Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

НАМАЗДЫҢ КІЛТІ – ТАЗАЛЫҚ

Юнес Қадыргулұлы muftyat.kz 04.11.2024 1970 0 пікір
НАМАЗДЫҢ КІЛТІ – ТАЗАЛЫҚ

Ислам, мұсылман дегенде есімізге ең әуелі түсетін – тазалық. Дана халқымыз тазалыққа аса мән берген. Абай Құнанбайұлы он сегізінші қарасөзінде: «Адам баласы жыртықсыз, кірсіз, сыпайы киіну қажет һәм ол киімін былғап, былжыратып кимей, таза кимек – дұрыс іс ...», – деу арқылы тазалыққа мән беруге шақырған.

Тазалық – адамның рухани, мәдени, тәрбиелік деңгейінің негізгі көрсеткіші. Адамның таза болуы әрі әдемі киініп жүруі оның қоғамдағы дәрежесі қандай екенін көрсетеді. Сол себепті Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тазалықтың белгісі болған ақ түсті жақсы көрген. Бұл жайында хадисінде: «Ақ түсті киім киіңдер. Өйткені ең таза, ең әдемісі – ақ түс», – деген.

Тазалықтың өмірде алар орны ерекше. Күнделікті асымыздың таза болуы, бойымыздың тазалығы, тұрғылықты жеріміздің тазалығы, киім, қоршаған ортамызды таза сақтауымыз, тұтынған дүниеміз бен ниеттің тазалығы, жүректің ақтығы, тапқан табыстың адалдығы – бәрі де салауатты өмір мен баянды тіршіліктің негізін құрайды. Осы себепті халқымыз «Тазалық – денсаулықтың кепілі» деп білген.

Ғаламдағы күллі жаратылыс тіл жетпес әсем саз, шерлі назбен тазалықтың таусылмас жырын Исламдағы тазалық жырлағандай әсер береді. Мәселен, топырақты үнемі түрлі бактериялар, құрт-құмырсқалар мен жыртқыш құстар тазартып отырады. Кез-келген өлексе көп өтпей топырақтың құнарын арттыратын тыңайтқышқа айналады. Соққан жел, жауған жаңбыр мен қар жер бетін тазалау міндетін атқарады. Сондайақ теңіздерде тазалықтың мінсіз жүйесі бар. Бойдағы қанды оттегі тазартады. Адам жанын рухани дүниелер тазартып отыратынын кім жоққа шығара алады? Білген жанға мұның барлығы Жаратушы иеміздің «Құддус» (тазалық сүйгіш) есімінен сыр шертеді. Иә, әлемнің өзі тазалықтың мінсіз жүйесі сияқты. Тіпті аң-құстар да тазалықсыз өмір сүре алмайды. Бір ғана мысықтың тазалығының өзі неге тұрады?! Нөсер жаңбырдан кейін жер бетінің шаңы басылып, аспанның шайдай ашылғанын сан мәрте тамашалаған боларсыз. Демек мұның бәрі – әлемде тазалық заңдылығының үйлесіммен жүзеге асатынының ғажайып көріністері. Жалпы жаратылысқа ортақ осы заңдылықтан адам да шет қалмақ емес.

Әлеуметтік өмірде тазалық жеке бастың гигиенасы және медициналық тұрғыда қарастырылса, Исламда бұл құлшылық-ғибадат ретінде саналады. Тазалықтың Ислам дініндегі маңыздылығын оның кітаптарда ғибадат ретінде есептелгенінен түсінсек болады. Өйткені Алла Тағала мұсылмандардың ең әуелі құлшылық жүйесін реттеген. Мұсылманның негізгі ғибадаты өзін таза ұстаудан басталады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Намаздың кілті – тазалық», – деп айтқанындай, тазалық намаз секілді құлшылықтардың кілті болып саналады. Сол себепті фиқһ кітаптарында тазалық бабы ең алғашқы бөлімдерде келтірілген.

Тазалық – адамның ішкі жан дүниесінің және тәнінің тазалығын білдіретін құндылық. Ішкі жан дүниенің тазалығы адамның рухани дүниесінің түрлі лас әрі күнәлі істерден таза ұстау дегенді білдіреді. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Расында Алла тәубе етушілерді және таза болушыларды жақсы көреді» («Бақара» сүресі, 222-аят) десе, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Тазалық – иманның жартысы», – деген (Бұхари, Мүслим).

Жоғарыда келтірілген аят және хадис жанның да, тәннің де тазалығы шариғатымызда үлкен мәнге ие екенін көрсетеді. Бұл мақаламызда тәннің тазалығына, яғни дәрет, ғұсыл, тәйаммумға жеке-дара тоқталамыз. 

Дәрет – кейбір ғибаттарды жүзеге асыру үшін арнайы дене мүшелерін сумен тазалау. Арнайы дене мүшелері деп беті, екі қол (шынтақпен қоса), екі аяқ (тобықпен бірге) және басты айтады. Мұсылманның Аллаға жақындай түсуіне себепші болатын ғибадат – намаз. Осы құлшылықты орындау үшін дәрет алуымыз шарт. Сондай-ақ дәретсіз Қағбаны тауап ету, Құранды қолмен ұстау т.б құлшылық амалдарды атқара алмаймыз.

Дәреттің бұл өмірдегі және ақыреттегі пайдасы өте көп. Өзі аз уақытты алынса да, тәнімізді тазалап қана қоймай, жақсы сергектік пен көңіл-күй сыйлайды. Сонымен қатар әрбір мүшеміз жасаған күнәмізді жуып-шая алады. Бұл жайында Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде кім бұйырылғандай дәрет алып, намаз оқыса, күнәлары кешіріледі», – деген (Бұхари). Сондай-ақ дәрет алған адам анасынан жаңа туған сәбидей, кіші күнәлардан тазарады. Хазіреті Осман (оған Алла разы болсын) былай деп жеткізген: «Бірде Пайғамбарымыздың жанында болған едік. Алла елшісі дәрет алып отырған кісіні көріп, сәл жымиды. Мұны байқаған мен: «Уа, Алланың елшісі, не үшін жымидыңыз?» – деп сұрадым. Сонда ол: «Жаратушы Иеміздің дәрет алатын құлына жасайтын ілтипаты есіме түсіп, жымидым. Дәрет алған кезде, денесінің әр мүшесін жуған сайын, сол жуған мүшелерден аққан сумен қоса, ол адамның күнәлары да ағып кетеді», – деп жауап берді.

Дәреттің адамның денсаулығына тигізетін пайдасы өте көп. Дәрет алу арқылы қан айналымыз жақсарып, денеміздегі тамырлар жүйесі қатаяды. Ауыз, мұрын қуыстарын жуу, желке, құлақ және басқа мәсих тарту арқылы мидың жұмысы жақсарады. Микробтар мен бактерияларды жойып, көптеген тері ауруының алдын алады. Сондай-ақ адамның ішкі құрылысына, асқазанға, жүрек қан айналым жүйесіне, зәр шығару жолдарына т.б мүшелерге оң әсерін тигізеді. Яғни дәрет алу деніміздің сау болуына септігін тигізеді.

Тазалық тұрғысынан алғанда кез келген адамның бойында дәретсіз және бой дәретсіз кездер болады. Бой дәретсіздік шариғат ілімінде «жәнәбә» деп аталады. Осы хәлден тазарыну үшін Алла Тағала ғұсыл құйынып, толық жуынуды бізге бұйырды: «Уа, мүминдер! Намазға тұрар алдында бетті жуыңдар, қолды шынтаққа дейін (яғни шынтақты қоса) жуыңдар, басқа мәсіх тартыңдар және аяқты тобыққа дейін (яғни тобықты қоса) жуыңдар. Егер бой дәреттерің бұзылса, бастан-аяқ жуынып, бой дәрет алыңдар» («Маида» сүресі, 6-аят). Яғни намаз оқу, Құранды ұстау секілді құлшылықтарды орындау үшін дәрет алуды бұйырғандай, Алла Тағала жүніп (жәнәбә) болған кезде ғұсыл құйынуды бұйырған. Денесі сырттай таза болып көрінгенімен, жүніп адам іштей былғанышты күйде болады. Адамның жұбайымен жыныстық қатынасқа түсуі, сонымен қатар әйелдерге тән хайыз және нифас қандарының келуі арқылы адам бой дәретсіз күйге енеді. Мұндай лас халден тазару үшін адам ғұсыл құйынуы қажет. Ғұсыл кезінде дененің барлық бөлігі жуылуы шарт.

Егер дәретсіз немесе бой дәретсіз күйге түсіп, су таба алмаған жағдайда су орнына таза жер жынысын қолданып, тәйаммум жасап, тазаруға болады. Таяммум дегеніміз – су болмаған жағдайда адам бойындағы дәретсіздікті кетіру үшін судың орнына таза жер қыртысын қолдану арқылы тазаруға ниет ету. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде: «Ал егер науқас немесе жолаушы болсаңдар, яки үлкен дәретке отырып келгеннен не болмаса әйелмен төсек қатынасына түскеннен кейін (жуынатын) су таба алмасаңдар, таза жерге таяммум соғып (яғни алақандарыңды таза топыраққа соғып), онымен беттеріңді және қолдарыңды сипаңдар», – деген. Бұл аят һижраның 6-жылы түсті. Осы жылы «Бану Мұсталақ» шайқасы кезінде су табылмағандықтан, дәреттің орнына тәйаммум арқылы тазалануға рұқсат етілді.

Тәйаммум – Ислам дінінде ғана бар ерекшелік. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Менен бұрынғыларға берілмеген бес нәрсе маған берілді: Жауымның жүрегіне бір айлық жерден қорқыныш салу жәрдеміне ие болдым; Жер маған таза қылынды, сондықтан менің үмбетім намаз уақыты қай жерде кірсе, сол жерде оны оқысын; Маған соғыс олжалары адал етілді, ал менен бұрынғыларға адал етілмеген еді; Шапағат ету құқығы берілді; Әр пайғамбар өз қауымына ғана жіберілген еді, ал мен барша адамзатқа жіберілдім», – деп айтқан. Хадиске сүйене келе түсінетініміз, Пайғамбарызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) және үмбетіне бүкіл жер беті мешіт және таза қылып берілді. Яғни мұсылман қай жерде жүрсе де құлшылық жасай алады. Су табылған жағдайда сумен, су болмаған жағдайда таза жер қыртысымен тәйаммум жасап тазаланып, құлшылығын жасай береді.

Алла Тағала адам баласын өзіне құлшылық ету үшін ғана жаратты. Жаратушы Иеміздің бізге берген нығметінің шүкірі – құлшылығымыздың дұрыс болуы үшін тазалық, дәрет мәселелерін өз орнымен, көркем түрде орындауымыз қажет. Алла Тағаланың әрбір жаратылысында, әрбір берген бұйрығында көптеген даналық пен хикмет бар. Солардың бірі тазалықтың дүние-ақыретімізге қаншалықты пайдалы екенін айтып өттік. Ал оның бізге беймәлім тұстары қаншама. Олай болса, таза бейнеде жүріп, құлшылықтарды толық әрі көркем түрде орындап, Алланың шексіз ризашылығына бөленуді баршамызға нәсіп етсін!

 

Юнес ҚАДЫРГУЛҰЛЫ,

РАНТ мүшесі

«Иман» журналы, №10, 2024 жыл

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру