Ғұмырын құлшылықпен өткізіп, Алла тағаланың разылығын табуды қалаған құлдар үшін ең қасиетті түн — Қадір түні. Құран кәрімде Қадір түнінің қадір-қасиеті мен артықшылығын түсіндіретін «Ләйләтүл-қадр» деген сүре бар.
Қадір түні мың айдан қайырлы түн!
Қадір түні - дұғалар қабыл болатын түн!
Қадір түнінің өзге түндерден, тіпті, өзге күндер мен айлардан артықшылығы сол – ол түні жер бетіне өте көп періштелер түседі. Олардың ішінде барша пайғамбарларға Алланың хабарларын жеткізіп отырған Жәбірейіл періште болады. Періштелер жай ғана түспейді, олар жердегі ізгі мұсылман құлдарға ең рақымдылардың рақымдысы ұлы Алла Тағаладан қайыр-береке мен мол жақсылық ала түседі.
Хадис шәріпте: “Қадір түні жерге түсетін періштелердің саны жер бетіндегі майда тастардан да көп болады”, – делінген. Тағы бір хадисте: “Ол түнгі түскен көп періштелерге жердің беті тарлық етеді”, – делінеді. Сондай-ақ, осы түннің қадірлі болуының тағы бір мәні — бұл түнде қадірлі үмбеттің қадірлі пайғамбарына қасиетті Құран түсті. Құран Кәрім — мұсылмандар өміріне басшылық ететін, пайда мен зиянның, жақсы мен жаманның, тура жол мен адасудың ара жігін ажыратып беретін баға жетпес құнды кітап. Олай болса мүминдер үшін бұл кітап түскен түннің қадірі аса жоғары. Әрине, қасиетті Құран жер бетіне толығымен бір-ақ түспеген. Бірақ осы түнде ардақты Пайғамбарымызға адамдарға Алла Тағаланың дінін жеткізетін елші болу міндеті және Құранның ең алғашқы аяттары түсе бастады. Міне, сондықтан Құранда: «Біз оны Қадір түнінде түсірдік», — делінген («Қадір» сүресі, 1-аят).
«Қадір» сүресінің түсу себебін ғалымдар түрліше түсіндерген. Солардың бірінде былай делінген:
Бірде Алла елшісі (ﷺ) Исрайыл ұрпақ-тарынан бір кісінің Алла жолында мың жыл бойы қару асынып жүргені жайлы хабар береді. Сонда мұсылмандар оған таң қала және қызыға қарайды. Сонда Алла Тағала «Шынында, біз Құранды Қадір түнінде түсірдік. Қадір түні не екенін білесің бе? Қадір түні мың айдан қайырлы» деген аяттарды түсірді. Екінші бір нұсқада былай делінеді:
«Исрайыл ұрпақтары заманында бір кісі болыпты. Ол түні бойы Аллаға құлшылық етіп, ал күндіз кеш батқанға дейін Алла жолында күреседі екен. Осы әдетін тап мың жыл бойы жалғастырыпты. Ардақты Пайғамбарымыз осы хабарды сахабаларға жеткізгенде, артынша Алла Тағала «Қадір» сүресін түсірді». Ендеше, қадір түнін дұрыс пайдаланған адам мың ай бойы Алла жолында қару асынып, ел қорғаған адамнан да, күндіз-түні тоқтаусыз құлшылық ететін адамнан да мол сауапқа ие болмақ. Демек, небәрі жүз жылдың ары-берісінде ғана өмірі бар біздей үмбет үшін мынадай мың жылға татырлық түннің нәсіп етілуі Аллаһ тағаланың мұсылман үмбетіне берген үлкен нығметі.
Аталмыш сүреде «Қадір түнінің не екенін білесің бе?» аяты бар. Оны тәпсірші ғалымдар «Бұл түннің қаншалықты ұлық екендігін сен білмейсің ғой» деген мағынаны білдіреді деп түсіндірген.
«Қадір түні мың айдан қайырлы» деген аятқа келсек, былайғы жұрт көп мән бере бермейтін бір мәселе бар. Біз Қадір түні мың айдан қайырлы дейміз де қоямыз. Бірақ оның мәні әлдеқайда тереңде жатыр. Бұны Қадір түнінде жасалған әрбір іс-әрекет, құлшылық өзге уақытта мың ай тоқтаусыз жасағаннан да артық деп түсінген жөн. Мысалы, бұл түнде Құран оқысақ, мың ай бойы тоқтаусыз Құран оқығанмен тең болады. Намаз оқысақ, мың ай бойы намаз оқығандай боламыз. Басқа ізгі амалдарымыз да сол секілді еселенеді. Енді өзіңіз елестете беріңіз. Мың ай қарапайым арифметикалық жолмен есептегеннің өзінде сексен үш жылдық мерзімді қамтиды. Ал кейбір ғалымдар мың деген санды араб халқы негізінен «өте көп» деген мағынада қолданады. Сондықтан Құранның: «Қадір түні мың айдан қайырлы» деген аятындағы «мың» сөзі де «өте көп» деген мағынаны береді деп есептейді. Бұл жағдайда ол сан одан да өсуі мүмкін.
Ислам ғұламалары Қадір түнінде Алла тағала адамдардың келесі жылғы тағдырын, яғни өмірі мен өлімін, ризық-несібесін, бақытты немесе бақытсыз болуын т.б. жазатындығын айтқан. Араб тілінде «қадір» және «тағдыр» сөздерінің түбірлестігінен де осыны аңғаруға болады. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл «тағдырлар жазылатын түн» дегенді білдіреді.
Қадір түнінде Жәбірейіл мен бүкіл періштелер жер бетіне түседі. Бұл туралы аталмыш сүреде: «Періштелер мен рух түсіріледі» деген аят бар. Мұндағы «рух» сөзін ғалымдар Жәбірейіл періште деп тұжырымдар жасаған. Олар бұл түнді ғибадаттармен өткізген миллиондаған мұсылмандардың шын ықыластарын, ниеттерін байқап, тілек-дұғаларына «әмин», «әмин» деп, ал Қиямет қайымда Қадір түніндегі жасаған ғибадаттарымызға, құлшылықтарымызға куә болады.
Алайда бұл түнде мынадай төрт топтағы кісінің тілегі қабылданбайды. Олар: «Арақ ішкіш, ата-анасының қарғысын алған, туыстарынан қол үзген, мұсылман бауырымен үш күннен артық араздасып жүрген адамдар».
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру