Өзге адамның айтпағанын «айтты», істемеген ісін «істеді» деп өтірік-өсек тарату – жала жабудың айқын көрінісі. Мұсылман мұндай жаман әдеттен мүлде аулақ болуы керек. Өйткені Алла Тағала өзгелерге жала жауып, жалған сөйлеп, ауыр күнәға батқан пендесін сүймейді.
Бірде ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларын жаман істен сақтандырып: «Жеті күйзелтушіден сақтаныңдар», – деген. Сонда сахабалар: «Олар не?» деп сұрағанда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Аллаға серік қосу, сиқыр жасау, Алланың тек ақиқаттан өзге жағдайда өлтіруіне тыйым салған жанды нақақтан өлтіру, өсім жеу, жетімнің малын жеу, қан майданда артқа қашу, ештеңеден қаперсіз, бейкүнә мүмин әйелдерге жала жабу», – деген.
Ислам діні адамдар арасына от салатын күллі жағымсыз әдеттерден аулақ болуға үндейді. Біреуге жала жабу ешқашан жақсылық әкелмейді. Өкінішке қарай, бүгінде қоғамның рухани дертіне айналған өзекті мәселенің бірі де бірегейі – жазықсыз жанға кінә артып, үстіне жала жабу. Жала жабу дегеніміз – адамның сыртынан оның ар-намысы мен қадір қасиетіне нұқсан келтіретін, абыройын түсіретін жалған мәлімет тарату. Өкінішке қарай, бүгінде мұндай іспен шұғылданатын адамдар бар.
Ғалымдар жала жабудың күнәсі ғайбаттан да ауыр екендігін айтқан. Себебі, жала жабуда өтірік қоса араласып жүреді. Әбу Һурайрадан жеткен хадисте Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабалардан: «Ғайбаттың не екенін білесіңдер ме?» деп сұрайды. Олар: «Оны Алла мен елшісі жақсырақ біледі» деп жауап қатады. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ғайбат деген – бауырыңды оның ұнатпайтын нәрсесімен еске алуың» дейді. Сонда біреу: «Егер айтып жатқаным бауырымның бойынан табылса ше?» деп сұрақ қояды. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Егер айтқаның оның бойынан табылса, демек ғайбаттадың. Ал егер бойында болмаса, онда жала жапқаның», – деп жауап береді.
Ғалым Фудаил ибн Ияд (Алла оны рақымына алсын) бір сөзінде былай деген екен: «Ақыр заманда жала жабушы және кісіні айыптаушы адамдар болады. Олардан сақ болыңдар. Олар – ең жаман адамдар. Жүректерінде Исламның нұры болмайды. Олардың амалдары Алла құзырына көтерілмейді». Алла бізді мұндай жағымсыз сипаттан сақтағай.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сіз бен бізге тіліміз бен жыныс мүшемізге ие болуды өсиет еткен. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тілі мен жыныс мүшесіне ие болған адамға жұмақты уәде еткен. Мәңгілік мекені жәннат болуын армандаған адам тілі мен жыныс мүшесіне ие болатыны анық. Өйткені Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде: «Кімде кім мұрты мен сақалының арасындағы аузы мен тіліне және екі аяғының арасындағысына кепілдік берсе, мен оған жәннатқа кіретіндігіне кепілдік беремін», – деген.
Ғайбат, өсек пен өтірік айту, адамдарға жала жабу, сөз тасу сынды жаман әдеттер адамдар арасындағы бірлік пен берекеге, жылылық пен мейірімділікке сызат түсірмей қоймайды. Ислам діні осы аталған істерді жасауға тыйым салған. Сондықтан сауапты жоятын мұндай істерден аулақ жүргеніміз жөн.
Ислам діні жеке адам құқығына ерекше мән бергендіктен оның ар-намысын қорғауға басты назар аударған. Ар-намыс – жеке адамның негізгі қасиеті. Өкінішке қарай көп адам аузы берік бола тұра білместікпен өзгелердің сыртынан ғайбат айтып қояды. Ғайбат айту – жеке адамның құқығына қол сұққанмен бірдей. Алла Тағала қасиетті Құранның «Хужурат» сүресінің 11-аятында: «Әй, мүміндер! Бір ел, бір елді келемеждемесін. Бәлкім олар өздерінен жақсы шығар. Сондай-ақ әйелдер, әйелдерді келемеждемесін. Бәлкім олар өздерінен жақсы шығар. Бір-біріңді міндемеңдер; жаман ат тағыспаңдар. Иман келтіргеннен кейін сүркей ат нендей жаман. Ал кім тәубе қылмаса, міне солар залымдар» деп ескерткен.
Шынында адам баласының тіл арқылы көрініс табатын аса қауіпті жүрек ауруларының бірі – өтірік айту. Алла Тағала жүрегінде мұндай дерті бар адамдардың ақыреттегі жағдайын былай деп баяндаған: «Олардың жүректерінде дерт бар (күншілдік дерті). Сонда Алла олардың дертін арттыра түсті. Сондай-ақ оларға өтіріктерінің салдарынан күйзелтуші азап бар» («Бақара» сүресі, 10-аят).
Шәкәрім Құдайбердіұлы: «Сөзіңді түзе – әдетіңе айналады, әдетің – мінезіңе айналады. Мінезің – сенің тағдырың» дейді. Адам баласы тілін калимаға келтіріп, Алланы үнемі ұлықтап, мадақтап жүрсе, оның жақсы сөзі тағдырына айналады.
Алла Тағала баршамызға тілімізді жаман сөзден сақтауды, біреудің ары мен намысына тимеуді, мінезі көркем мұсылман болуды нәсіп еткей. Әмин!
Естай АЙТУҒАНҰЛЫ
Қарағанды облысының бас имамы
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру