Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

МЕДЕТ СҰРАУДЫҢ МӘНІ НЕДЕ?

Мадияр Тағайбайұлы muftyat.kz 15.05.2024 864 0 пікір
МЕДЕТ СҰРАУДЫҢ МӘНІ НЕДЕ?

Араб тіліндегі «мәдад» сөзі жәрдем сұрау, көмек беруін өтіну сияқты мағыналарды білдіреді. «Медет» сөзі Құран Кәрімде көмектесу мағынасында қолданылған. Яғни «(Уа, Мұхаммед!) «Егер Раббымның сөздерін жазу үшін теңіз суы сия болса, тіпті оған тағы сондай бір теңізді қоссақ та (көмектесуге жіберсек те) Раббыңның сөздері аяқталмай тұрып, теңіз суы таусылып қалар еді», – делінген («Каһф» сүресі, 109-аят). Дегенмен бұл сөзді қолданған кезде мұсылман адам өз сеніміне барынша сақ болғаны абзал.

Біріншіден, әрбір мұсылман баласы күллі жаратылысты жоқтан бар еткен және жаратылыстардың тіршілігін бір-бірімен байланысты етіп, өзара тәуелді еткен Құдіреті күшті жалғыз Алла Тағала екеніне нық сенімде болуы тиіс.

Екіншіден, Алла Тағала әрбір жаратылысты, соның ішінде адам баласының жаратылуын да әке-шешесін дәнекер (тәуассул) ету арқылы жарататынына куә болудамыз. Тіпті Алла Өзінің пендесінен разы болуы үшін жақсы ниетте өмір сүру, күніне бес уақыт намаз оқу, Рамазан айында таңнан кешке дейін ораза ұстау және т.б. құлшылықтарды орындау сияқты амалдарды ортаға дәнекер еткен. Болмаса Алла Тағала біздің құлшылығымызға да, игілікті амалдарымызға да мұқтаж емес. Бұдан нені ұғуға болады? Мұсылмандық өзара бүтіндікті сақтауға тәрбиелеп, Алладан салиқалы құлдарын дәнекер қылып дұға етудің өзінде әдеп барын үйретеді. Алайда дұғаны қабыл етуші де, жәрдем беруші де жалғыз Алла Тағала деген сенімде болу керек.

Мысырдың бұрынғы мүфтиі Әли Жұмаға: «Біреудің «Уа, Алланың елшісі, көмек бер көр» немесе «Уа, Хұсайын, көмек бере көр» деген сөзі күпірлікке алып бармайды. Себебі «мәдад» сөзінің мағынасы «Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) немесе медет сұраған басқа бір адамының Алланың құзырында өзі үшін кешірім сұрауын білдіреді» деп, медет сұрау тек тірі адамдарға ғана қатысты емес, дүниеден қайтқан салиқалы адамдардың да бұл дүниедегі адамдар үшін Алладан кешірім сұрау мүмкіндігі барын алға тартады.

Осы ретте мұсылман адамның абыройы, өзге адамзатқа пайда әкелуі қайтыс болып, бұл дүниеден өтуімен аяқтала ма, әлде қиямет күніне дейін жалғаса ма деген сұрақ туындайды. Бұл туралы діни еңбектерге үңілер болсақ, адам баласы қайтыс болғаннан кейін де, оның «рухы» мәңгі жоқ болып кетпей, бәлки адамдардың өмірдегі пайғамбарлық, шәһидтік, әулиелік және қарапайым мұсылман болу дәрежелеріне қарай рухтары да Барзақ әлемінде әртүрлі мекенде болатыны «Бәхрул Кәлам» сияқты Әһлу сунна уәл жәмәғаттың ақида негіздерін қамтыған еңбектерде кең көлемде түсіндіріледі (Хасан ибн Әбу Бәкір әл-Мақдаси, Ғаятул-марам фи шархи Бәхрил-кәләм, 748-754).

Сонымен қатар мұсылман адам қабірлердің қасынан өткенде, сәлем беруі мұсылмандық міндет саналады. Әбу Һұрайра (Алла оған разы болсын) жеткізген бір хадисте: «Кімде-кім танитын бір адамының қабірінің қасынан сәлем беріп өтсе, ол да бұл адамды таниды және сәлеміне жауап қайтарады. Ал кімде-кім танымайтын бір адамның қабірінің қасынан сәлем беріп өтсе, танымаса да, ол да сәлеміне жауап қайтарады», – делінсе (Шуғәбул иман лил-Бәйһақи, 7-том, 17-бет), Әнас ибн Мәлік (Алла оған разы болсын) жеткізген мына бір риуаятта: «Отбасыларыңнан және жақын туыстарыңнан қайтыс болған адамдарға сендердің амалдарың көрсетіледі. Амалдарың жақсы болса, олар сүйіншілейді (қуанады). Ал жақсы болмаса, олар: «Уа, Аллам! Оларды біз сияқты тура жолыңа салмайынша өлім берме?» – дейді», – делінген (Ахмад, 3-том, 164-бет, 12706-хадис). Бұл хадистерден өмірден озған адамдар мен осы дүниедегі тірі адамдар арасында өзара байланыстың үзілмейтінін ұғамыз.

Адам баласы Аллаға және ақыретке сене отырып, бүкіл өмірін имандылық жолға сарып етуінің өзі дінімізде сөзбен жеткізуге келмейтін үлкен ерлік саналады. Имандылық жолындағы ерлігінің марапаты, қарымтасы өзгелердің екі дүниеде де бақытты болуын аңсаған арманының орындалуы немесе дүниеден қайтқаннан кейін де Алланың қалауымен «Уа, пәленше! Медет бере көр» деген бауырлары үшін Алла Тағаладан кешірім сұрау арқылы пайдасын тигізе білуі.            

 

Мадияр ТАҒАЙБАЙҰЛЫ,

Алматы облысының бас имамы

«Мұнара» газеті, №1, 2024 жыл

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру