Қадір түнінің мың айдан артық екендігі Қадір сүресінде ашық баян етілген. Осы түні жасаған құлшылықтарымыз 83 жыл жасалған мінәжаттың сауабына татиды. Ал, бұл түнді жіберіп алған кісі көп нәрседен мақұрым қалады дейді ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.):
Бұл түннің "Қадір түні" деп аталуының екі мәні бар:
Біріншісі - адамдардың келесі жылғы өмірі мен өлімі, ризық-несібесі, тағдыры белгіленетін түн.
Екіншісі - Қадірлі, қасиетті, ұлық түн. Мың айдан артық бұл түн - өзге түндерден қадірі асқақ, олардан ұлық, берекесі мол. Сол себепті де «қадір-қасиеті мол түн» деген атауға ие.
Бірінші мәні жайында сахаба Абдулла ибн Аббастың (р.а.): «Қадір түнінде - сол жылғы жақсылық пен жамандық, ризық-несібе, өмірдің мөлшері тағдырға жазылады (Лаухул махфуз). Тіпті «пәләнше осы жылы қажылыққа барады» деп қажылыққа кімнің баратынын да жазып қояды», - дегендігі тәпсір кітаптарында келтіріледі. Сондай-ақ, Хасан, Мүжәһид және Қатәдә да:
«Қадір түні сол жылы болатын барлық істер, ненің жаратылатыны, қаншалықты ризық-несібе берілетіні, өмір сүру уақыты белгіленеді, - деп отыр[2].
Сондай-ақ, Жаратушы Иеміз "Духан" сүресінде: «Біз ол Құранды берекелі түні түсірдік», - дей келе қадір түнінің берекелділігін басып айтса, ары қарайғы аятта: «Және сол түні барлық дана істер белгіленеді», - дей келе қадір түнінің аталмыш екі мағынаны да қамтитынына назар аудартып тұр[3].
Енді осы берекелі түннің сауабынан мақұрым қалмау үшін не істеген дұрыс, қалай өткізген абзал?
Бұл түні жасалуы тиіс сауапты істерді былайша тізбектеуге болады:
1. Намаз оқу: тәһәджүд намазын, қаза намаздарын, түрлі нәпіл намаздарды оқыған дұрыс. Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Кімде-кім қадір түнінің қасиетіне сеніп, ондағы сауабына кенелемін деген мақсатпен намаз оқыса, онда оның өткен күнәлары кешіріледі»[4], - деген
2. Құран оқу.
3. Алладан кешірім тілеп, Одан дүние-ақіретімізге пайдасы тиер нәрселерді сұрау.
Айша (р.а.) анамыз Алла елшісінен (с.а.у.): «Егер Қадір түніне дәл түссем, онда қандай дұға айтайын», - деп сұрайды. Оған (р.а.) Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Мына дұғаны оқы: «Аллаһуммә иннәкә ғафуун тухиббул ғафуә, фағфу ғанни» ,- деп жауап береді. Мағынасы: «Уә, Жаратушым! Шынында сен жарылқауды жақсы көресің. Мені жарылқай гөр».
Атақты әрі Беделді Хадисші Суфуанус Сәури өзінің бір сөзінде:
«Бұл түні дұға етіп, Алладан кешірім сұрап, тілек тілеу – мен үшін намаз оқудан қайырлы. Егер Құран оқып, артынша дұға етіп отырса тіптен жақсы» деген. Себебі, бұл түн - көптеп, Аллаға дұға етіп, кешірім тілеу түні.
4. Дұғамыздың арасында: Елімізге амандық, жұртымызға тыныштық, иман тілеуді де ұмытпағанымыз жөн. Сондай-ақ, әлемнің түкпір-түкпірінде жәбір көріп жатқан мұсылман бауырларымызға Алладан жәрдем сұрайық.
5. Пікірлеу. Алланың ұлықтығы, Исламның ұлықтығы, Құранның ұлықтығына ой жүгірту. Айтылған уағыз-насихаттарды көкейге түю.
6. «Субханаллаһи уә бихамдиһи, субханаллахил Ғазим», «Астағфирулла», «әлхамдулилла», «Аллаһу әкбәр», «Лә иләһә иллаллаһ» сынды зікірлерді көбірек айту.
Міне, осындай сауапты амалдарды орындай отырып, 83 жылдық сауапты бір түнде қоржынымызға жинап алайық, құрметті мұсылман қауым. Алла істеген қайырлы істерімізге еселеп сауаптан жазсын!
[1] Ән-Нәсәи: Китәбус сиям - №2106. (Миркатул Масабих)
[2] Тәфсирул Бәғәуи
[3] Духан сүресі – 3 аят. Тафсиру әт-Табари
[4] Бухари.
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру