Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

НИҚАБ КИЮ УӘЖІП ЕМЕС

Бейбіт Бақытжанұлы muftyat.kz 10.10.2024 1703 0 пікір
НИҚАБ КИЮ УӘЖІП ЕМЕС

Бұқар бабамыздың «Бірінші байлық – денсаулық, екінші байлық – ақ жаулық» – деп айтуы бекер емес. Адамның денсаулығы сыр берсе, қылатын құлшылығы мен барша амалына нұқсан болары айтпаса да белгілі жағдай. Ал екінші байлыққа ақ жаулықты қоюындағы себеп: жаулық – қазақ әйелінің қорғанының символы болғандығы себепті. Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының сөзімен айтсақ, «Киім пірі – кимешек».

Жалпы, кең етек киіп, орамал жабыну Ислам дінінің келуімен тек қуатталды десек дұрыс болар. Себебі бұл үрдіс оған дейін де болғандығын тарих өзі көрсетіп отыр. Еврейдің де, христианның да діни жазбаларын қарасаңыз әйел адамның орамал тағуына үндейтін көптеген сілтеме көресіз. Күнделікті теледидардан көріп жүрген корей, жапон елдерінің көне мәдениеттерінде де әйел адамның барынша кең киініп, басын жапқандығына куә боласыз. Алысқа бармай көрші орыс елін алсаңыз да, ұлттық киімінің дәл сол сипатқа сай келетінін аңғару қиын емес. Сол себепті, әйел адамның әуретін жауып, орамал-жаулық тағуын тек арабтану үрдісіне телу – объективті түрде өрескел қате пікір.

Басқа-басқа, Құдайдың парыз қылғанын мансұқтау – мұсылмандықтан, одан әрі адамдықтан тыс. Ал сол үкімге барынша сай келетіні – не қазақы кимешек, не бүгінде хиджаб деп атап жүрген жаулық. Жаһандану дәуірінде батысқа еліктеймін деп қазақылықтан аттап кету – атымызға сын. Жол біреу: не ұлттық идеологияны жолға қойып, кимешекке көшу, не соған сай келетін хиджабпен күресуді доғару. Себебі тек қана киіммен адамның қай жолда екендігін анықтау – қатер. Қатерлі тұсы – ниқаб секілді дүниені парыз деңгейінде міндеттеп алатын асыра діншілдік. Әуелі Құрандағы әурет жабу үкімін түсінбек керек. Алла Тағала «Нұр» сүресінің 31-аятында: «Мүмін әйелдерге айт: харамға көз салмасын! Еріксіз көрінетін жерлерінен басқа абиырларын ашпасын әрі зинадан сақтасын...» - деп бұйырған. Осы аятқа сәйкес Ханафи мәзһабында әйел адамның жүзі (беті), қолы (білегінен бастап), аяғынан (табаны) басқа жерлері түгелдей әурет саналады. Ал ниқаб киюді уәжіп санайтын кей азаматтарға ханафи мәзһабы мынадай дәйектер келтіреді:

  1. Аятқа назар аударсақ, әйелдер ер адамдар секілді көздерін төмен салуға бұйырылған. Ал ниқаб киюші әйелдің еш жері көрінбесе, көзді басудың қандай қажеттілігі бар?! Олай болған жағдайда Алла тағала ер адамдарға көзді төмен салуға бұйырмас еді!
  2. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): “Егер сендерден біреулерің бір әйелді көрсе, сұлулықтары ғажаптандырса” мәтінімен келген хадисі әйелдердің беттері ашық болғандығына дәлел болады.  Қоштасу қажылығында Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бен Фазл ибн Аббас аттың үстінде отырғанда Хусамилық бір әйел келеді. Фазл ибн Аббас сұлулығы себепті әйелге тесіліп қарайды. Сол кезде Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оның жүзін басқа жаққа бұрғызған (Насаи, Тирмизи). Егер ниқаб кию уәжіп болғанда Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қоштасу қажылығында әйелге жүзін жабуды міндетті түрде бұйырар еді.
  3. Имам Әбу Дәудте келген хадисте Қайс ибн Шәмәс келесі риуаятты жеткізеді. Умму Холад деген бір әйел Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің өлтірілген ұлының хәлі туралы сұрау үшін келгенін айтады. Сонда сахабалардың кейбірі: “Балаң жайындағы мәселенің шешімін білу үшін бетіңді жапқан күйде келдің бе?” - дейді. Сонда әлгі әйел: “Ұлым жағынан қайғы жетсе де, ұятым жағынан қайғы жеткен жоқ”, - деп жауап берген. “Усул әл-фиқһ” ережесіне салсақ, үкім әйел адамның жауабына қарай емес, сахабалардың сөзіне қарай беріледі. Мәзһаб ғалымдарының айтары - сахабалар таңғалғандығы себепті сұрап отыр. Егер ниқаб уәжіп амал болғанда бұл сұрақ болмас еді. Ал әйел адамның бетті жабуы уайым-қайғыдан қуарып, солған жүзін көрсетуден ұялғандығы себепті болуы да мүмкін.

Сол себепті кей бауырларымыздың ислам негіздерінен алшақтап, шариғи істерде әсіре сілтеуге бой алдырулары, діннің рухына үңілместен кесіп-пішіп үкім шығарулары – дінге жасалған қиянат. Алла Тағала елімізді алауыздықтан сақтасын!

 

Бейбіт БАҚЫТЖАНҰЛЫ,

Ұлытау облысының бас имамы

«Мұнара» газеті, №17, 2024 жыл

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру