Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ҚҰРАН ОҚУДЫҢ САУАБЫ ҚАНДАЙ?

Ерболат Жүсіпов muftyat.kz 27.04.2024 957 0 пікір
ҚҰРАН ОҚУДЫҢ САУАБЫ ҚАНДАЙ?

Құран Кәрім – Алла Тағаланың сөзі. Құран – құндылығы еш ескірмейтін кітап. Құран – бүкіл заман үшін, бүкіл адам баласы үшін жарамды қағидаттар мен құндылықтарға толы қасиетті кітап.

Құранды оқыған және оған амал қылған адамның қол жеткізер дүниесі өте үлкен. Алла Тағала Құран Кәрімде «Алланың кітабын шынайы түрде (яғни амал ете отырып) оқитын, намазды толық орындайтын және өздеріне берген рызық-несібемізден ізгілік жолында жасырын-жария жұмсайтындар ешқашан зиянға ұшырамайтын сауданы үміт ете алады. Өйткені Алла оларға тиісті сауабын толық береді. Сондай-ақ Өзінің шексіз шарапатымен олардың сыйын одан сайын арттыра түседі. Алла өте кешірімді және шүкіршіл (яғни әрбір ізгі ниет пен амалдың қарымын еселеп, артығымен беруші)», – дейді («Фатыр» сүресі, 29 аят). Яғни Құранды оқыған және оған амал қылған адамның еңбегі еш кетпейді. Алла Тағала оның бұл амалына еселеген сауап жазатынын уәде етіп тұр.

Бұл ақиқатты ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай баяндайды: «Кімде-кім Алланың кітабынан бір әріп оқыса, оған он сауап жазылады» (Термизи). Ал басқа бір өсиетінде: «Кімде-кім Құранды оқыса және оған амал қылса, Қиямет күні ол адамның ата-анасына нұры күннің нұрынан да әдемі болған тәж кигізіледі. Ендеше, амал қылған адамның өзі жайлы не ойлайсыңдар?» – деген (Әбу Дәуіт). Демек Құранды оқып, оған амал қылған адамның өзіне бұдан да артық сый-сияпат көрсетіледі деген сөз.

Құран оқыған адам өзінің де, тыңдаушылардың да жанына рахат сыйлайды. Сондай-ақ өзін де, тыңдаушыларды да сауапқа кенелтеді. Бұл турасында Алла Тағала: «Құран оқылған кезде оған құлақ салып, үнсіз тыңдаңдар! Сол кезде Алланың рақымына бөленесіңдер», – деген («Ағраф» сүресі, 204-аят). Ал Құранды үйрену және оны басқаларға үйрету бізді ең жақсы адамдар қатарынан қылады. Себебі Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сендердің ең жақсыларың – Құранды үйренген және басқаларға үйреткендерің», – деп айтқан (Бұхари). Пайғамбарымыз тағы бір хадисінде: «Адамдар Алланың үйлерінің біріне жиналып, Алланың кітабын оқыса және бәрі бірге үйренсе, оларға тыныштық түседі (жүректерін тыныштық баурайды), оларды мейірім қаптап, жан-жағынан періштелер қоршап алады және Алла Тағала оларды періштелердің ішінде еске алады», – деген (Мүслим). Бұл хадистен Құранды көпшілікпен бірге оқып, Құранның үкімдерін көпшілікпен бірге үйренудің қаншалықты маңызды екенін байқаймыз.

Құран оқудың осындай артықшылықтары себепті үмбетіне деген махаббаты ерекше Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бізді Құран оқуға шақырып: «Бұл Құранды оқыңдар. Себебі ол Қиямет күні өз иелеріне (яғни Құранды лайықты түрде оқып, амал қылған кісілерге) шапағатшы болады», – деген (Мүслим).

Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзі де Құранды үнемі оқитын. Әсіресе түнгі намаздарында ұзақ сүрелерді оқуды жақсы көретін. Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларының бірі Хузәйфә ибн Иәмән (оған Алла разы болсын) мынадай риуаят жеткізген: «Бір күні түнде Пайғамбарымызбен бірге намаз оқыдым. Ол «Фатихадан» кейін «Бақара» сүресін оқи бастады. Мен жүз аят оқыған соң рукуғқа баратын шығар деп ойладым. Одан өтіп кетті. «Бақарамен» осы рәкағатты тәмамдайтын шығар деп ойладым. Одан да өтіп «Ниса» сүресін бастап кетті. Оны оқып бітті де, «Әли Имран» сүресін бастады. Соны оқып біткен соң барып рукуғқа барды» (Мүслим).

Сахабалардың да Құран оқуға деген махаббаты ерекше болған. Тіпті Абдулла ибн Амр (оған Алла разы болсын) есімді сахаба күн сайын ораза ұстап, түн сайын Құранды басынан бастап, соңына дейін толықтай оқып шыққан екен. Ол кісінің бұл әрекеті жайлы Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жеткізілгенде Алла елшісі оны шақырып алып, әр адамда жұбайының ақысы, тіпті өз денесінің ақысы бар екенін ескертіп, айына үш күн ораза ұстауын өсиет етеді. Ол одан да артық ораза ұстағысы келетінін айтқанда, күнара ораза ұстауға рұқсат берген. Сондай-ақ Құранды бір айда, ол болмаса 10 күнде, ең ұзағанда бір аптада бір рет толық оқуын, одан асырмауын өсиет қылған (Мүслим). Бұл риуаяттан аталған сахабаның ораза мен Құранға деген махаббатының күшті болғаны соншалықты, тіпті өзін ұмытып кететін дәрежеде болғанын, Алла елшісінің оған белгілі бір ережелерді түсіндіріп, қалыпқа салғанын көреміз.

Құран иманды күшейтеді. Бұл жайлы Құранда былай делінген: «Нағыз мүминдер – Алла еске алынса, жүрегі қобалжитын, оларға Алланың аяттары оқылса, иманы артып, Раббысына тәуекел қылатын (жандар)» («Әнфал» сүресі, 2-аят). 

Құран жанға тыныштық сыйлайды. Құранда бұл жайында: «Солар – иманға келгендер және Алланың еске салуымен (Құранмен) жүректері тыныштық тауып, орныққандар. Біліңдер! Жүректер Алланың еске салуымен (Құранмен) тыныштық тауып, орнығады» («Рағыд» сүресі, 28-аят) делінген.

Құран оқыған адам жаны мен тәніне шипа табады. Бұл жайлы Құранда былай делінген: «Ей, адамдар! Тәңірлеріңнен сендерге насихат, жүректеріңдегі дерттеріңе дауа, мұсылмандарға тура жол және жарылқау ретінде Құран келді» («Жүніс» сүресі, 57-аят), «Біз Құраннан имандылар үшін шипа және мейірім түсіреміз» («Исра» сүресі, 82-аят).

Құран қас дұшпаннан қорғайды. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл жайында былай деген: «Кім таңертең «Аятүл күрсіні» оқыса, кешке дейін шайтаннан қорғалады. Ал кім кешке оқыса, таңға дейін қорғалады» (Хаким); «Кім түнде (жатарда) «Бақара» сүресінің ең соңғы екі аятын оқитын болса, ол оған жеткілікті болады» (Бұхари, Мүслим).

Құран адамның дәрежесін көтереді. Бұл жайында Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Расында, Алла Тағала осы Кітаппен (амал еткен) қауымның (екі дүниеде де) мерейін өсіріп, ал (амал етпеген) қауымның дәрежесін түсіріп, қор қылады» (Мүслим) деген болатын. Құранды толық оқып біткен адамның дұғасы қабыл болады. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұған қатысты: «...Құран оқудың соңында жасалған дұға қабыл болады» (Әбу Дәуд) деген.

Құран өзін оқушыға кешірім тілейді. Бұл туралы Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Құран оқыңыздар! Расында, Қиямет күні ол өзін оқығанға шапағатшы ретінде келеді» (Муслим) деген. Құран оқыған адамға періштелер дұға жасайды. «Егер адам Құран оқуды түннің әуелгі бөлігінде аяқтаса, онда періштелер ол үшін таң атқанша дұға етеді. Егер ол Құран оқуды түннің ақырғы бөлігінде бітірсе, онда періштелер ол үшін кешке дейін дұға етеді» (Ахмад) делінген хадисте. 

Құран кісіні ең жақсы адамға айналдырады. Бұл жайлы Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сендердің ең жақсыларың – Құранды үйреніп, оны басқаға үйреткендерің» (Бұхари) деген болатын. Демек Алланың сөзін оқуды білсек, жиірек оқығанымыз жөн. Ал оқи білмесек, үйренуге ден қоюымыз керек.

 

Ерболат ЖҮСІПОВ,

Астана қаласының бас имамы

«Иман» журналы, №4, 2024 жыл

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру