Мұсылман адамды күнәға батырып, дұрыс жолдан тайдыратын екі дұшпаны бар. Оның біріншісі шайтан болса, екіншісі – жамандыққа бұйырып тұратын нәпсісі. Шайтанның дұшпан екені әрі Алланы еске алудан тосатыны жайында Құранда: «Шүбәсіз, шайтан – сендердің қас дұшпандарың. Ендеше сендер де оны өздеріңе бітіспес дұшпан тұтыңдар. Ол жақтастарын тозақтық болсын деп, өз жолына шақырады», – делінген («Фатыр» сүресі, 6-аят).
Тағы бір аятта: «Шүбәсіз, шайтан арақ-шарап (сынды адамды мас қылып, ақылынан адастыратын нәрселер) һәм құмар ойындары арқылы араларыңа дұшпандық пен өшпенділік отын жағуды, сендерді Алланы еске алудан һәм намаздан қақпайлауды (тыюды) ғана көксейді. Ендеше, бұлардан тыйылдыңдар ғой, солай емес пе?!» делінген («Мәида» сүресі, 91-аят). Осы секілді басқа да аяттарда шайтанның дұшпандығы анық айтылған.
Жамандыққа бұйыратын нәпсі жөнінде қасиетті Құранда былай делінген: «Сонымен қатар мен өзімді әсте ақтамаймын. Өйткені қу нәпсі әрдайым жамандықты бұйырады. Ал Раббым (нәпсінің азғыруынан сақтап) рақымына бөлегеннің жөні бөлек. Шүбәсіз, Раббым – Ғафур (өте кешірімді), Рахим (мүмин құлдарына ерекше мейірімді)», – деді («Жүсіп» сүресі, 53-аят).
Нәпсінің орны ерекше екенін Алла Тағала Құранда нәпсімен қасам ішіп айтылған аяттардан байқаймыз. «Шәмс» сүресінің 7-аятында Жаратушы Иеміз: «Әр нәпсіге және оны (жаратылыстың мәні мен мақсатын ұғынып, соны жүзеге асыра алатындай) қабілетті етіп, жүйеге салғанға (серт)», – деген болатын.
Жоғарыда шайтан мен жамандыққа бұйырушы нәпсі адам үшін дұшпан екенін айттық. Қазақта нәпсіні «сұм нәпсі», «қу нәпсі» деп сипаттайды. Абай Құнанбайұлы:
– Қулық, сұмдық, ұрлықпен мал жиылмас,
Сұм нәпсің үйір болса, тез тыйылмас.
Зиян шекпей қалмайсың ондай істен,
Мал кетер, мазаң кетер, ар бұйырмас, – деп
жырға қосқан болатын.
Асыл дінімізде де ақиқатқа қарсы келетін нәпсі қалауына еру қате екені баяндалған: «Олар тек өз ойы мен нәпсісінің әуейіне ереді» («Нәжм» сүресі, 23-аят). Басқа аятта былай делінген: «Өз әуейілігін (құмарлығын) тәңір тұтып, көңілі соққан нәрсенің құлы болған, сондай-ақ (ақ пен қараның, ақиқат пен жалғанның парқын) білсе де, Алланың Өзі адастырып, құлағы мен жүрегін мөрлеп, көзін перделеп тастаған бейбақты көрдің бе?!» («Жәсия» сүресі, 23-аят).
Қай кезде болмасын, адам баласы жамандыққа бұйыратын нәпсінің жетегіне кетсе, ақиқат пен туралықтан таятыны анық. Нәпсіден жеңілген, іс жасауда әлсіздік танытатын адам кез келген күнәға төтеп бере алмайды. Сондықтан, хадисте анық айтылғандай, күресудің ең жақсысы нәпсі әуейілігімен (нәпсінің жаман қалауы) күресу. Жамандыққа бұйыратын нәпсімен күресудің жолдары төмендегідей.
1. Надандықты біліммен тосу. Жамандыққа бұйыратын нәпсі – надан әрі залым. Оны тәрбиелеу үшін білім алып, шариғатты терең зерттеу керек. Нәпсінің қулықтарын білмеу, адамды жаман іс жасап, бос сөз айтуға апарады. Сол үшін діни білім алқаларына қатысып, имандылықты қуаттайтын сабақтар өтіп, танымы мен ақыл парасатын кеңейтіп, сонымен қатар іс-әрекетінде шариғатты төреші ету қажет. Құранның «Нұр» сүресінің 21-аятында: «Егер Алланың сендерге деген шексіз шарапаты, ерекше рақымы болмағанда, араларыңнан бірде-бір жан (сенімі, ниеті, іс-әрекеті және мінез-құлқында) әсте сүттен ақ, судан таза бола алмас еді», – делінген. Сондықтан мұсылман адам нәпсісін тәрбиелеу жолында жан-жақты білім үйреніп, күнәлі істерден бойын аулақ ұстайды.
2. Есті адам әр ісінде ақылын төреші етеді. Ақыл қуатының хикметі тереңде. Адам баласы жасағалы тұрған күнәлі істерін ақылға салып тежеуі тиіс. Яғни ақыл нәпсі жамандықтарын толықтай басқаруы керек. Ақыл арқылы басқару дегеніміз – шәһуат есігін жауып, Алладан қорқуға өзін дағдылау. Алла елшісі (оған Алланың салауатымен сәлемі болсын) құтпада: «Аллаға мақтау болсын! Біз Алладан жәрдем тілеп, жарылқау тілейміз. Нәпсіміздің жамандығынан және амалдарымыздың күнәлісінен Алладан пана тілейміз», – деп нәпсі жамандығынан Алладан әрдайым пана тілейтін.
3. Ішіп-жеу және басқа да нәпсі қалауынан тосу. Адам баласы нәпсіқұмарлығын жүгендемесе, оны жамандыққа бұйырушы нәпсісі басқарады. Өйткені адам нәпсісіне ерік берер болса, оны жөнге салу өте ауыр. Егер адам күнәлі іске берілсе, нәпсінің құлына айналады. Нәпсі күнә арқылы адамды тұсаулайды, адамның тұла бойын жаулап алады. Соның салдарынан адам баласы өз-өзін басқарып, өмірін ретке келтіретін қуатын жоғалтып алады. Адам бұдан шығу үшін кезкелген істе өзін тәртіпке келтіріп, әрдайым шәһуатқа теріс іс жасауы керек. Хадисте: «Шәһуатқа бағыну – дерт, оған қарсы күресу – ем», – деп айтылған. Нәпсімен күресу сабыр сақтау арқылы және ақиқат жолында күресіп, өзін дағдылау арқылы жүзеге асады. Күрестің ең қиыны – нәпсімен күресу. Себебі Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) соғысты – кіші күрес, ал нәпсімен күресуді үлкен күрес деген болатын.
4. Ашуды басқара алу. Ашу адамды жамандыққа, көреалмаушылыққа, кек алуға, одан да басқа жамандық жасауға себепші болады. Мұсылман адам ашуын басып, тізгінді қолға алуға қауқарлы болуы керек. Ашуды басқару табандылық, батылдық, салмақтылық арқылы ғана іске асады. Адам баласы ашуын тежеуі тиіс. Себебі ашу шәһуатттың өршіп кетуіне соқтырады. Сондықтан адамның өзін сабыр, жұмсақтық, байсалдылық сынды көркем мінездер арқылы безендіруі міндет.
5. Нәпсінің жамандығын Алланы еске алу арқылы тосу. Адам баласы Алланы еске алудан ұзақтаса, оны нәпсі жамандықтары жаулайды. Адам уақытын Аллаға бойұсынумен толтыруы тиіс. Жамандыққа бұйыратын нәпсінің үлкен тосқауылы – Алланы зікір ету, намаз, Құран оқу. Осылар арқылы ғана адам жүрек тыныштығына жетеді. Яғни нәпсі Алланы еске алумен ғана түзеледі.
6. Нәпсіні ораза ұстау арқылы тәрбиелеу. Жамандыққа бұйыратын нәпсімен ораза ұстау арқылы күресу нәтижелі тәрбие қатарына жатады. Ораза ұстау адамды төзімді етеді және шәһуаттан тыяды. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Уа, жігіттер қауымы! Араларыңда отбасы құруға шамасы жететіндер болса, үйленсін! Үйлену – ар және көзді сақтауға үлкен мүмкіндік. Егер үйленуге шамасы келмесе, ораза ұстасын! Ораза оған қалқан болады» (Мүслим).
7. Адам өзіне серт беруі тиіс. Адам баласы әрдайым өзөзіне «күнә жасамаймын», «тақуалық жолын ұстануға күш саламын» деп серт беруі керек. Серт бергеннен кейін әрдайым өзін бақылауда ұстауы тиіс. Мен берген сертімде тұрып жатырмын ба? Раббым мені әрбір сәтімді бақылауда деген ой жетегінде жүруі керек.
8. Әр сәт күресін тоқтатпай, өз-өзін есепке алу. Адам әрдайым Алланың бұйрықтарына бағынып, тыйымдарынан тыйылып, нәпсі мен шайтанның жамандықтарына қарсы күресуі тиіс. Дүниеге неліктен келдің? Дүниедегі мақсат-мұратың қандай? Не үшін жаратылдың? Дүниедегі тіршілігің бір күні таусылады, сонда осының барлығы не үшін қажет? Міне, осы секілді сұрақтарға ой жүгірту маңызды. Адам ауыздан шыққан сөзін, жасап жатқан іс-әрекеттерін тізіп, өзін есепке тарту керек. Сол кезде өзін бақылауға алып, бойын күнәдан аулақ ұстауға мүмкіндік алады.
Нәпсімен күрес адамның өмірге келген күнінен бастап өмірден озған сәтіне дейін жалғасады. Сол себепті Алланың разылығына жеткізетін амалдарға ұмтылып, нәпсі жетегінде кетпеу үшін уақытымызды дұрыс пайдаланайық!
Ерғали БИЖАҚАНҰЛЫ,
ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы
«Иман» журналы, №8, 2024 жыл
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру