Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ЖҰМА НАМАЗЫ

Қанат Жұмағұл muftyat.kz 07.11.2024 2770 0 пікір
ЖҰМА НАМАЗЫ

Күндердiң ең ұлығы – жұма. «Жұма» сөзі «жинау, бас қосу» деген мағыналарды береді. Мұсылманның көп құлшылығы жамағатпен, көпшілікпен орындалады. Өйткені көпшілікте береке бар әрі көптің тілеуі қабыл. Жиналу, бас қосу – мұсылманның ауызбіршілігін, ол күннің мереке екенін, бауырмашылдығын көрсетеді. Яғни мұсылмандар бұл күнді қуанышпен қарсы алып, мешіттерде жиналады, үгіт-насихат, уағыз тыңдап, жұма намазын оқиды.

Жұма намазы – дініміздегі сауапқа толы, ерекше мәнге ие, әрі жамағатпен орындалатын апталық ғибадат. Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл күннің неліктен жұма аталуының себебін сұрағанда, былай деп жауап қатты: «Күмәнсіз, әкеңіз Адамның жаратылысы сол күні болды. Қиямет сол күні болады. Қайта тірілу мен адамдардың есеп беруі үшін ұсталулары да – сол күні болады. Жұма күнінде бір сәт бар. Сол сәтте дұға еткеннің дұғасы қабыл болады» (Бұхари). Сондықтан жұма күні, жұма намазы әрбір мұсылманға ақыретін еске түсіреді. Ол күннің берекетін іздеген, сауаптан үміті бар әрбір жан Алланың разы болатын істерін орындауға асығып, жақсылықта жарысып, сол күннің үлкен құлшылығы болып табылатын жұма намазын оқиды.

Жұма – аптаның, Рамазан – жылдың, қажылық – толық өмірінің өлшемі, яғни жұма намазын ықыласпен барлық шарттарын толық етіп орындаған адамның намазы сол аптаны берекелі, жақсылыққа және сауапты істерге толы етіп өткізуіне себеп болады. Жұма күніндегі дүғаның қабыл болу уақыты Рамазан айының ішіндегі Қадір түні секілді. Сол себепті жұма күнінде көп дұға жасап, дұғасы сол уақытқа дөп келуін Алладан үміт етуі керек.

Жұма намазының үкімі – парыз. Парыздығы Құран мен сүннетке сүйенеді. Құраннан ол жайында былай делінген: «Уа, иман еткендер! Жұма күні намаз үшін азан айтылған кезде, дереу Алланы еске алуға (намазға) ұмтылыңдар және сауда жасауды сол уақытта доғарыңдар» («Жұма» сүресі, 9-аят). Сүннет дәлеліне келсек, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Жұма азанын естіген жандарға – жұма намазы парыз» (Әбу Дәуіт).

Жұма намазын үш деңгейге бөліп қарастырсақ болады. Әуелгісі – жұма намазына бару, екіншісі – жұма намазында тұру, үшіншісі – жұма намазынан қайту.

Біріншісі, мұсылманның жұма намазына баруы. Бұл дегеніміз – ерекше ықыласпен жұма намазына дайындалу. Яғни жұма күні мұсылмандардың апталық мейрамы болғандықтан, ішкі әрі сыртқы тазалыққа басқа күндерге қарағанда көбірек көңіл бөлу керек. Сыртқы тазалыққа ғұсыл алу, тырнақ алу, таза киім кию, хош иісті әтір т.б жатады. Ішкі тазалық ретінде жұмадан бұрын күнәларына тәубе етіп, көбірек зікір, салауат айтып, дұғаның қабыл болатын құпия сағатына тура келуді үміт етіп, көбірек дұға етуге тырысу керек. Жұма күні жасалуы керек іс-әрекеттің барлығы Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистері арқылы бізге жеткен. Мұсылман жұма намазға бара жатқан кезде осындай дайындық жасау арқылы жұма намазының ләззатын сезінеді. 

Екіншісі – жұма намазында тұру. Яғни жұма намазында дүние істерін ойға алмай, шынайы ықыласпен, сауабын Алладан үміт етіп, Алланың разылығы үшін, Алла көріп тұр деген ниетпен оқу. Жұма күні тазаланып, мешітке ертерек барып, құтба тыңдап, айтылған уағызға амал етіп, ой жүгіртіп, артынан намаз оқыған адамның алдыңғы жұма мен сол жұма арасында жасаған күнәсі кешірілетіні жайлы Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде сүйінші хабарлар бар. 

Үшінші – жұмадан қайту. Бұл дегеніміз – өзімізді кіші есепке алып, бойымыздағы жаман мінезімізден, аузымыздан шыққан жаман сөздерден, ұнамсыз, сүйкімсіз болған істерден өзімізді барынша алыс ұстауға әрекет ету әрі жақсы жаққа өзгеруге ниетті болу. Баяғы жартас сол жартас болып қалудан сақтанып, күнәдан бойды аулақ ұстауымыз қажет.

Жұма намазы дұрыс болу үшін мына шарттар орындалуы қажет. Біріншіден, жұма оқылатын жердің қала немесе қалаға лайық болуы керек. Екіншіден, жұма оқитын имамның үкімет тарапынан рұқсаты болуы тиіс. Ханафи мәзһабының заң білгірлерініңайтуынша, жұма намазы үшін де солай. Олар мына хадиске сүйенеді: «Кімде кім жұма намазын мен өмірде болған кезімде немесе менен кейін әділ немесе залым бір имам (басшы) болғанда, оны місе тұтпай немесе терістеп, оны тәрк етсе, Алла оған берекет бермесін және ісін ілгері бастырмасын» (Ибн Мәжа). Міне, осы хадисте жұма намазының парыз болуы үшін әділ болсын, залым болсын бір басшының болуы қажет екені айтылған. Өйткені үкіметтен рұқсат алмаса, бүлік шығу ықтималы бар.

Үшіншіден, жұма намазы дұрыс болуы үшін, жамағат болуы қажет. Төртіншіден, жұма намазы оқылатын жердің халыққа ашық болуы керек. Өйткені жұма намазы – Исламның рәмізі, дін ерекшеліктерінің бірі. Имам есігін құлыптап, жұма оқыса, намазы дұрыс болмайды. Бесіншісі – уақыт. Жұманың уақыты – бесін намазының уақыты. Алтыншысы – құтпа. Жұма сүресіндегі «Алланың зікіріне ұмтылыңдар» аяты – жұма намазы мен құтпасы. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) құтпасыз жұма намазын оқымаған.

Қорыта айтқанда, жұма күні мен жұма намазы мұсылманның ауызбіршілігі мен ынтымағын көрсететін, сол аптаның мерекесі болып есептелетін, ізгі істер менжақсылық жасауға асығатын, дұғалардың қабыл болатын, жақсылыққа толы күн әрі сауапқа толы құлшылық болып есептеледі. Сондай-ақ жұма намазы адамның жаман істерден арылуына себепші болады. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Кітаптан саған уахи етілгенді ғана оқы да, намазды орында. Күдіксіз намаз арсыздықтан, жамандықтан тыяды. Әрине Алланы  еске алу – аса ірі нәрсе. Сондай-ақ Алла не жасағаныңды біледі», – деген («Анкабут» сүресі, 45-аят). Сол себепті оқыған намазымыз бізді жаман істерден, күнәдан қорғауы керек. Жалпы бүкіл жаратылыс – тау, тас, аң, құс үздіксіз Аллаға тасбих қылады. Сол үшін Қиямет күніне дейін бір сәт те ажырамай Алланың мейіріміне бөленіп тұрады. Ал жұма намазына бару – осы үздіксіз лланың мейіріміне бөленіп тұрған сәтке пенденің де
кіруі, сол нығметтің ішінде екенін сезінуі.

Алла баршаңызға жұма күнінің берекеті мен жұма намазының жақсылығын, дұғалардың қабыл болуын нәсіп етсін! Еліміздің ішін даудан, сыртын жаудан қорғасын!

 

Қанат ЖҰМАҒҰЛ,

РАНТ мүшесі

«Иман» журналы, №10, 2024 жыл

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру