Ихсан – пенденің иманын бекемдеп, ішкі дүниенің көркемделуімен құлшылыққа деген құлшынысын арттыратын, адамгершілікке тән игі қасиеттерді кемелдендіре түсетін рухани ілім. Құдіреті күшті Алла Тағала Құран Кәрімде ерекше мән берген құндылықтың бірегейі де – осы ихсан ілімі. Қасиетті Құранда: «Шын мәнінде Алла әділетті, игілікті және туыстарға қарайласуды бұйырып, арсыздықтан, жамандықтан және зорлық-зомбылықтан тыяды. Сендер ұғынар деп Ол, осылай түсіндіреді», – деп баяндалған («Нахл» сүресі, 90-аят).
Ихсан сөзінің тілдік мағынасы «жақсылық», «игілік» деген ұғымды білдіреді. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы «бір істі қолға алғанда оны ең
әдемі, ең кемел түрде жасау» деген сөз. Қасиетті Құранның «Қасас» сүресінің 77-аятында: «Алланың саған берген нәсібін ақырет қамына жаратқайсың, бірақ осы өмірдегі сыбағаңды да ұмытпа! (Жаратқанның) саған жасаған жақсылықтарын өнеге тұтып, өзің де өзгеге жақсылық жаса. Жүрген жеріңде бұзықтық жасама. Бұзақыларды Алла құп көрмейді», – деген.
Ислам – көркем мінез бен әдепке негізделген дін. Әдеп адамды көрікті етеді. Ихсан ілімі көркем мінез бен адамға тән күллі әдепті қалыптастырады. Хазіреті Мәуләна: «Ақылым жүрегімнен: «Иман деген не?» – деп сұрады. Жүрегім ақылымның құлағына иіліп: «Иман дегеніміз – әдеп», – деп жауап берді», – деген. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көркем мінезі арқылы надандық құрсауындағы Мекке халқын әдепке баулып, әлемге өнеге көрсетті. Алла елшісі пайғамбарлық келгенге дейінгі қырық жыл өмірінде адамгершілік қасиеттің қоғамға әкелер пайдасын дәлелдеп берді. Ол үнемі сахабаларына: «Мен жер бетіне көркем мінезді кемеліне келтіру үшін жіберілдім», – дейтін.
Қандай қоғам болсын, абыройы асқақтап, халқы берекелі ғұмыр кешу үшін әрбір жеке адам әдептен озбай, адамгершіліктен аттамай, өзінің кемел тұлғалық келбетін қалыптастыруы тиіс. Сол арқылы қоғамның да мәдениеті қалыптасады. Екінші ұстаз атанған Әбу Насыр әл-Фараби: «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы», – деген болатын. Алла Тағала Құран Кәрімде Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көркем әдебін сипаттап: «Сенің мінез-құлқың өте көркем», – деген («Қалам» сүресі, 4-аят).
Ихсан дегеніміз – Алла сені бақылап тұрғанын ұмытпай, қай уақытта болсын Оның назарында тұрғаныңды бір сәт естен шығармау. Иман мен құлшылықтың ләззатын сезіну үшін адам бойынан әуелі ихсан көрініс беруі керек. Себебі ихсан – иман мен құлшылықты байланыстырып, ішкі жан-дүниені тәрбиелейтін, байытатын рухани ілім.
Ихсан сөзінің мағынасы – жақсылық жасау. Исламның бізден қалаған ихсаны – жасайтын жақсылықты ең әдемі түрде, ең жақсы һәм кемеліне жеткізе отырып жасау. Ата-анаға, ағайын-туысқа, көршіге, дос-жаранға жасайтын жақсылықты міндетсінбей, ең жоғары деңгейде іске асыру. Бір сөзбен айтсақ, толық мұсылман жақсылықтың ең шыңында жүреді, ізгі ісімен үлгі болады.
Алла Тағала Құран Кәрімде: «Аллаға құлшылық қылыңдар. Оған ешқандай да серік қоспаңдар. Атааналарың мен жақындарыңа, жетімдер мен міскіндерге, туысқан көршілерге, туыс емес көршілерге, жанашыр достарыңа, жолаушыға және өздеріңе бағынышты құлдар мен күңдеріңе жақсылық жасаңдар», – деп бұйырады («Ниса» сүресі, 36-аят).
Мұсылман адам жақсылықты, ізгілікті насихаттаушы адам болуы керек. Оның маңайынан тек жақсы істер ғана көрініс беруі тиіс. Хәкім Абай осыны меңзеп «толық адам» түсінігін кейінгілерге үлгі етіп, адамның құлшылығын, күллі әрекетін, қарымқатынасын, тіпті ғұмырын Жаратушысын разы ететін істерге арнаған кезде ихсан ілімінің шыңына жете алатынын айтқан болатын.
Абай Құнанбайұлы: «Ендi бiлiңiздер, ей, перзенттер! Құдай Тағаланың жолы деген Алла Тағаланың өзiндей ниһаятсыз (шексiз, өлшеусiз) болады. Оның ниһаятына ешкiм жетпейдi. Бiрақ сол жолға жүрудi өзiне шарт қылып кім қадам басты, ол таза мұсылман, толық адам делінеді», – деген.
Таза мұсылман, жақсы адамның негізгі шарты – Құдай Тағаланың шексіз жолында жүру, разылығын табу. Абай хәкім меңзеген «таза мұсылман, толық адам» түсінігі осы ихсан ілімінен басталатыны да осыдан. Себебі ихсан іліміне терең бойлап, әдеп, ар-ұяттан аттамаған мұсылман өзінің емес, ең алдымен Ислам дінінің, туып-өскен жерінің абыройын биік қояды, оған кір келтірмейді. Отанға деген сүйіспеншілік, қызметке деген адалдық, ағайынға деген сыйластық, жамандықтан бой алыстатып, жақсыларға жақын жүрудің бәрі осы ихсан ілімінен екенін әр кез естен шығармаған абзал.
Ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсарин «Таза бұлақ» кітабында келтірілген бір ғибратты оқиғасында: «Жаздың әдемі бір күнінде, таңертең бір төре өзінің баласымен бақшаға барып, екеуі де егілген ағаштары мен гүл жапырақтарын көріп жүрді.
– Мынау ағаш неліктен тіп-тік, ана біреуі неге қисық біткен? – деп сұрады баласы.
– Оның себебі, балам, анау ағашты бағуқағумен өсірген, қисық бұтақтары болса кескен. Мынау ағаш бағусыз, өз шығу қалыбымен өскен, – деді атасы.
– Олай болса, бағу-қағуда көп мағына бар екен ғой, – деді баласы.
– Бағу-қағуда көп мағына барында шек жоқ, шырағым. Мұнан сен де өзіңе ғибрат алсаң болады; сен жас ағашсың саған да күтім керек; мен сенің қате істеріңді түзеп, пайдалы іске үйретсем, сен менің айтқанымды ұғып, орнына келтірсең, жақсы түзік кісі болып өсерсің, бағусыз бетіңмен кетсең, сен де мынау қисық біткен ағаштай қисық өсерсің, – деді. Жаратқан Алла Тағала баршамыздың бойымызға кәміл иман, көркем мінез, әрбір істі ихсан іліміне сай атқаруды нәсіп етсін!
Ершат қажы ОҢҒАР,
ҚМДБ Төрағасының
орынбасары, наиб мүфти
«Иман» журналы, №8, 2024 жыл
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру