Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Қадір түні

27.05.2017 17386 0 пікір
«Қадір» сөзінің мағынасы

Құран Кәрімге түсініктеме жазған мәшһүр ғалым Ибн Кәсир «Қадір» сөзінің төмендегідей үш мағынасы бар екенін айтып өтеді:

«Қадір» сөзі «үкім түні» мағынасын береді. Осыған байланысты қадір түні дегенде Алланың тағдырды үкім ететін түні екендігін білуге болады. Бұл жердегі тағдыр ұғымы, әуелгі тағдырдың паш етілуі болатын. Өйткені Құран Кәрімде:

فِيهَا يُفْرَقُ كُلُّ أَمْرٍ حَكِيمٍ 

«Ол кеште барлық хикметті істер айырылады»,[1] - деп бұйырылған.

Қатада: «Бұл түнде келесі жыл істерінің тағдыры жазылады», – деді («Тафсир әт-Табари» 25/65).

«Қадір» сөзі «абырой, бедел» мағынасын береді. Яғни, қадір түні – ұлық және аса қадірлі түн дегенді білдіреді. Мұндай жоғары дәрежеге лайық болуының себебі, бұл түннің салмағы мың айдан да қайырлы. Бұл хақында Құранда:

لَيْلَةُ الْقَدْرِ خَيْرٌ مِّنْ أَلْفِ شَهْرٍ 

«Қадір түні мың айдан да қайырлы»,[2] - деп баяндалады.

«Қадір» сөзі «сығылысу» мағынасын береді. Осыған байланысты зерттеуші ғалымдар қадір сөзі тарылу мағынасын да білдіреді деген жорамалдар жасаған. Өйткені бұл түні бүкіл періштелер жер бетіне түскеннен соң, жердің тарлығынан сығылысады. Бұл жайлы Құранда:

تَنَزَّلُ الْمَلَائِكَةُ وَالرُّوحُ فِيهَا بِإِذْنِ رَبِّهِم مِّن كُلِّ أَمْرٍ

«Періштелер және Жәбірәйіл (ғ.с.) осы түні Раббыларыңның рұқсатымен барлық іс үшін түседі»,[3] - деп баяндалады. Ислам ғұламаларының айтуына қарағанда, «сығылысудағы» мақсат «үлкен қайырлы істердің жүзеге асуы және Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) Хира үңгірінде Жәбірәйіл (ғ.с.) алғашқы уахи түсіргенде, ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жаны сығылғандығы белгілі. Негізінде, Қадір сөзі осы үш мағынаны да қамтиды.

 Қадір түнінің артықшылығы

Сахаба Әнас ибн Мәлік (р.а.) былай деп айтқан:

 «Рамазан келгенде, Алланың Елшісі (): «Расында, сендерге бұл ай келді! Онда мың айдан да қайырлы бір түн бар. Сонда кім ол түні бейқамдық танытса, оның барлық игілігінен құр қалады. Ал оның барлық игілігінен тек нағыз мақрұм адам ғана айырылып қалады!», – деп айтты»[4].

 Сахаба Әбу Хұрайра жеткізген хадисте  пайғамбарымыз (): «Кімде кім Қадір түнінің артықшылығына сеніп, сауабын Алладан күтіп, ғибадат, құлшылықпен өткізсе, өткен-кеткен күнәлары кешіріледі»[5],- деген екен.

 Қадір түні оқылатын дұға

 Хафиз Ибн Ражаб былай деді:

«Суфьян әс-Саури: «Қадір түні дұға ету мен үшін намаз оқудан да сүйіктірек», – дейтін.

Айша (р.а.) Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) былай деп сұрағаны баяндалады: «Уа, Алланың елшісі, егер мен Қадір түнінің басталғаны туралы білсем, не айтуым керек?» Ол: «Уа, Алла, расында, Сен –Кешірімдісің, кешіруді жақсы көресің. Мені кешіре гөр!», – деп айт»[6], – деді.

اللَّهُمَّ إِنَّكَ عَفُوٌّ كَرِيمٌ، تُحِبُّ الْعَفْوَ، فَاعْفُ عَنيِّ

Қадір түнін құлшылықпен өткізу

1. Бұл түнде Алланың ризашылығы үшін ғибадат жасалып, намаз көбірек оқылу керек.

2. Құран Кәрім оқылып, тыңдалып, түсінуге ынта қойылып, Құран Кәрімге сүйіспеншілік пен байланыстар орнатылуы тиіс.

3. Пайғамбарымызға ()салауат айтып, оның шапағат етуінен үміттену.

4. Уағыз-насихат тыңдап, сұхбаттар құрып, күнделікті күйбең  тіршілік барысында жүрекке түскен кірбіңді жуып-шайып, көңілге ұялаған кір мен күмәннан арылу.

5. Тәубе мен истиғфар жасап, өз нәпсісін есептен өткізіп, қателік жасаудан сақтанып, қайырлы істерді жасауға құштар болу.

6. Алланы зікір етіп, Ұлы Жаратушының шексіз құдіретімен жоқтан бар болған жаратылыстың сырларына ой жүгіртіп, Алланы еске алумен жүрекке тыныштық ұялатуға барынша әрекет жасап, иманды күшейту. 

Құрметпен, ҚМДБ-ның Шариғат және пәтуа бөлімі.

 [1] «Дұхан» сүресі, 4-аят

[2] «Қәдір» сүресі, 3-аят.

[3] «Қәдір» сүресі, 4-аят.

[4] Ибн Мәжаһ 1/289. Хадистің сенімділігін  хафиз әл-Мунзири растаған.

[5] Бұхари, Қадір, 1.

[6] Әт-Тирмизи, Ибн Мәжаһ, әл-Хаким. Имам Әбу `Иса әт-Тирмизи, әл-Хаким хадисті сахих деген. «Сахих әл-жәми’» 4423

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру