының орынбасары Әнуарбек қажы Жүнісов және архиепископ Элеферий қатысты.

Ғимарат үш қабаттан тұрады: біріншісінде – қызмет бөлмелері (Бас имам, наиб имамдар, іс басқарушы және есепші), неке залы, асхана, киім ілетін бөлмелер, автогараж және холл, екіншісінде -  ерлердің намаз залы, михраб және мінбер орналасқан. Екінші қабаттың қабырғаларына, михраб айналасына «П» әрпі тәрізді формада және күмбездің үлкен, кіші шеңберлеріне Қасиетті Құран аяттары жазылған. Күмбездің 12 терезесі бар. Олар бір жылдың айына сай келеді. Зал ортасында хрусталдан жасалған, салмағы 800 келі Египет пен Чехия бірлесіп жасаған аспалы шам ілінген. Оның шеңбері 5, биіктігі 3,5 метр. 3 –ші қабатқа әйелдердің намаз залы, намаз үйренушілер бөлмесі және кітапхана орналасқан. Екі қабаттағы намаз залдарына «Алматы кілем» фабрикасының 750 жайнамаз, кілемдері төселген, онда бір мезгілде 1000 адамға дейін намаз оқи алады. Төбесіне биіктігі 42 метрлік қос мұнара және 4 кіші мұнаралар тұрғызылған. Ғимаратқа сән беріп тұрған күмбездің биіктігі 32 метр. Сыртқы қабырғалары және алаңы түрлі түспен жарықтандырылған, аулаға гүлдер егілген, ғибадат етуге келгендердің демалуы үшін гүлзарлар жасалып, орындықтар қойылған. Алла үйінің түнгі сыртқы көрінісі әсем. Қала тұрғындары оңда сейіл құруды дәстүрге айналдырған. Жалпы аумағы 3700 шаршы метр, пайдалы аумағы 1230 шаршы метр.

Осы облыстағы мешіттер