Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

САЛАУАТ АЙТУДЫҢ САУАБЫ

Жанділла Бекжігітов muftyat.kz 14.10.2024 1888 0 пікір
САЛАУАТ АЙТУДЫҢ САУАБЫ

Мұсылман адамның толассыз сауапқа бөленіп, Алла Тағаланың рақымына кенеліп, сүйікті Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шапағатына ие болуына жетелейтін амалдың бірі – Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айту.

Салауат сөзі араб тілінде «дұға, тілек, бата» деген мағынаны білдіреді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) біздің салауатымызға мұқтаж емес, керісінше салауат айту арқылы бізге оның шапағатына һәм сүйіспеншілігіне бөлену мүмкіндігі бар. Тіпті қасиетті Құран Кәрімде мұсылманға салауат айту міндеттелген. Бұл жайында Алла Тағала «Ахзаб» сүресінің 56-аятында: «Расында, Алла және Оның періштелері Пайғамбарға салауат айтады. Уа, иман келтіргендер! Сендер де оған салауат айтып, сәлем жолдаңдар», – деп бұйырған. Аталған аяттан алынатын пайдалар мынадай. Алла Тағаланың Пайғамбарға салауат айтуы – Алла Тағаланың оған деген мейірімі мен рақымы. Сондайақ «оған жәрдем беруі, есімін асқақ етуі, берекесін төгуі» деген мағыналарды білдіреді. Періштелердің салауат айтуы – ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Алла Тағаладан истиғфар тілеуі. Мұсылмандардың салауат айтуы – Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дұға етуі.

Салауат айту жайында мынадай хабарлар келген: «Кім маған бір салауат айтса, Алла Тағала оған он салауат айтады», – деген (Мүслим). Хадистен ұғатынымыз кімде-кім Алладан Пайғамбарымызға мейірім тілеп, оның дәрежесін көтеруін, ұлықтауын сұрап салауат айтса, Алла ол пенденің де дәрежесін, абыройын және оған деген мейірімін 10 есе арттырады. «Менің атым аталғанда, маған салауат айтпаған адам – сараң адам», – деген (Термизи). 

Бірде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қызы Фатимадан (оған Алла разы болсын): «Адамдардың ең сараңы кім деп ойлайсың?» – деп сұрайды. Фатима анамыз: «Алла Тағала нәсіп еткен дәулеттен садақа бермейтін адамды ең сараң деуге болар», – дейді. Сол кезде ардақты Пайғамбарымыз: «Жоқ, менің атым аталған жерде маған салауат айтпағандар – нағыз сараңдар» – деген екен. Хадистен түсінетініміз, Пайғамбарымыздың есімі аталғанда салауат айтпау арқылы адам ең бірінші өзінің сараңдығын байқатады. Себебі Алла елшісіне Алланың мейірімін тілеу арқылы 10 есе мейірімге қол жеткізе алатын еді. Сондай-ақ дәрежесі көтеріліп, дұғалары қабыл болуына себеп болатын еді.

Сонымен қатар дұғамыздың қабыл болу шарттарының бірі ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айту екенін ұмытпауымыз қажет. Бірде Алла елшісі бір адамның Аллаға мақтау, Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айтпай, дұға жасап жатқанын естіп: «Мына адам асығып жатыр!» – деді. Сосын ол адамды өзіне шақырып алып: «Кімде-кім Алладан дұға тілемекші болса, мінсіз болған Раббысына мақтау айтудан бастап, сосын Пайғамбарға салауат айтсын, содан кейін не сұрағысы келсе де сұрай берсін», – деп насихат айтады (Термизи).

Салауаттың ең абзалы намазда айтылатын төмендегі салауат екенін ескергеніміз жөн. «Аллаһумма салли алә Мухаммәдин уа алә әәли Мухаммәд, кәмәә саллайтә алә Ибраһимә уа алә әәли Ибраһим, иннәкә хамидум мәжиид». (Мағынасы: «Уа, Алла! Ибраһимге және Ибраһимнің отбасына салауат еткенің сияқты, хазірет Мұхаммедке және оның отбасына салауат ет! Расында, Сен – барлық жағынан мақтауға лайықсың әрі даңқың ұлы»). «Аллаһума бәрик алә Мухаммадин уа алә әәли Мухаммад, кәмә бәәрактә алә Ибраһима уа алә әәли Ибраһим, иннәкә хамидум мәжид» (Мағынасы: «Уа, Алла! Ибраһимге және Ибраһимнің отбасына берекет бергенің сияқты, хазірет Мұхаммедке және оның отбасына да берекет бер. Расында, Сен – барлық жағынан мақтауға лайықсың әрі даңқың ұлы»).

Салауат айту арқылы иман келтірген жан Алланың рақымы мен кешіріміне лайықты және хадис шарифте келгендей, ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Қияметте ең жақын адам болады. Алла Тағала баршамыздың істеген ізгі амалдарымызды қабыл еткей және Пайғамбарымызға көп салауат айтуға тауфиқ нәсіп етсін!

 

Жанділла БЕКЖІГІТОВ

«Иман» журналы, №9, 2024 жыл

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру