Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ОРНЫҚҚАН ЖҮРЕК ЖӘНЕ НӘПСІМЕН КҮРЕСУДІҢ МАҢЫЗЫ

Ринат Маратұлы muftyat.kz 26.11.2024 908 0 пікір
ОРНЫҚҚАН ЖҮРЕК ЖӘНЕ НӘПСІМЕН КҮРЕСУДІҢ МАҢЫЗЫ

Алла Тағала Құранның бірнеше жерінде ықыласпен игі амал жасаған пенделеріне қуанышты хабар жеткізген. Мысалы, «Хаж» сүресінің 37-аятында: «...Жақсылықты ықыласпен істеушілерді қуандыр!» делінсе, тағы бір аятта: «Кім ықыласпен жақсылық істей отырып, жүзін Аллаға бұрса, онда оның сыйлығы – Раббысының құзырында. Әрі оларға қорқыныш жоқ және олар қайғырмайды» («Бақара» сүресі, 112-аят) деп баяндалған.

Адам баласы ізгі амалда қалайша ықыласты болмақ? Ықылас қайтсе оянбақ? Бұл жүрекпен тікелей байланысты мәселе. Жүрек сау болғанда ғана адамның иманы артады. Әйгілі сахаба Әли (оған Алла разы болсын) былай деген екен: «Жүрегіңіз үш нәрсенің мекені болсын: иманның, үміттің және сүйіспеншіліктің». Жаман ойлардан, түрлі дерттен аман болған жүрек орныққан, тыныштық тапқан жүрек болып саналады.

Орныққан жүректің барар жері – жәннат. Бұл туралы Алла Тағала былай дейді: «Кім жан-тәнімен мойынсұнып, көрмесе де Рахман Алладан қорықса және Аллаға бет бұрған жүрекпен келсе, міне сендерге арналған жәннат. Оған алаңдамай есендікпен кіріңдер. Бұл – мәңгілік күні. Онда олардың қалаған нәрселерінің бәрі бар. Сондай-ақ біздің құзырымызда одан да көп сый-сияпат бар» («Қаф» сүресі, 32, 33-аяттар).

Жүрек жақсы ойдың, ізгі ниеттің бастауы болғандықтан оны үнемі иманмен толтырып отыруымыз керек. Иманмен нұрланбаған жүректі дерт жайлайды. Дерті бар жүрек күнәмен күресе алмайтын хәлге жетеді.        

Жүректі иманға толтырудың бір амалы – игі істе ықыласты әрі белсенді болу. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) болсын бір хадисінде былай дейді: «Қандай жағдайда болсаң да, Алладан қорық. Егер қателік іс істесең, сол жамандықтың артынан лезде оны жоятын жақсылық жаса. Адамдармен жақсы мінез-құлықпен қарым-қатынас жаса». 

Расында жақсылық жасаған адамның жаны мен жүрегі ерекше сезімге бөленіп, тыныштық табады. Ибн Аббас (оған Алла разы болсын) былай дейді: «Игі іс – адамның жүзіндегі нұрын күшейтеді, жүрегіне жарық, денесіне күш сыйлайды, ризығын арттырады және жаратылыстардың оған деген махаббатын оятады. Ал жаман іс – бет-жүзді қарайтып, жүректі өлтіреді, денені әлсіретеді, ризықты кемітіп, жаратылыстардың ол адамға деген жек көрушілігін тудырады».

Адам баласы өзін барынша тақуалыққа тәрбиелеуі тиіс. Ихсан – тақуалыққа тәрбиелейтін ілім. Жүрегін түрлі дерттен сақтауды ниет еткен адам жүректі мазасыз күйге түсіретін істерден іргесін аулақ ұстайды. Бұл ретте күмәнді істерден аулақ болудың маңызы ерекше. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Расында халал нәрсе де белгілі және харам нәрсе де белгілі. Алайда екеуінің арасында адамдардың көпшілігі білмейтін күмәнді нәрселер бар. Күмәнді нәрседен сақтанған адам дінін және абыройын сақтаған болады. Ал күмәнді нәрсені жасаған адам харамға да барады. Өйткені ол әне-міне кіріп кеткелі тұрған қойын қорық маңында бағып жүрген шопанға ұқсайды. Әр патшаның өз қорығы бар, ал Алла Тағаланың қорығы (адамдарға) – тыйым салғандары. Ақиқатында адам денесінде бір кесек ет бар, ол жақсы болса, бүкіл дене жақсы болады. Ол жаман болса, бүкіл дене жаман болады, біле білсеңдер ол – жүрек».

Алла тыйым салған істерден жүректі аулақ ұстау өте маңызды. Жүрегін таза ұстаған адам ғана екі дүние бақытына бөленеді. Бұған байланысты Алла Тағала Құранда: «Ол күні мал-мүлік те, бала-шаға да пайда бермейді. Тек (күпірлік пен екіжүзділіктен) таза жүрекпен келген жан ғана (азаптан құтылып, мақсатына жетеді)» («Шұғара» сүресі, 88-89-аяттар) деп ескертеді.

Шын мәнінде Жаратушы Иеміз біздің жасырын және жария болған істерімізден хабардар. Сол үшін Құранда: «Азғындықтардың жария және жасырын түріне жақындаушы болмаңдар» («Әнғам» сүресі, 151-аят) деп ескертілген. Иманның кемел болуы осы дәрежелердің кемел болуымен, жақсы қасиеттерді бойға сіңіру арқылы жүзеге асады. Жүрек дерті адамды құрдымға жетелейді. Ол пенденің жақсы амалдарын жойып жібереді. Алла бізді ондай дерттен сақтасын!

Жүрек дертінен арылудың бірден-бір жолы – нәпсі қалауын басқара білу. Хасан әл-Басри (Алла оны рақымына алсын) былай деген екен: «Нәпсінің жетегінде кеткен адам өз қалауының құлы болғаны. Кімде-кім нәпсі қалауына иелік ете алса, нәпсісінің патшасына айналады». Нәпсі қалауы адамды тек жамандыққа шақырып тұрады.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Дұшпандарыңмен күрескендей, нәпсілеріңмен де күресіңдер». Ислам ғұламалары нәпсімен күресу, оны тәрбиелеу және жаман қасиеттерден арылу Алланың адам баласына бұйырған әмірі екенін жеткізген.

Алла Тағала қасиетті Құранда: «Біздің жолымызда аянбай күрескендерді (яғни, бойындағы бар күш-жігерін кемел адам, үлгілі мұсылман болу жолында жұмсағандарды) міндетті түрде Өзіміздің жетістікке жеткізетін жолдарымызға бағыттаймыз. Расында, Алла әрдайым Раббыларын өз көздерімен көріп тұрғандай үнемі игі іс істейтін ізгі жандармен бірге» («Анкабут» сүресі, 69-аят) деп баяндайды.

Фузала ибн Абид (Алла оған разы болсын) жеткізген тағы бір хадисте Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Шынайы мұжаһид дегеніміз – Алла жолында өз нәпсісімен күрескен адам».

Ғұламалардың айтуынша, нәпсімен күресу –  құлшылық. Құлшылықтың бұл түрін тек білімді адам ғана орындай алады. Расында, нәпсі тәрбиеге бағынады және жақсы нәрсені қабылдай алады. Бейнелеп айтқанда, нәпсі жас сәбиге ұқсайды. Нәрестені үздіксіз емізе берсе, ол соған үйренеді. Ал дер кезінде, яғни екі жыл толғанда емізуді тоқтатса, ол бұл жағдайды болуы тиіс екен деп қабылдайды. Нәпсі де сондай, жақсы нәрсені дер кезінде үйретсе, оны дұрыс қабылдайды. 

 

Ринат МАРАТҰЛЫ,

Алматы облыстық «Қапшағай»

мешітінің наиб имамы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру